Жасанды интеллект – жасампаздық жолы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаһандық цифрлық бәсекедегі ЕАЭО: жасанды интеллектіге ба­­­­­сым­­дық беру» атты V Еуразиялық экономи­калық форум­ның пле­нарлық сессиясына қатысып, сөз сөйледі.

– Құрметті форум қатысушылары! Ең алдымен, осы өте маңызды іс-шараға қатысқаны үшін Еуразия экономикалық одағына мүше мемлекеттердің басшыларына, байқаушы елдердің көшбасшыларына және барша қонақтарға шынайы ризашылығымды білдіремін.

Еуразия экономикалық форумы еура­зиялық интеграцияны дамытудың өзекті мәселелері бойынша кәсіби әрі нәтижелі диалогтың тиімді алаңы ретінде кеңінен танылған. Бүгін ортаға салған идеялар, бастамалар мен ұсыныстар Интеграция­лық одақ аясындағы өзара тиімді ынты­мақ­тастыққа тың серпін беретініне се­нім­­дімін. ЕАЭО – жай ғана өңірлік интеграциялық бірлестік емес, жаһандық экономиканың маңызды субъектісі еке­нін түсінген жөн. Бұрын-соңды болмаған геосаяси дүрбелеңдер кезінде мемле­кеттеріміз үйлесімді іс-қимыл арқылы экономикаларының орнықты дамуын, әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ете алды. Қазір біздің алды­мызда Еуразия экономикалық одағының әлеуетін одан әрі арттырып, қарқынды дамыту жөнінде стратегиялық маңызды міндет тұр, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, дүниежүзілік шаруа­шылық байланыс­тарының бағ­дары жаппай өзгеріп жатқан ке­зеңде теріс сипаттағы жаһандық үр­дістерге төтеп беру үшін одақ елдері күш-жігерін жұмылдыру керек. 

– Әлемдік нарықтағы ахуал күрделі, тіпті көп жағдайда бол­жап біле алмайсыз. Өзімізге етене таныс экономикалық сы­нақ­тарға қоса, цифрлық салада ауқымды өзгерістер болып жатыр. Бұл көп ұзамай «ойын ережесін» толық­тай жаңартады. Осыған орай, бү­гінгі форум тақырыбының өзек­тілігі арта түсті. Жасанды ин­­теллект технологияларының көз ілеспес жыл­дам­дықпен дамуы жаһандық экономикаға ық­­пал ететін іргелі факторға ай­налып үлгергенін көріп отырмыз.

Халықаралық сарапшылар, мәселен, Goldman Sachs алдағы он жыл ішінде жасанды интел­лектіні қолдану әсерінен әлемдік жалпы ішкі өнімнің өсімі 7 трил­лион долларға жақындауы мүм­кін деп пайымдайды. Бұл жаңа технологиялық қалыптың тү­зілуіне алып келеді. Соның сал­дарынан экономиканың барлық сек­торындағы еңбек нарығының құрылымы түбегейлі өзгереді. Мәселен, Халық­ара­лық валюта қорының бағалауынша, ал­дағы жыл­дары жасанды интеллект тех­но­ло­гия­сының енгізілуіне қа­рай дү­ние­жүзіндегі жұ­мыс орын­дары 40 пайызға дейін қыс­қаруы мүмкін. Демек, шартараптағы жүз­деген миллион адам білімін жетілдіріп, жаңа дағдыларды мең­геруге тиіс. Әлеуетті мемле­кеттер ауқымы жағынан белгісіз міндеттермен бетпе-бет келіп, ұлттық бі­лім беру жүйесін түбе­гейлі өзгертуге мә­ж­бүр болады. Цифрлық тех­ноло­гия­лар­ды қар­қынды экономикалық және қо­ғамдық даму тетігіне айналдыра аламыз ба? Бұл – ең басты мәселе.

Аз да болса амбициясы бар елдердің ке­лешегі аталған мәселені қаншалықты табысты шешуіне тікелей байланысты десек, артық айтқандық емес. Дәл осы себепті Қазақстан Еуразиялық эко­но­микалық одақ органдарына төрағалық ет­кен жылы Одақ аясында елдеріміздің бә­секеге қабілеттілігін арттыру үшін жа­сан­ды интеллект технологияларын «төрт еркіндік» қағидатының құралы ретінде нақты қолдануды ұсынды, – деді Мем­ле­кет басшысы. 

Президенттің айтуынша, Қазақстан «ақылды» платформаларды мемлекеттік басқару жүйесі мен экономиканың негізгі секторларына табысты енгізуде. 

– Былтыр халыққа Жолдауымда Қа­зақ­станды цифрлық елге айналдыру жөнінде міндет жүктедім. Бұл жұмысқа жүйелі сипат беру үшін биыл, яғни 2026 жыл елімізде Жасанды интеллект және цифрлық даму жылы болып жарияланды. Болашақтың бағдарын айқындай оты­рып, біз азаматтардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігіне баса мән береміз.

