Екінші оқылымда цифрландыру, дербес деректерді қорғау, жол жүрісі және көліктегі озық технологияларды реттеу мәселелері жөніндегі бірқатар заң қабылдады. Бұдан бөлек, Мамандандырылған мекемелердің артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенцияға қатысты заң қабылданып, БҰҰ және Өзбекстанмен арадағы ынтымақтастық аясындағы келісімдер ратификацияланды.
Экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар жобасын Парламент депутаттары экологиялық заңнаманы жетілдіру, реттеудегі жүйелі олқылықтарды жою, цифрлық шешімдерді енгізу, сондай-ақ экологиялық бақылау мен қалдықтарды басқарудың тиімді тетіктерін қалыптастыру үшін әзірледі. Заң жобасының нормаларын Мәжілістегі Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы, бастама авторларының бірі Еділ Жаңбыршин таныстырды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің алдына ауқымды стратегиялық міндеттер қойды. 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу, экологиялық тұрақты дамуды қамтамасыз ету, орман алқаптарын ұлғайту және елді мекендерді көгалдандыру қажет. Бұл жай ғана экологиялық ұран емес. Бұл – Қазақстанның жаңа экономикалық даму моделінің негізі. Алайда мұндай міндеттерді іске асыру үшін заманауи, нақты әрі тиімді жұмыс істейтін заңнамалық база керек, – деді депутат.
Комитет төрағасының айтуынша, депутаттар Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкінің функцияларын жаңғыртуды ұсынды. Оның құрамына негізгі кадастрлар мен тізілімдер, эмиссияларды автоматтандырылған мониторингтеу жүйелерінің деректері мен өндірістік экологиялық бақылау жөніндегі есептілік кіреді. Осылайша, мониторингтің нақты деректері бірыңғай цифрлық жүйеге шоғырландырылады, бұл экологиялық есептілікті жасыруға, мәліметтерді бұрмалауға жол бермейді.
Бұдан бөлек, орман және жайылым көміртектік офсеттері ұғымдары енгізіледі. Инвесторлар мемлекеттік орман қоры жерлерінде және босалқы жерлерде жаңадан орман егу мақсатымен орман иеленушілерімен тікелей шарт жасай алады. Осындай жобалар нәтижесінде алынған көміртек бірліктері нарықта сатылуы мүмкін. Сонымен қатар олардың бір бөлігі Қазақстанның жалпыұлттық айқындалған үлесіне есепке алынады.
Заң жобасының басқа да нормаларында әкімдіктерге рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою және қатты тұрмыстық қалдықтарға қатысты шекті тариф бекіту өкілеттіктерін беру, қосымша бюджеттен тыс кіріс алу үшін ұлттық гидрометеорологиялық қызметті реформалау, сондай-ақ «жасыл» қаржыландыру мен экологиялық сақтандыру тетіктерін жетілдіру көзделген. Бұған қоса, нормативтен тыс эмиссиялар үшін жауапкершілік кезеңі нақтыланады. Осыған байланысты нормадан тыс әсер ету кезеңі соңғы өндірістік экологиялық бақылау жүргізілген күннен бастап есептеледі. Егер өндірісте май, қаптама және аккумулятор өндірушілер Қазақстанда қайта өңделген кемінде 30% қайталама шикізатты пайдаланса, оларды өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері талабынан босату ұсынылады.
Талқылау барысында депутаттар экологиялық жүктемесі жоғары өңірлердің тұрғындарын әлеуметтік қорғауға, заңсыз қоқыс үйінділерін мониторингілеуге және жоюға, сондай-ақ қауіпті қалдықтарға қатысты жұмысты реттеуге және осы саладағы бұзушылықтар үшін жауапкершілікті қатаңдатуға қатысты бірқатар проблемалық мәселе көтерді. Экологиялық инспекторлардың алдын ала ескертусіз тексерулер жүргізу құқығы қарастырылған түзету төңірегінде қызу пікірталас өрбіді.
