Тегінболат Самұратов, халықаралық сарапшы: Өлшенбеген нәрсені дұрыстау мүмкін емес

Қазақстан 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің энергия сыйымдылығын 15%-ға төмендетуді мақсат етіп отыр. Алдымен ескерте кетейік, энергия сыйымдылығы дегеніміз, қарапайым тілмен айтқанда, экономикадағы кәсіпорындардың қанша энергия шығындайтынын анықтайтын көрсеткіш.

Алайда еліміздегі өнеркәсіптік және энергетикалық кәсіпорындардың едәуір бөлігі міндетті энергоаудиттен өтпеген, ал кейінгі жылдары талданған аудит есептерінің көпшілігі заң талаптарына сәйкес келмейді. Осы тақырып жөнінде біз Халықаралық энергия тиімділігі және тұрақты даму саласынының сарапшысы Тегінболат Самұратовпен сұхбаттастық. Тегінболат бұрын Қазақстанда Дүниежүзілік банк пен Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен (БҰҰДБ) жұмыс істеген, қазір АҚШ-тағы жетекші Mass Save бағдарламасына қатысып жүр. Сонымен, еліміздегі энергоаудиттер неліктен сәтсіз аяқталады, Қазақстан Америка тәжірибесінен қандай сабақ ала алады?

– Қазақстан 2029 жылға қа­рай ЖІӨ-нің энергия сыйым­ды­лығын 15%-ға төмендету мақ­са­тын қойды. Бұл межеге жету үшін әзірге қандай кедергілер бар деп ойлайсыз? 

– 2025 жылы елдегі 855 кә­сіп­орын заң бойынша кемінде бес жылда бір рет энергетикалық ау­дит жүргізуге міндетті болған. Алай­да олардың 184-і, яғни 21,5%-ы бұл талапты мүлде орын­дамаған. Неліктен? Оның үш негізгі себебі бар: аудит жүр­гізуге қаржының жетіспеуі, өнер­кәсіптік энергия тариф­те­рінің төмен болуына байланыс­ты энергияаудиттің пайдасын ұзақ мерзімде көру және аудит­тен жалтарғаны үшін салынатын айыппұлдардың мардымсыз болуы. Бірақ одан да алаңда­тар­лық көрсеткіш, 2016 жылдан бү­гінге дейін 1 725 аудиттік есеп тал­данған. Олардың шамамен 55%-ы, яғни 944 есеп белгіленген та­лаптарға сәйкес келмеген. Бұл көп­теген кәсіпорынның аудит­тен мүлде өтпейтінін ғана емес, тіпті аудит жүргізілген жағдайда да есептердің жартысынан көбі іс жүзінде сапасыз әрі пайдасыз екенін көрсетеді. 

– Энергетикалық аудит есеп­терінің жартысынан көбі неге заң талаптарына сәйкес келмейді? Оның үстіне, көптеген кәсіпорын аудит жүргізуден неге мүлде бас тартады деп ойлайсыз? 

– Бұл мәселелер үнемі қай­та­­­ланып отырады. Біріншіден, ау­дит сапасы оның бағасына ті­келей байланысты. Нарықтағы агрессивті баға демпингі сапа­сыз қорытындыларға алып ке­леді. Екіншіден, кәсіпорындар ау­диторларға көбіне жалған не­месе толық емес энергия тұ­тыну деректерін ұсынады. Үшін­шіден, аудиторлар энергия үнем­деу әлеуеті 1%-дан төмен жә­не өтелу мерзімі 20 жылдан аса­тын тиімсіз шараларды ұсы­на­ды. Төртіншіден, олар кәсіп­орындардың қаржылық мүмкін­дігі жетпейтін қымбат жаңғырту жобаларын ұсынады. Бесінші­ден, көптеген ұсыныс техника­лық және экономикалық есе­п­теулерсіз беріледі, бұл оларды іс жүзінде жүзеге асыруды мүмкін емес етеді. Міне, осы себептер жол тосып тұр. 

