Осы мәселе жайында «Клиникалық және әлеуметтік психология» бағдарламасының PhD докторанты, психикалық жарақаттардың салдарын зерттеуші және сот психологы, «Қазақтың жазылмаған психологиясы», Perzent, «Кеңес балаларының бітпеген жұты» кітаптарының авторы Нұргүл Молдабайқызымен әңгімелескен едік.
Сұхбат барысында спикер бұл тақырыпқа «ұлттық диагноз» ретінде қарау ғылыми тұрғыдан қате екенін, мәселені нақты тарихи деректер мен халықаралық ұжымдық жарақат теориялары (Дж. Александер, К.Эриксон, Я.Даниели, Я.Ассманн, Е.Черепанова және т.б.) аясында сақтықпен қарастыру қажет екенін алға тартады. Себебі маманның пікірінше, Қазақстанда бұл оқиғалардың психологиялық зардаптарын анық өлшейтін кең ауқымды зерттеулер жоқ, сондықтан сұхбатта айтылған пайымдарды болашақтағы іргелі еңбектерге жол ашатын қорытындылар деп қабылдаған дұрыс.
«Сұхбаттағы жауаптар тарих, әлеуметтік психология, психотравматология, ұжымдық жад және посткеңестік қоғамдар туралы академиялық еңбектерге сүйенеді; ал нақты ғылыми тұжырымдар түю келешектің еншісінде», – деп ескертеді ғалым.
– Нұргүл Молдабайқызы, ашаршылық пен қуғын-сүргінді біз көбінесе тарихи-саяси тұрғыдан бағалап үйренгенбіз. Ал қазақтың психологиялық портретінде бұл нәубеттер қандай із қалдыруы мүмкін? Ұлттық мінез-құлқымыздан осы оқиғалардың көрінісі байқала ма?
– Иә, ашаршылық пен қуғын-сүргін қазақтың психологиялық портретінде із қалдырды деуге ғылыми негіз бар. Бірақ мұны «қазақ табиғатынан қорқақ» не «үндемес халық» деген қарабайыр тұжырыммен емес, ұжымдық жарақат, ұжымдық жад, тарихи үнсіздік және бейімделу стратегияларының тілімен түсіндірген дұрысырақ. Ұжымдық жарақат теорияларына сәйкес, ірі апат қоғамның тек адам шығынын көбейтпейді; ол сол қоғамның өзін-өзі қалай түсінетінін, қауіпті қалай сезетінін, болашақты қалай елестететінін өзгертеді. Ұжымдық жарақатты тек тарихтағы қорқынышты оқиға емес, қайта-қайта еске түсіп, ұжымдық жадта үздіксіз қайта құрастырылатын мәндік дағдарыс деп ұғамыз. Ашаршылықты бастан кешкендердің естеліктері «өлім» мен «шектен тыс сұмдық» бейнелерімен таңбаланғанын ескерсек, бұл – тек сандық шығын емес, бүкіл дүниені және мемлекетпен қатынасты қауіпке толы кеңістік ретінде сезінуге итермелеген тәжірибе. Ал ашаршылық туралы шолулар мен геноцид тарихы жөніндегі еңбектер оның демографияны, отырықшылануды және мәдени ортаны түбегейлі өзгерткенін айтады. Мұндай ауқымдағы зорлық-зомбылықтан кейін сақтық, артық сөйлемеу, тәуекелден қашу, «алдымен аман қалу» логикасы, ауырлықты ішке бүгу сияқты «үйреншікті дәрменсіздік» (Селигман теориясы) феномені басым мінез үлгілерінің қалыптасуы қисынды. Бұл ұлттық «ақау» емес; бұл – аман қалу психологиясы.
Осы тұрғыдан қарағанда, бүгінгі ұлттық мінезден кейбір көріністерді байқауға болады, бірақ оларды біржақты биологиялық не «мәңгілік қасиет» деп түсінуге болмайды. Мұндай көріністердің қатарына: әлеуметтік қауіпсіздікке жоғары сезімталдық, отбасы ішіндегі төзімділікті артық бағалау, қиындықты жария қылмай «көтеріп кетуге» бейімділік, билікпен тікелей қатынастан гөрі жанама жол іздеу, бөтен адамға тез ашылмау, «жұрт не дейді?» деген сыртқы бақылауға сезімталдықты жатқызып, мәселені, ең алдымен, әлемді қауіпсіздікпен өлшеу үрдісі призмасында қарастыруға болады. Бірақ ғылымда маңызды бір шектеу бар: мұның бәрін дәл қазір «қазақтың барлық тобына тән» деп өлшеп берген ұлттық психологиялық карта жоқ. Сондықтан бұлар – нақты психологиялық мегасауалнама нәтижесінен шыққан штамп емес, Қазақстандағы тарихи апат, кейінгі үнсіздік және посткеңестік қоғамдар туралы белгілі заңдылықтардың тоғысқан жерінен шыққан ықтимал қорытындылар. Бұған қоса қасірет тек әлсіздік емес, қарсы ресурстар да қалдырады: олардың қатарында туыстық желілерге сүйену, өзара жәрдем, төзім, күйзелісте де тіршілікті жалғастыру қабілеті сияқты эмпатияға негізделген қасиеттерді айта аламыз. Ұжымдық жарақат қазақтың психологиялық портретіне тек қорқыныш емес, төзімділік пен тірі қалу этикасын да сіңірген болуы ықтимал.