Депутаттар аталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдау туралы шешім қабылдады. Құжатты одан әрі қарастыру депутат Ажар Сағандықованың жетекшілігімен өтетін жұмыс тобының отырыстарында жалғасады.
Сондай-ақ Сенат депутаттары бастамашы болған техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру, халықтың көші-қоны мәселелері туралы заңнамалық түзетулер бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасын әріптестеріне сенатор Амангелді Есбай таныстырды.
Кәсіптік біліктілік саласындағы өзгерістерге келетін болсақ, тану орталықтарын аккредиттеу функцияларын «Атамекен» ҰКП-дан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне беру жоспарланып отыр. Ал Ұлттық біліктілік жүйесіне қатысушылардың құрамына әкімдіктерді қосып, ондағы аккредиттеу органдарын қызметкерлердің өкілдерімен алмастыру ұсынылады. Түзетулердің жеке блогы көші-қон саясатына қатысты. Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін азаматтардың жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару тәртібін айқындау және оған жәрдемдесу ұсынылады.
Екінші оқылымға дайындау үшін құжат Мәжіліс депутаты Айна Мысырәлімованың жетекшілігімен жұмыс тобында одан әрі талқыланады.
Жалпы отырыс барысында «Мамандандырылған мекемелердің артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенцияға Қазақстан Республикасының ескертпесін және мәлімдемесін алып тастау туралы» заң қабылданды. Құжатты депутаттарға Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев таныстырды.
Бұған дейін 2020 жылы конвенцияны ратификациялау кезінде Қазақстан кейбір артықшылықтар мен иммунитеттер ел азаматтарына қолданылмайтынын көрсеткен болатын, сондай-ақ «кедендік алымдар» термині ұлттық заңнамаға сәйкес қолданылатынын бөлек мәлімдеген еді.
Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Максим Рожин қосымша баяндамасында атап өткендей, қазіргі ескертпе мен мәлімдеме конвенцияның біздің еліміз үшін күшіне енуіне кедергі келтіреді, себебі оның негізгі ережелеріне әсер етеді. Сол үшін бірқатар мамандандырылған мекеме оларды қабылдаған жоқ. Заңның қабылдануы конвенцияның Қазақстанда толыққанды қолданылуын қамтамасыз етуге және елге БҰҰ жүйесінің жаңа кеңселері мен жобаларын тартуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Мәжіліс Қазақстанда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы Біріккен Ұлттар Ұйымымен Келісімді және Меморандумды ратификациялады.
Сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан Үкіметтері арасындағы Қазақстан –Өзбекстан мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісім ратификацияланды. Құжатты депутаттарға Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов таныстырды.
Қосымша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Дәулет Тұрлыханов келісімнің негізгі мақсаты мемлекеттік шекарада тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, транзиттік жүк пен жолаушылар ағынының кедергісіз өтуіне қолайлы жағдай жасау екенін айтты. Құжат сондай-ақ заңсыз көші-қон, контрабанда және трансшекаралық қылмыстардың алдын алу, сондай-ақ шекара манындағы өңірлерде тұрақтылықты сақтауға бағытталған. Оны ратификациялау өңірлік сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға қосымша серпін береді.
Мәжіліс цифрландыру, дербес деректерді қорғау, жол жүрісі және көліктегі озық технологияларды реттеу мәселелері жөніндегі депутаттық заңды екінші оқылымда қабылдады.
Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Екатерина Смышляеваның айтуынша, түзетулер шеңберінде автомектептердің қызметіне мемлекеттік бақылауды күшейту, жедел жәрдем көліктеріне және жолаушылар автобустарына құқықбұзушылықтарды тіркейтін құрылғылар қою ұсынылады. Бұдан бөлек, электромобильдерге жасыл нөмірлік белгілер орнатылады, ал электровелосипедтер мопедтермен қатар есепке алынуға тиіс болады.