– Енді бұл жүйені түзету үшін қандай нақты шаралар қажет? 

– Энергетикалық аудит жүр­гізу­дің бірыңғай әдістемесі ке­рек. Қазір стандартталған тәсіл­дер болмағандықтан, аудит нә­тижелерін бір-бірімен салыс­тыру мүмкін емес. Аудит сапасы қай компанияны таңдаға­ныңыз­ға немесе қаншалықты арзан қыз­мет алғаныңызға тәуелді бол­мауға тиіс. Сонымен қатар кә­сіпорындарға аудит жүргізу мен ұсынылған жаңғырту шара­ларын іске асыру үшін субсидия беру жүйесі қажет. Ал аудиттен жалтарғандарға қатысты нақты әрі маңызды әкімшілік айып­пұл­дар қолданылуы керек деп есептеймін. 

– Аудиттен бөлек, кадр мәсе­лесі мен кәсіби біліктілік те бұл ол­қылыққа әсер ете ме? 

– Әрине, бұл мәселе екі дең­гей­де байқалады. Біріншіден, кә­сіпорындарда аудитке тапсы­рыс беретін және оны қадағалай­тын мамандардың өздерінде энер­гия тиімділігі бойынша ба­за­лық білім жетіспейді. Олар са­палы аудиттің қандай болуы ке­регін және ұсыныстарды қа­лай бағалау қажет екенін біл­мей­ді. Осындай жауапты тұл­ға­лар­ға арналған оқыту курстары өте пайдалы болар еді.

Екіншісі одан да маңызды – аудиторлардың өздері. Қазақ­стан заңнамасына сәйкес, аудит ұйы­мында кемінде төрт серти­фи­катталған аудитор болуы қа­жет. Алайда ресми мәліметтерге сәйкес, тіркелген 200-ден астам аудит ұйымының тек алтауы ға­на бұл талапқа сай. Ел бойынша 375 аудитор тіркелгенімен, олар­дың тек 333-інің серти­фи­ка­ты жа­рамды, ал тек бесеуі ғана сәй­кестікті бағалау органы арқылы толық сертификаттаудан өткен. Қазіргі Хабарландыру тәртібі негізіндегі жүйе – ұйымдар тек мем­лекеттік органдарға хабар­лап, бірден жұмысын бастайтын жүйе талаптарға сай келмейтін ойыншылары басым нарықтың қалыптасуына алып келді. 

– Қазір сіз Массачусетс шта­тын­дағы Mass Save бағдарла­ма­сымен жұмыс істейсіз. Сол тә­жіри­бе туралы айтып бере аласыз ба? 

– Массачусетс штаты мүлде басқа жолды таңдады. Негізгі өзгеріс 2008 жылы қабылданған Green Communities Act заңынан басталған. Бұл заң Коммуналдық қыз­мет көрсететін компа­ния­лар­­ды жаңа энергия өндіру көз­деріне инвестиция салмас бұ­рын, энергия тиімділігі мен тұ­­тынуды азайту шараларын бі­­­рінші кезекке қоюға міндет­тей­­ді. Яғни, бір киловатт-сағат эне­р­гияны үнемдеу жаңа кило­ватт-сағат өндіруден маңыз­ды­рақ деп есептеледі. Штат заңы ком­муналдық компанияларға энер­гия тиімділігі бағдарла­ма­ларын әзірлеу мен іске асыруды міндеттейді, соның нәтижесінде олар Mass Save сияқты бастама­лар­ды қаржыландыруға тиіс.

