«TURGYNDAR AMANATY» Тұрғындардың ұсынысы ескерілді

«AMANAT» партиясының «TURGYNDAR AMANATY» партиялық жобасы аясында Қызылорда қаласындағы Сәулет мөлтек ауданында мониторинг жұмыстары жүргізілді.

Іс-шараға партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова, партиялық бақылау комиссиясы мен Өңірлік даму жөніндегі кеңес мүшелері, жауапты басқарма және бөлім өкілдері, сондай-ақ пәтер иелері ассоциациясының Қызылорда қаласы бойынша төрайымы Илимжаухар Сартова қатысты.

Мониторинг барысында аталмыш шағын аудандағы «Центр-Айрис» ЖШС қызмет көрсететін тұрғын үйлердің жай-күйі, аулалардың тазалығы, коммуналдық қызмет сапасы және абаттандыру жұмыстары зерделенді. Сонымен қатар, тұрғындармен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.

Бүгінде Сәулет мөлтек ауданындағы 12 тұрғын үйде 700-ден астам халық тұрады. Аталған аумақ 2022 жылы «Үздік аула» номинациясымен марапатталған. Кездесу барысында тұрғындар «Центр-Айрис» ЖШС-нің жұмысына ризашылықтарын білдіріп, аумақтың тазалығы мен күтімі талапқа сай екенін жеткізді.

Сонымен бірге, тұрғындар балалар ойын алаңдарын күрделі жөндеуден өткізу және бос аумаққа жаңа ойын алаңын салу жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Партия өкілдері көтерілген мәселелер назарға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтты.

Жиын барысында сөз сөйлеген партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова жобаның негізгі мақсаты – халықпен тұрақты кері байланыс орнатып, тұрғындардың тұрмыс сапасына қатысты мәселелерді бірлесіп шешу екенін атап өтті.

«TURGYNDAR AMANATY» жобасы тұрғындарды толғандырған мәселелерді тікелей өз аулаларында талқылауға мүмкіндік береді. Біз үшін әр тұрғынның пікірі маңызды. Осындай мониторингтер арқылы нақты мәселелер анықталып, оларды шешу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіледі. Халықтың жайлы әрі қауіпсіз ортада өмір сүруіне жағдай жасау – партияның басты міндеттерінің бірі. Алдағы уақытта «Үздік аула», «Үздік МИБ», «Үздік ПИК» сынды байқаулар ұйымдастырылып, тұрғындардың белсенділігі мен аумақтардың тазалығы жан-жақты бағаланатын болады», – деді ол.

Шара қорытындысында тұрғындардың ұсыныстары назарға алынып, тиісті мекемелермен бірлескен жұмыстар жүргізілетіні мәлім болды.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы