Әдебиет пен ұлттық болмыс – егіз ұғым

Биыл сексеннің сеңгіріне шыққан филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлы туралы әңгімелегенде студент шағынан ғылым жолына нық қадам жасаған ғалым өмірінің алпыс жылдан астамы әдебиет мәселесіне арналып келе жатқанын атап көрсеткеніміз жөн.

Атап айтқанда, әл-Фараби атын­дағы Қазақ Ұлттық универ­ситетінің филология факультетін (1969), одан соң Қазақ ССР Ғылым академиясы М.Әуезов атында­ғы Әдебиет және өнер институтының аспирантурасын бітіріп (1974), Ұлт­тық Ғылым академиясы М.Әуе­зов атындағы Әдебиет және өнер институтында кіші ғылыми қызметкер (1975-1977), әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универ­ситетінің журналистика, филоло­гия факультеттерінде аға оқыту­шы, доцент, профессор, кафедра мең­герушісі (1977-2000), Л.Гу­ми­лев атындағы Еуразия универ­си­тетінде профессор (2000-2004), С.Демирел атындағы универ­си­тет­тің проректоры, ректор кеңесшісі (2004-2020), ал 2020-жылдың қыр­күйек айынан күні бүгінге дейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Абай ілімі инсти­ту­ты­ның жетекші ғылыми қызмет­кері бола жүріп, ондаған жыл бойы осы саланың отымен кіріп, күлімен шығып келе жатқан үлкен ғалым екенін айтуымыз керек.

Осы тұрғыдан Дандекеңнің бүкіл ғұмырын әдебиетпен өрілген өмір деп атауға да болатындай. Өйткені осы жылдар ішінде ғалым­ның 40-қа таяу кітабы, 900-ден астам мақаласы баспа бетін көрсе, соның бәрі ардың ісі – әдебиет мәселесін қозғайды. 

Ғалым өз еңбектерін, негізінен, қазақ әдеби сынының теориясы мен тарихына, XX ғасырдағы қазақ әдебиетінің проблемаларына ар­найды. Мысал үшін айтсақ, «Әдеби көркем сын» (1987), «Сын шын болсын» (1993), «Сын жанрлары» (1999), «Сын өнері» (2001) сияқты еңбектердің тақырыптарынан кө­ріп отырғанымыздай, бұлар да әде­би сынның теориялық мәселе­лері қазақ әдебиеттануында алғаш рет арнайы зерттеліп, жеке ғылым саласы ретінде көрінеді. 

Ал «Сынсонар» (1993), «Сын сымбаты» (2000), «Сынталқы» (2005), екі томдық «Қазақ әдеби сы­нының тарихы» (2011), «Әдеби сынның тарихы» (2012) атты іргелі зерттеу еңбектерінде автор қазақ әдеби сынының сан ғасырлық жү­ріп өткен жолдарын, даму пробле­маларын ғылыми тұрғыдан талдай­ды. Бұл орайда автордың, әсіресе «Әдеби сынның тарихы» атты 50 баспа табақтан тұратын іргелі ғы­лыми еңбегін ерекше атап өткен жөн. Мұнда автор көне дәуірдегі әде­би сыннан бастап, қазақ әде­бие­тіндегі бүгінгі әдеби сынға де­йін­гі аралықты тарау-тарауға бө­ліп, кеңінен қарастырып, арғы-бергі әдеби үрдістерге шолу жасап, тұ­шым­ды ойлар, соны пікірлер айтады. 

Әдеби сынды тыңғылықты зерттеп, бұл бағытта өзіндік мектеп қалыптастырған ғалым қазақ әде­биетінің, оның сынының көрнекті өкілдері төңірегінде ой толғап, бір­неше кітап жазды. Бұл еңбек­те­рінде сыншы ХІХ ғасырда өмір сүр­ген көрнекті қазақ ақыны Шор­­танбай жырларындағы әлеу­меттік са­­рын­ды, ұлы Абайдың аударма­ла­рын, қазақ әдебиетінің аспанында жа­рық жұлдыздай жарқыраған жас Сұлтанмахмұт Торайғыровтың әдеби ой-тол­ғамдарын, қазақтың ХХ ғасырдағы ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев шы­ғармашылығын тану­дың бүгінгі мәселелерін, қазақ әде­биетінің клас­сигі Жүсіпбек Ай­мауытовтың жа­зушылық шебер­лігін, ұлы Мұх­тар Әуезовтің қазақ әдебиетінің орыс әдебиетімен бай­ланысы ту­ралы ой орамдарын, тіл туралы толғаныстарын, әдебие­тіміздің алыбы Ғабит Мүсіреповтің ана тілі жөніндегі пікірлерін ой сарабына салып талдайды, олардың қазақ руханиятына қосқан өлшеусіз үлесі төңірегінде тиянақты ойлар өрбітеді. 

Профессор Д.Ысқақұлының жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері М.Жұмабаев туралы «Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған» (2004), М.Әуезов туралы «М.Әуезов. Талант пен тағдыр» (1997), С.Мұқанов туралы «Парасат пайымдары» (2000), Ғ.Мү­сірепов туралы «Сырбаз су­реткер» (2002) атты жеке еңбектер жазып, оқырманды аталған әде­биет алыптарының шығармашы­лық зертханасымен таныстыруда айтарлықтай еңбек сіңіргенінен хабардар ете кеткеніміз жөн.

Дандай Ысқақұлы – қазақ әде­биетіне қатысты ұжымдық жи­нақ­тарға арнап бірталай туындылар жазған ғалым. Атап айтқанда, он екі томдық «Қазақ Совет Энци­клопе­диясы» (II-XII томдар), төрт томдық «Қазақ ССР. Қысқаша Энци­клопедия» (IV том), «Қа­зақстан. Ұлттық энциклопедия» (I-VI том­дар), Мәскеуде шыққан тоғыз том­дық «Қысқаша әдеби энцик­ло­педия» (орыс тілінде, IX том), «Түр­кістан», «Қазақ әде­бие­ті», «Абай», «Мәшһүр Жүсіп Кө­пей­ұлы», «Сұлтанмахмұт Торай­ғыров» энциклопедиялары, ака­де­миялық «Стиль сыры» (1977), «Дәстүр және жаңашылдық» (1980), «Көкейкесті әдебиеттану» (2001, 2002, 2004), «Қазақ әдебиеті тарихының қыс­қаша курсы» (2002), «Әдебиет тео­риясы» (2003), көптомдық «Қазақ әдебиетінің тарихы» (VII том, 2004; XI том, 2007), екі томдық «Қазақ әдебиет­тану ғылымының тарихы» (2008), «Қазақтың жүз романы» сияқ­ты және басқа да іргелі ең­бек­тердің жарық көруіне атсалысты. 

Көріп отырғанымыздай, көр­некті әдебиетшінің шығарма­шы­лығына жасалған қысқаша шо­лудың өзінен ғалымның әдеби сын жанрын дамытуда бітірген толағай тірліктерін аңғаруға болады. Мұ­нан бөлек, біз ғалымның халқы­мыздың рухани өміріне қатысты салаға қалам сілтеуде де тың ойлар мен соны тұжырымдар айтып келе жатқанын атап өтуге тиіспіз. Со­ның ішінде бұрын да, бүгінгі күні де күн тәртібінен түспей келе жат­қан қазақ тілі мәселесіне қатысты автордың жан дүниесінен қайнап шыққан ойларына құлақ қоймау мүмкін емес.

Автор жұрт сияқты бірді-екілі мақала жазумен шектелмей, тіл мәселесін, түркі дүниесін тұтастан­дыру мәселесін түбірімен қопарып, әрқайсысы 28, 20, 8 баспа табақтан тұратын 3 кітап жазып шықты. 2014, 2015 жылдары жарық көрген бұл іргелі еңбектер «Мәңгілік май­дан немесе тілдер тоғысындағы түр­кі әлемі», «Түркілік ортақ тер­мин негіздері» «Рухани толғамдар» деп аталады. Ғалымның бұл ең­бектеріне қойылған тақырыптар­дың өзі әңгіменің бүгінгі күннің өзекті мәселесі төңірегінде өрби­тінін айғақтап тұрғандай әсер қалдырады. 

Мысал үшін кітаптардағы кейбір тақырыптардың атауларына назар аударайық: «Тіл – ұлттың болашаққа бастар бағдар туы», «Ұлттың ұлы қазынасы», «Ұлттық идеология қажет», «Руханияттың өркениеттегі орны», «Қазақтың ғылымын қазақтан артық ешкім білмейді», «Ұлттық топырақтан нәр алмаған көркем әдебиеттің болашағы жоқ», «Тіл жағдайы жақсармай, ұлт оңалмайды», «Тер­мин туралы түсінік», «Қазақ тер­минологиясының даму жолда­ры», «Қазіргі қазақ терминологиясы», «Қазақ әдебиеттану терминдерінің жай-күйі», «Халықаралық термин­дер хақында», «Терминологияны түркілік негізде біріздендіру», «Жаһандану дәуірінің өзіндік ерекшеліктері», «Әлемнің тілдік бейнесі», «Жаһандану дәуіріндегі түркі әлемі», «Мың өліп, мың тірілген» қазақ тілі», «Тәуелсіздік тұсындағы қазақ тілі», «Мақсат – түркілік бірлік», «Ортақ тіл – өмір талабы», «Ортақ әліпби мәселесі». 

Автордың осы туындыларында түркі тектес халықтардың бүгінгі жаһандану заманындағы рухани тіршілігі негізгі әңгіме арқауына айналумен бірге, қазақ тілі мәсе­ле­сі үнемі алдыңғы кезекке шығып оты­рады. Бұл заңды да. Өйткені ға­лымның өз сөзімен айтқанда: «Тіл дегеніміз – тұтас бір әлем. Тіл – адамдардың арасындағы қарым-қатынас құралы ғана емес, сонымен бірге сол халықтың ғасырлар бойғы даму барысында жинақтаған өмір, қоғам, табиғат жайлы білім-ғылымдарының жиын­тығы, адамзат қоғамының бір бөлшегі ретіндегі өздері, бас­қалар туралы мағлұматтар, т.б. Демек, бір тілдің немесе ұлттың та­рихтың санасынан жоғалуы – адам­зат қоғамының, кейінгі өз ұр­пақтарының жақсы, бақытты ғұ­мыр сүруі үшін пайдалануға тиіс бол­ған ол жасаған рухани, мәдени қа­зынасының бір бөлшегінен айы­рылу, ұлттық, тарихи, жергілікті ерекшеліктері бар адамзаттық мә­дениеттің жойылуы деген сөз. Бұл дегеніміз – бір сөзбен айтқанда, тілдік, этностық, мәдени апат. Мұның өзі – қоғам үшін орны тол­мас олқылықтар».

Осы орайда профессор Дандай Ысқақұлының «...белгілі бір ұлт тілінің мемлекеттік мәртебесі толыққанды өмір сүруі үшін оның бірнеше шарты орындалуы керек. Соның ең негізгілерінің бірі – ғылым тілі болуы. Ғылым тілі бола алмаған тіл – әлсіз тіл, ауру тіл...» деген пікірінің туған тіліміздің бүгінгі диагнозына дөп келіп тұр­ғанын айтуға тиіспіз. 

Бұдан әрі ғалым өз еңбегінде ана тілінің ұрпақ тәрбиесіндегі рөліне тоқтала келіп, болашағын ойлаған ең алдымен мектебін тү­зейтінін, біздегі осы мәселе сын көтермейтінін, оның басты себебі бізде ұлттық білім беру жүйесінің қалыптаспағанын, ұлт болып өмір сүруді қамтамасыз ететін – ұлттық тәрбие, сол тәрбиенің негізгі оша­ғы – мектеп екенін, мектебін, он­дағы білім, тәрбие беру жұмыс­тарын ұлттық, халықтық мүдде­лерге орай жүргізбеген елдің еңсесі көтерілуі қиын екенін айта келіп, былай деп ой түйеді: «Бұл айтқан­дарымыздың дұрыстығына тағы мынадай фактілер көзді жеткізе түседі. Кеңестік дәуірде бір ғана Баянауыл ауданынан 10 академик шықса, соның 9-ы қазақ, біреуі ғана орыс мектебін бітірген. Қа­зақтан шыққан математика сала­сындағы ғылым докторы-про­фес­сорлардың барлығы дерлік қазақ мектебінде оқыған да, тек біреуі ғана (А.Жең­сікбаев) орысша білім алыпты. Қа­зіргі әлемдік деңгейдегі М.Өтелбаев, А.Жұмаділдаев, У.Өмірбаев секілді атақты математик академикте­рі­міздің барлығы да – ауылдағы қазақ мектебін бітір­гендер».

Сонан соң автор ұлттық мек­тепте білім алған баланың деңгейі басқа тілде оқыған баланың дең­гейінен жоғары болатындығына бірсыпыра мысалдар келтіреді. Ғалымның айтуынша, кейінгі жыл­дары қазақ мектебін «Алтын бел­гіге» бітіргендердің пайыздық көр­сеткіші орыс мектебін бітір­ген­дерден жоғары. Түрлі халықаралық олимпиададан жүлделі орын­дар­мен оралғандардың да басым бөлі­гі – қазақ мектебінің оқушылары. Тестілеу нәтижелері бойынша да қазақ тілінде оқығандардың ор­та­ша балы орыс тілінде білім ал­ған­дардан жоғары. Бұдан қазақ тілінде білім беру жүйесінің сапасы төмен деген теріс пиғылды пікірдің еш­қандай негізі жоқтығы анық байқалады.

Қорыта айтқанда, профессор Дандай Ысқақұлының аталған ең­бектеріндегі тілге, ұлтқа, түркілік бірлікке байланысты сан алуан ойлар желісінің түп-төркіні тіл тү­зелмей, адам да, ұлт та, эко­номика да, қоғам да түзелмейді, мемлекет­тің де, ұлттың да болашағы күң­гірт­тене береді. Өз елінде өз тілінде сөйлемеген, ұлттық дәстүрімен, ұлттық рухани құндылықтарымен өмір сүрмеген, ұлттық мүдделеріне қызмет етіп, болашағы үшін күрес­пеген адамның мен қазақпын деп айтуға құқы жоқ. Өйткені тіл – адам­зат қоғамындағы әрбір адам­ның өмір сүруінің рухани өзегі, өмір сүру формасы. Тілі қандай болса, қоғамы да – сондай. Ұлттық тілге, сол тілде жасалынған ру­ханиятқа, рухани құндылықтарға, ұлттық патриотизмге арқа сүйеген ұлттың, мемлекеттің ғана мерейі үстем дегендей келелі ойларға жетелейді.

Сонымен бүкіл өмірін әдебиет деген киелі ұғымға адал қызмет етуге арнаған Дандай ағамыздың бұл ұғымды халқымыздың ұлттық болмысымен бірлікте қарастыра­тынын аңғарғандаймыз. Рас-ау. Халық болмаса, әдебиет қайдан болсын. Халық болмаса, әдебиет қана емес, сол халықтың болмыс-бітіміне байланысты барлық нәрсенің, ақырында халықтың өзінің де жоғалатыны – дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. 

Ендеше, қазақ әдебиетінің, әдеби сынның мәселесін ұңғыл-шұңғылына дейін зерттеп, әдеби сынды байыта түсетін тың ойларын ортаға салумен ғана шектеліп қал­май, адам, қоғам, ұлт жөнінде, қа­зақ деген киелі жұрттың бола­ша­ғы жөнінде толымды да, тұщымды пікірлер айтып жүрген Дандекең сияқты үлкен ғалымның, қоғам қайраткерінің мәртебесі биіктей берсін демекпіз!

Орынбек ЖОЛДЫБАЙ,

Қазақстанның Құрметті журналисі,

филология ғылымдарының кандидаты