Еліміздің шекарасына енген сәттен Астана әуежайына қонғанға дейін Ресей Президентінің бортына Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің ұшақтары қапталдаса ұшты. Ұшақ трапының алдында Құрмет қарауылы ротасы сап түзеді.
Владимир Путин мен ресми делегация мүшелеріне екі елдің жалаушаларын ұстаған балалар, Махамбет Өтемісов атындағы Оқушылар сарайының барабаншылары қошемет көрсетті. Одан кейін Қазақстан мен Ресей туларын желбіреткен тікұшақтар алаң үстімен ұшып өтті.
Әуежай терминалында әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының домбырашылар ансамблі және сырнайшы, халықаралық конкурстардың лауреаты Радмир Хайбуллин Ресей мемлекеті басшысының құрметіне Құрманғазы күйлері мен орыс халық әуендерінен попурри орындады.
Алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин шағын құрамда келіссөз жүргізді.
Тәуелсіздік сарайында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинді салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.
Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Салтанатты рәсім аяқталған соң президенттер келіссөз жүргізді.
Қазақстан Президенті Ресей басшысына ілтипат білдіріп, елімізге мемлекеттік сапармен келгеніне қуанышты екенін айтты.
– Бұл сапардың елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды дамыту тұрғысынан мәні зор. Сонымен қатар Еуразия құрлығындағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде де айрықша мәнге ие деп ойлаймын. Өйткені біздің елдеріміз алып Еуразия кеңістігінің өзегі саналады. Осы орайда екі мәселені ерекше атап өткім келеді. Біріншісі – елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастардың жеті негізі туралы бірлескен мәлімдеме. Жеті – қасиетті сан. Құжат өте мазмұнды. Бұл жөнінде баспасөз конференциясында толығырақ айтамын. Оны өзім қарап, түзетулер енгіздім. Аталған мәлімдеме екі ел жылнамасына маңызды оқиға ретінде енеді деп сенемін. Екіншісі, Қазақстанда атом электр станциясының құрылысына қатысты келісімге қол қою. Осы жобаға қолдау көрсеткеніңіз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. АЭС құрылысы туралы келісімнің стратегиялық мәні жөнінде айта беру артық. Бұл бәріне түсінікті. Біз достас, бауырлас елдерміз. Ортақ бай тарихымыз бар, мәдени дәстүрлеріміз бен халықтарымыздың менталитеті бір-біріне ұқсас. Кешегі бейресми кездесуде ол жөнінде егжей-тегжейлі айтып, өткенді еске алдық. Ресей үшін де мұның мәні ерекше деп ойлаймын. Біз халықтарымыздың түпкілікті мүддесіне сай жұмыс істейміз. Азаматтарымыз мемлекеттеріміздің достығы мен ынтымағы сақталғанын қалайды. Одан әрі өркендеу үшін баршамызға бейбітшілік қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін алғыс айтты.
– Былтыр бізге мемлекеттік сапармен келгеніңізге қуандық. Сол кезде ғасырлар бойы, соның ішінде бір мемлекет аясында қалыптасқан халықтарымыз арасындағы берік достық пен өзара құрметке негізделген стратегиялық серіктестігімізді кеңейту бағытында тағы да алға қарай қадам жасадық. Бүгін де жемісті жұмыс атқарамыз деп ойлаймын. Бейресми сипатта өткен кешегі кездесу үшін ризашылығымды білдіремін. Өзара ықпалдастығымыздың көптеген маңызды әрі перспективалы бағыты бойынша пікір алмастық. Делегациямыз еліңізге мереке қарсаңында келіп отыр. Ресей мұсылмандары Құрбан айт мерекесін атап өтеді. Қазақстанда да бұл мейрам кеңінен тойланатынын білемін, – деді Владимир Путин.
Экономикалық қатынастардың мәні зор
Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин келіссөздерді ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғастырды.
Мемлекет басшысы Ресей Президентінің Қазақстанға жасаған сапары жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық рухындағы қарым-қатынастардың ерекше сипатын көрсететінін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, әлемдегі күрделі ахуалға қарамастан, екіжақты ықпалдастық, әсіресе, экономика саласында табысты өрбіп келеді. Өңіраралық ынтымақтастық форумдарын өткізу дәстүрге айналды.
– Ресей Қазақстан экономикасына қаржы құйған елдердің арасындағы ең ірі инвестор саналады. Қазақстанның Ресей экономикасына салған қаржысы 9 миллиард доллардан асты. Бұл – өте жақсы көрсеткіш, екі ел президенттерінің әкімшіліктері мен үкіметтерінің бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі. Осы қарқынды ары қарай жалғастыруға уағдаластық. Бүгінде инвестицияның жалпы көлемі 53 миллиард доллар болатын 177 бірлескен жобаның пулы жасақталды, оның ішінде 122-сі іске асырылды, яғни, операциялық кезеңге өтті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық айрықша назар аударуға лайық. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің көпжақты алаңдар аясындағы ықпалдастығына мән берді.
