Астанада ақша дауы күтпеген жерден ауыр қылмысқа ұласты. Алты азамат адам ұрлағаны үшін сотталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Елорда прокуратурасының мәліметінше, қылмыс 2024 жылдың желтоқсан айында болған.
Сот анықтағандай, топ мүшелерінің бірі жәбірленушіден орындалмаған қызмет үшін ақша талап еткен. Жанжал барысында ол күш қолданып, жәбірленушіні 80 мың теңгені өз шотына аударуға мәжбүрлеген. Кейін қаскөйлер алдын ала сөз байласу арқылы жәбірленушіні Астана қаласының аумағында күштеп әкеткен.
Тергеу деректеріне сәйкес, қылмыс күш қолдану арқылы және пайдакүнемдік мақсатта жасалған. Қылмыстық іс Астананың ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында қаралды. Мемлекеттік айыптауды Сарыарқа ауданының прокуратурасы қолдады. Сот талқылауы барысында сотталушылардың кінәсі толық дәлелденді.
Сот үкімімен бес айыпталушы адам ұрлағаны үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал тағы бір айыпталушы адам ұрлауға жәрдемдескені және өз бетінше билік жүргізгені үшін 7 жыл 6 ай мерзімге сотталды.