2021 жылы Массачусетс шта­ты 2050 жылға қарай парниктік газ­дардың таза нөлдік шығарын­ды­ларына қол жеткізу туралы заң қабылдады. Mass Save сияқ­ты бағдарламалар осы мақсатқа жетудің негізгі құралдарының бірі  болмақ. Мен Mass Save бағ­дар­ламасында сертификатталған ғимараттарды энергетикалық бағалау маманы (Building analyst professional) ретінде тұрғын үй­лер­ге энергетикалық бағалау жүр­­гіземін және ұсыныстар дайын­дап, кейін оларды сер­ти­фикатталған жергілікті мер­ді­гер­лерге тағайындаймын. Осы бағалаулар негізінде мердігерлер оқшаулау жұмыстарын, ауа саңылауларын гермети­зация­лау­ды, жылыту мен су жылытуға ар­налған жылу сорғыларын ор­на­туды және заманауи HVAC жүйе­лерін жаңартуды атқарады. Со­нымен қатар үй иелері энер­гия тиімділігі жоғары кір жуғыш жә­не кептіргіш маши­на­лар­ға, индукциялық пештерге жә­­не электр көліктерін қуат­­тау стан­саларына ар­налған өте­мақылар ала алады. Бұл жаңартулар кө­біне күн па­нель­дерін ор­натумен бірге жүзеге асы­ры­лады, нәтиже­сін­де энер­гия тұтыну мен пар­­ник­тік газ шы­­­­ғарын­ды­лары ай­тарлықтай тө­мен­дейді. 

– Расымен, өте тиімді жұ­­­­мыс істейтін жүйе сияқты кө­­рінеді. Ал Mass Save бағ­дар­­ла­масы қалай қар­жылан­дыры­ла­ды? 

– Бағдарлама электр және газ төлем­де­рі­не енгізілген ша­ғын арнайы төлем арқылы қар­жыландыры­лады. 2019-2023 жыл­дар аралы­ғын­да Масса­чусетс бойынша тұр­ғын үй және коммерциялық сектордағы энергия тиімділігін арттыруға ша­мамен 5,33 млрд дол­лар ин­вестиция салынған. Бұл – жыл сайынғы бюджет ке­ліс­сөздеріне немесе саяси өз­геріс­терге тәуел­ді емес, тұтынуға тікелей бай­ла­нысты тұрақты әрі болжамды қаржыландыру көзі. 

– Қазақстан бұл тәжірибеден нені үйрене алар еді деп топшы­лай­­сыз? 

– Айырмашылық анық кө­рі­неді. Қазақстанда жүйе міндетті аудиттерге негізделген, бірақ ба­қылау әлсіз, айыппұлдар мар­дым­сыз және бірыңғай әдістеме жоқ. Аудиттердің басым бөлігі сапасыз, ал кәсіпорындар энер­гия бағасының жасанды түрде төмен болуына байланысты та­лаптарды орындауға ынталы емес. АҚШ-та энергия тиімділігі қосымша шара емес, басты ба­сымдық. Коммуналдық ком­па­ниялар жаңа электр стансаларын салмас бұрын энергия тиімділі­гіне инвестиция салуға заң жү­зінде міндетті. Қаржыландыру коммуналдық төлемдердің өзіне енгізілгендіктен, ол тұрақты әрі сенімді. Аудиттер сапалы жүр­гі­зі­леді, ұсыныстар нақты әрі қар­­­жылық ынталандырулармен қамтамасыз етіледі.

Қазақстан Массачусетс мо­де­лін толық көшіруге міндетті емес. Бірақ негізгі қағида әмбе­бап: өлшенбеген нәрсені жақ­сар­ту мүмкін емес, ал адамдар ын­таландырусыз немесе жауап­кер­шіліксіз өз әрекетін қайталап жүре береді. Энергетикалық ау­диттер сенімді болмайынша, ба­­қы­лау күшеймейінше және энер­­гия тиімділігі жай қағаз жү­зіндегі талап емес, нақты эко­но­ми­калық басымдыққа айнал­майын­­ша, ЖІӨ-дегі энергия сыйым­дылығын 15%-ға қысқар­ту мақсатына жету өте қиын бо­лады. 

– Мазмұнды әңгімеңіз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан

Мадияр ТӨЛЕУ