Екінші оқылымда телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері туралы заң да қабылданды. Құжат байланыс инфрақұрылымын дамытуға, перспективалы телекоммуникациялық технологияларды енгізуге және халықты сапалы ұялы байланыс қызметтерімен, соның ішінде жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етуге бағытталған.
Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Руслан Қожасбаевтың дерегі бойынша, түзетулер аясында байланыс қондырғыларын, оның ішінде антенна-бағана қондырығылары мен ортақ пайдалану тіректері үшін жер учаскелерін беру тәртібі жеңілдейді.
Депутаттар бастамашы болған машина жасау мен көлікті дамыту мәселелеріне қатысты түзетулер де екінші оқылымнан өтті. Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Мұқаш Ескендіров заң шеңберінде мемлекеттік қолдау көрсетілетін өнеркәсіптік кластерлер институты, сондай-ақ ішкі сұранысты қамтамасыз ететін өндірістік қуат болған жағдайда жаңа жобаларға мемлекеттік ынталандыру шараларын көрсетуге жол бермеуге бағыт талған өндірістік қуаттар теңгерімін бағалау тетігі енгізілетінін айтты.
Депутаттар әзірлеген жануарлар дүниесі, орман және аңшылық шаруашылығы мен кәсіпкерлік мәселелері туралы заң Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ілеспе түзетулерімен екінші оқылымда қабылданды. Құжатты Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Аян Зейнуллин таныстырды. Мәселен, туризм саласындағы инвестиция көлемі кемінде 2 млн айлық есептік көрсеткішті құрайтын жобалар экологиялық туризмнің ұлттық стандарттарына сәйкес келген кезде туризм саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру үшін шаруашылық қызметтің шектеулі режимін белгілей отырып, ерекше қорғалатын табиғи аумақ жерлері босалқы жерлерге ауыстырылуы мүмкін. Жеке және заңды тұлғалар орманды күзету, қорғау және өсімін молайту бойынша міндеттемелерді қабылдай отырып, сүректі терең өңдеу жөніндегі ірі жобаларды іске асыру, сондай-ақ үлкен орман өртінің салдарын жою үшін ұзақмерзімді орманды пайдалану мүмкіндігін алады.
Бұған қоса, Президент тапсырмасын орындау аясында депутаттар жануарларға қатыгездік танытуға қатысты жауапкершілікті қатаңдатуды ұсынды. Осыған байланысты жануарларға қасақана зиян келтіргені, жарақаттағаны немесе өлтіргені үшін іс-әрекеттің ауырлық дәрежесіне қарай әкімшілік айыппұл әлденеше есе ұлғайды. Қайталанған немесе ауыр іс-әрекет тіркелген жағдайдағы қылмыстық жауапкершілік те күшейеді.
Сондай-ақ екінші оқылымда «Кредиттік рейтинг қызметі туралы» депутаттық заң ілеспе түзетулерімен қабылданды. Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы, жұмыс тобының жетекшісі Татьяна Савельева айтқандай, құжат шеңберінде рейтингтік қызметтің негізгі қағидаттары, соның ішінде ашықтыққа, рейтингтердің сапасына қойылатын талаптар, мүдделер қақтығысының алдын алу және ақпараттың құпиялылығы белгіленеді. Сондай-ақ кредиттік рейтингтік агенттіктердің қызметіне, олардың капиталына, бағалау әдіснамаларына және халықаралық және шетелдік рейтингтік агенттіктерді тану тәртібіне қойылатын талаптар айқындалады.
Бұдан бөлек, Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті елшіліктердің, сондай-ақ екі елдің Төтенше және өкілетті елшілері резиденцияларының мұқтаждықтары үшін Астана және Бішкек қалаларында ғимараттар мен жер учаскелерін өзара өтеусіз пайдалануға беру туралы Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері арасындағы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа қабылдады.
Жалпы отырыс соңында депутаттар мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік және экономикалық тақырыптар бойынша 14 депутаттық сауал жолдады. Олардың барлығы Мәжілістің ресми сайтында және Telegram-каналында жарияланды.
М.ТӨЛЕУ