Қазақстанның жаңа Конституция­сын­да алғаш рет дербес мәліметтерді қор­ғау құқығы бекітілді, соның ішінде цифрлық технологияларды қолдана оты­рып, деректерді заңсыз жинауға, өңдеуге, пайдалануға тыйым салынды. Мұны, шын мәнінде, өте маңызды конституция­лық міндет деп санаймыз. Институцио­нал­дық негізді нығайтып, инновацияны ке­шенді түрде енгізу мақсатында Жасан­ды интеллект және цифрлық даму ми­нистр­лігі құрылды. Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңесті құру да пайдалы ша­раның бірі болды. Аталған консуль­татив­тік орган құрамы жетекші шетелдік жә­не отандық сарапшылардан, бизнес пен мемлекеттік мекемелердің өкілдері­нен жасақталды.

Бұдан бөлек, біз барлық қажетті инф­рақұрылымды жедел дамытуды қолға ал­дық. Қазақстан өңірімізде бірінші бо­лып, осы саладағы әлемдік көшбасшы са­налатын NVIDIA компаниясының озық технологиялары негізінде екі супер­ком­пьютерді іске қосты. «Деректерді өң­деу орталықтарының алқабын» құру басты міндет ретінде жарияланды. Бұл ауқымды жоба жаһандық капитал мен әлемдік технологиялық алпауыттар үшін тартымды ортаға айналды, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақ­стан­ның ада­ми капиталға қомақты қар­жы құйып жатқанын жеткізді. Халық­аралық Alem.ai орталығы жанынан Tumo және Tomorrow school жаңа буын мектептері, сондай-ақ әлемге белгілі бірқатар компанияның (Telegram, Presight) зерт­ханалары ашыл­ды. 

– Екі апта бұрын «Қазақстан Рес­пуб­ли­касының орта білім беру жүйесіне жа­сан­­ды интеллектіні ендіру жөніндегі ша­ралар туралы» Жарлыққа қол қойдым. Мақсатымыз – дербес білім беруге ден қоя отырып, педагогтарды біліктілігін арт­тыру, инфрақұрылым мен оқу стан­дарттарын дамыту.

Қазақстан жедел цифрлық транс­фор­мацияны сапалы түрде жүргізу үшін ЕАЭО мемлекеттерімен серік­тестікке жә­не ынтымақтастыққа ашық. Менің ойымша, жаңа технологияларды, әсіресе жасанды интеллектіні сауда және логис­тика саласына белсенді енгізу аса маңыз­ды. Кедендік рәсімдерді жеделдету мақ­сатында ұлттық цифрлық жүйелердің бай­ланысын күшейткен жөн. Бұл нақты уақыт режимінде барлық құжатты тез өңдеуге, кедергілерді анықтауға және жүк ағындарын болжауға мүмкіндік береді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, электрондық цифрлық қолтаңбаны өзара тану бизнес шығындарын айтарлықтай азайтып, ЕАЭО кеңістігіндегі алыс-берісті арттыруға көмектеседі. Өнеркәсіп кооперациясын кеңейтуде жасанды интеллектінің сараптамалық әлеуетін пайдаланудың практикалық маңызы зор. 

– Елдеріміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту үшін агроөнеркәсіп кешеніне интеллектуалды жүйелерді енгізуге ба­сым­дық беру қажет. Жаңа техно­ло­гияларды белсенді әрі жан-жақты қол­дану ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер эко­номикасының қарқынды дамуына сеп­тігін тигізетін аса маңызды фактор деп санаймын.

Сонымен қатар жаңа технологиялар Еуразиялық экономикалық одақ мүше­лері арасындағы «цифрлық алшақтыққа» себеп болмауы керек. Керісінше, ол елдеріміздің экономикаларын байла­ныстырып, ынтымақтастықтың қуатты құралына айналуға тиіс. Бүгін біз 2025 жылдың желтоқсанындағы менің ұсы­нысыма сәйкес, Жасанды интеллектіні жауапкершілікпен дамыту жөніндегі бірлескен мәлімдемені қабылдаймыз. Атал­ған құжаттың басты мақсаты – Одақ­қа мүше елдердің экономиканың негізгі секторларын цифрландыруға қатысты ортақ ұстанымын қалыптастыру және бір-бірінің мүддесін ескере отырып, жасанды интеллект технологияларын қауіпсіз енгізуді қамтамасыз ету.

Орайлы сәтті пайдаланып, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшыларына осы маңыз­ды құжатты әзірлеуге және қабыл­дауға қолдау көрсеткені үшін риза­шы­лығымды білдіремін. Жаңа техно­логиялық және экономикалық қалып негізінде қайта құрылып жатқан әлемдік тәртіптің қазіргі кезеңі елдерімізге біре­гей мүмкіндіктер ұсынып отыр. Келе­шектегі позициямызды нығайту үшін оны ұтымды қолданған жөн. Біз осы та­рихи мүмкіндікті мүлт жібермей, барын­ша пайдалануға міндеттіміз, – деп түйін­деді Мемлекет басшысы.