Мәжіліс Спикері Бюро отырысында жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасын нақтылады

Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен Бюро отырысында алдағы жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасы нақтыланды.

Бірінші оқылымда депутаттар бастамашы болған «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын, сондай-ақ оның «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заң мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін ілеспе түзетулерді қарау ұсынылады. Құжаттар Мемлекет басшысының биылғы жылғы 17 наурызда жаңа Конституция­ның қабылдануына орай кешенді қылмыстық және әкімшілік рақымшылық жасау туралы тапсырмасын орындау үшін әзірленді. Заң жобалары қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге, сондай-ақ әкімшілік әділет шеңберінде халық­тың борыштық жүктемесін азайтуға бағытталған. Бұл ретте қылмыстық рақымшылық жасау әре­кетін қолданбау ұсынылатын қылмыс­тардың тізбесі айқындалды. Рақымшылық жасау туралы түпкілікті шешімді сот әрбір сотталған адамға қатысты жеке қабылдайды.

Бұдан бөлек, депутаттар селекция және асыл­дандыру жұмыстарын жетілдіруге, ара­ларды қорғау мен көбейту үшін жағдай жасауға, сондай-ақ ара шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыруға бағытталған ара шаруа­шылығы мәселелері жөніндегі заң жобасын талқылайды.

Салалық комитет қорытынды дайындау үшін Қазақстан мен Өзбекстан Үкіметтері арасындағы екі елдің кеден қызметі өкіл­дік­терін ашу туралы келісімді жұмысқа қабыл­дайды.