– Екі ел «Орталық Азия – Ресей» форматында жемісті жұмыс атқарып жатқанына айрықша тоқталғым келеді. Аталған форматты бүкіл әлем Орталық Азияға назарын тігіп отырған уақытта күшейте түсуіміз қажет деп ойлаймын. Сапар қарсаңында жарияланған мақалаңыз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. Өте қызықты әрі мазмұнды мақала біздің қоғам тарапынан оң бағаға ие болды. Біз елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды нығайту бағытында әрі қарай жұмыс атқара береміз, – деді Президент.
Владимир Путин теңқұқылы және өзара құрметке негізделген Ресей мен Қазақстанның қарым-қатынасы қарқынды дамып келе жатқанын жеткізді.
– Былтыр Мәскеуге мемлекеттік сапарыңыз барысында жасаған бірлескен мәлімдемеде байланыстарымыз жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне көтерілгенін атап өттік. Бұл шын мәнінде солай. Біз барлық бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ресей және Қазақстан халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің жеті негізі жайында маңызды бірлескен мәлімдеме қабылдаймыз. Сонымен қатар көптеген үкіметаралық, ведомствоаралық және коммерциялық келісімдер дайындалды. Бұл құжаттар экономика мен энергетикадан бастап, мәдени-гуманитарлық қатынастарға дейінгі ынтымақтастықтың барлық саласын қамтиды. Мұның бәрі өзара ықпалдастығымыздың іргесін нығайтуға септігін тигізетініне сенімдімін. 70 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл – ауқымды жұмыстың бастауы ғана. Өзара ынтымақтастығымыздың жақсы нәтижеге қол жеткізетін перспективалы бағыттары байқалады, – деді Ресей Президенті.
Бұдан бөлек, кездесуде өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту және өндіріс, энергетика, көлік-логистика, агроөнеркәсіп кешені, цифрландыру салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективасы талқыланды.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент Владимир Путин жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайту мақсатында Қазақстан және Ресей халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің жеті негізі туралы Бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Ымыралы ынтымақтастық
Екіжақты келіссөздерден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында бірлескен мәлімдеме жасады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президентінің мемлекеттік сапарын екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастарын дамытудағы маңызды оқиға ретінде қарастыратынын атап өтті.
– Ең алдымен, кездесуіміздің қарсаңында жарияланған мазмұнды мақаласы үшін Ресей Президентіне алғыс айтамын. Бұл материалды халқымыз ықыласпен оқыды. Өйткені мақалада тату көршілік пен өзара құрметке негізделген ынтымақтастықты табысты ілгерілету үшін маңызы зор нақты деректер мен пайымдар көрініс тапқан. Бүкіл еуразиялық кеңістіктегі тұрақтылық пен өркендеуге ортақ жауапкершілік арқалау Қазақстан-Ресей ықпалдастығының негізгі мәні деген пікірмен келіспеске болмайды. Қазақстан тарапына айтылған жылы лебіздер мен елімізде жүргізіліп жатқан реформаларға берілген жоғары баға үшін шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президентінің айтуынша, бұл сапар екіжақты ынтымақтастық аясындағы сапалы өзгерістерді айқын көрсетті.
– Мұны мынадай объективті көрсеткіштерден аңғарамыз: сауда-саттық көлемі 30 миллиард долларлық межеге жетеді деп болжанып отыр, ал экономикамызға құйған инвестиция бойынша Ресей басқа елдер арасында бірінші орынға шықты. Экономикалық ынтымақтастық аясындағы бастамалар тізіміне 177 перспективті жоба кірді, оның 122-сі операциялық циклге өтті, яғни, іске асырылды. Қазақстан Ресеймен мәңгі достықты және стратегиялық серіктестікті жоғары бағалайды. Біз Ресейді әрдайым Еуразиядағы тарихы бай әрі даму әлеуеті зор мемлекет деп санаймыз. Қазірдің өзінде санкциялар салдарынан туындаған қиындыққа қарамастан, Ресей экономикасы сатып алу қабілетінің паритеті бойынша әлемде – төртінші орынға, ал Еуропада бірінші орынға шықты. Мұны ірі халықаралық қаржы институттарының мәліметтері растайды. Былтыр Ресейдің номиналды ішкі жалпы өнімі 2,5 триллион доллардан асты. Бұл – керемет нәтиже, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты ынтымақтастықтың бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге жетуіне Ресей Президенті Владимир Путин зор үлес қосқанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, келіссөздер делегация мүшелерінің қатысуымен іскерлік және конструктивті сипатта өтті. Тараптар күн тәртібіндегі барлық мәселе бойынша нәтижелі пікір алмасты. Еуразиядағы қауіпсіздікке баса назар аударылды.
