Ақтөбе қаласындағы аулада баланың үстіне футбол қақпасы құлады, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Оқыс оқиға туралы мәлімет Instagram-дағы жергілікті aktobe_zello парақшасында жарияланды.
Хабарламада оқиға орнында түсірілген кадрлар қоса берілген. Кадрлардан дәрігерлердің балаға көмек көрсетіп жатқанын байқауға болады.
Олардың мәліметінше, оқиға 12-ықшамауданындағы 45-үйдің ауласында болған. Бір топ бала аулада футбол ойнап жүрген.
Тұрғындардың айтуынша, бұған дейін де қақпаның дұрыс бекітілмегені жайлы әкімдік пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне айтылған екен.
Оқиғаға қатысты Ақтөбе облысының Полиция департаменті түсініктеме берді.
– Бұл факт ҚР ҚК-нің 306-бабы бойынша тіркелді. Футбол алаңын салу және күтіп ұстау жұмыстарына қатысты мән-жай Ақтөбе әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі арқылы анықталып жатыр", – деп мәлімдеді ведомство.