– Сауда-экономикалық байланыстардың орнықтылығы, кәсіпкерлердің белсенділігі екі ел экономикасының негізгі салаларындағы өсімді қамтамасыз етіп отыр. Соңғы бес жылда тек агроөнеркәсіп саласындағы екіжақты сауда-саттық көлемі 1 миллиард долларға ұлғайды. Инвестициялық ынтымақтастық қарқынды түрде дамып келеді. Осыған дейін айтылғандай, Ресей Қазақстан экономикасына құйған тікелей инвестиция бойынша көш бастап тұр. Жалпы инвестиция көлемі 29 миллиард доллардан асты. Ал Қазақстанның Ресей экономикасына салған инвестициясы 9 миллиард долларға жетті. Бұл да жақсы көрсеткіш. Қазақстанда ресейліктердің үлесі бар 20 мыңнан аса компания табысты жұмыс істейді. Биыл 20 тамызда өтетін Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы сауда-экономикалық, инвестициялық салалардағы әріптестік әлеуетін арттыруға тың серпін беретініне сенімдіміз, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым Жомарт Тоқаевтың пікірінше, энергетиканы ынтымақтастықтың аса табысты бағыты ретінде қарастыруға толық негіз бар.
– Менің ойымша, бүгін қол қойылған «Балқаш» атом электр станциясын салуға қатысты келісімдердің стратегиялық маңызы зор. Осы ауқымды жобаны батыл қолдағаны үшін Ресей Федерациясының Президентіне ризашылығымды жеткіземін. Бұл бастама ғылым-білім, технология салаларындағы ықпалдастықты ілгерілетіп, энергетика мен индустрияға қатысты аралас бағыттардың дамуын қамтамасыз етеді. Қазақстан мен Ресей үшін энергия ресурстарын және электр энергиясын өндіру, тасымалдау, ішкі әрі сыртқы нарықтарға жеткізу мәселелерін табысты шешудің мәні зор. Еуразиядағы көлік байланысы көбіне біздің елдерімізге тәуелді. Қазақстан мен Ресей Солтүстік – Оңтүстік, Шығыс – Батыс құрлықаралық дәліздерін дамыту жолында жемісті жұмыс атқарып жатыр. Тарифтерді оңтайландыру, әкімшілік рәсімдерді қысқарту, шекара маңындағы және басқа да инфрақұрылымды жаңғырту үшін жүйелі шаралар қабылданғаны қуантады. Соның нәтижесінде жүк тасымалы тұрақты түрде артып келеді, былтырғы қорытынды бойынша 92 миллион тоннаға жетті. Бұл шамамен 3,4 пайыз өсімді құрайды. Аталған көрсеткіштерді ұлғайту жоспарланған. Ол үшін озық цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын енгіземіз. Ғарыш саласындағы ынтымақтастықтың келешегі зор. «Байқоңыр» космодромы көп жылдан бері жемісті ғылыми-техникалық серіктестігіміздің символы ретінде қызмет етіп келеді. «Бәйтерек» бірлескен жобасының жүзеге асырылуы, соның ішінде жақында «Сұңқар/Cоюз-5» жаңа зымыран тасығышының сәтті ұшырылуы ғарыш қызметін ұсынатын халықаралық нарықтағы елдеріміздің позициясын нығайтуға жол ашады, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президентінің мемлекеттік сапары табысты өткенін жеткізіп, екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастарының жылнамасына енетініне сенім білдірді.
Ресей Президенті келіссөздердің іскерлік және конструктивті сипаты екі елдің достық және тату көршілік қарым-қатынасына сай келетінін айтты.
Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путинге екі елдің бірқатар сауда-экономикалық жобалары таныстырылды.
Бүгінде елімізде 3,5 мың бірлескен кәсіпорын және ресейлік капиталы бар 17 мыңнан аса компания жұмыс істейді. Қазақстан мен Ресей өнеркәсіп кооперациясының портфелі жалпы құны 52,7 миллиард долларды құрайтын 177 бірлескен жобадан тұрады. Осы арқылы 60 мыңнан аса жұмыс орны ашылмақ.
Осыдан кейін Қазақстан мен Ресей басшыларына «Астана – Мәскеу» жүргізушісіз жүк көлігі автобағытының іске қосылуы көрсетілді. Өз кезегінде Қазақстан мен Ресей президенттеріне Амур жолбарыстарын жерсіндіру жобасы таныстырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путинге көрсетілген бейнероликте төрт Амур жолбарысын «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты аумағына жіберу сәті таспаланған. Бұл бастама Қазақстандағы жолбарыстар популяциясын қалпына келтіруге және әлемдегі биоалуантүрлілікті сақтауға зор үлес қосады.
Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин онлайн-форматта «Қазақстан – Сириус» халықаралық білім беру инфрақұрылымының капсуласын салу рәсіміне қатысты.
Осыдан соң Қазақстан мен Ресейдің Мәңгілік достық аллеясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин емен ағашын екті. Бұл рәсім екі мемлекет арасындағы өзара құрметтің, берік достық пен көпқырлы ынтымақтастықтың белгісін сипаттайды.
Бұдан кейін ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшылары Еуразия экономикалық форумы аясындағы көрмені тамашалады. Форумда Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан президенттері мен делегация жетекшілерінің назарына озық технологиялық және цифрлық шешімдер көрмесі, сондай-ақ Халықаралық Alem.АІ жасанды интеллект орталығының мүмкіндіктері ұсынылды.