– Жиырмасыншы ғасырдағы жаппай ұжымдастыру, ашаршылық, саяси террор кезеңдері халықтың рухын жасытты ма, қалай ойлайсыз? Қазіргі қоғамда кездесетін биліктен қорқу, өз құқығын қорғай алмау секілді әлеуметтік құбылыстарды осы ұжымдық жарақаттың салдары деп қарастыруға бола ма?
– Иә, жиырмасыншы ғасырдағы ұжымдастыру, ашаршылық және қуғын-сүргін халықтың рухын белгілі бір дәрежеде жасытты деуге ғылыми негіз бар. Бірақ «рух толық сындырылды» деу дұрыс емес; дұрысы, бұл оқиғалар қоғамда дербестік пен қауіпсіздік сезімін әлсіретіп, бейімделудің репрессивті үлгілерін күшейтті деген жөн. Авторитарлық режимдер туралы психологияда (Е.Черепанов) репрессияның негізгі функциясы азаматтарға қорқыныш сіңіріп, мінез-құлықты бақылау екенін көрсетеді. Автократия және тоталитарлық режимдер жаппай қолдауды екі жолмен ұстайды дейді: қорқыныш және легитимация (Нойндорф). Қорқыныш азаматтарды өзін-өзі цензуралауға, тәуекелді барынша азайтуға, талапты ашық айтпауға итермелейді. Қазақстан контексінде бұл тек теория емес. Ашаршылықта аман қалудың өзі мемлекетпен тікелей қатынастан қашуды талап етті; қуғын-сүргін кезеңінде артық сөз, «қате» таныстық, «қате» пікір өмірді құртуы мүмкін болды. Шығыс Еуропадағы тарихи жарақат туралы кейбір еңбектерде (Меркер) сталиндік және постсталиндік қысымнан кейінгі қалдықтардың бірі ретінде «үйреншікті дәрменсіздік», азаматтық құндылықтардың, азаматтық жауапкершілік пен қоғамдық сана сезімінің әлсіздігі сияқты құбылыстар талқыланады. Яғни биліктің алдында өзін дәрменсіз сезіну, қоғамдық іске араласуға селқостық және «өз күніңе қара» психологиясы репрессиядан кейін ұзақ сақталуы мүмкін.
Сондықтан қазіргі қоғамда кездесетін биліктен қорқу, өз құқығын қорғай алмау сияқты құбылыстарды «ұжымдық жарақаттың салдары» деп ішінара қарастыруға үш себеп бар. Біріншісі – тарихи деңгей: тарихтағы зорлық азаматтың «билікке қарсы тұру қауіпті» деген базалық скриптін қалыптастыруы мүмкін. Екіншісі – әлеуметтік қабат: бұл скрипт отбасында, мектепте, қызмет орнында, «бас аман болсын» дейтін кеңестік-посткеңестік күнделікті мәдениетте ұрпақтан-ұрпаққа көшуі мүмкін. Үшіншісі – институционалдық қабат: егер бүгін де азамат өзінің дауысы нәтиже беретініне толық сенбесе, өткен жарақат қайта жаңғырады. Демек, «құқығын қорғай алмайды, өйткені тарихи жарақаттан әлі шықпаған» деу тым жеңіл. Дұрыс тұжырым мынау: тарихи жарақат адамның тәуекел шегін төмендетті, ал қазіргі құқықтық және саяси ортаның сапасы бұл мұраны не әлсіретеді, не күшейтеді. Сондықтан салдарды мойындау керек, бірақ халықты кінәлап, «біз сондай халықпыз» деуге болмайды.
– Адамдар қуғын-сүргін жылдары аман қалу үшін бір-бірін көрсету, домалақ арыз жазу сияқты түрлі қадамға барғаны белгілі. Бұл қоғамдағы өзара сенім деңгейіне қаншалықты әсер етті?
– Иә, аман қалу үшін бірін-бірі көрсету, домалақ арыз жазу, көрші мен әріптестен күдіктену тәрізді тәжірибелер қоғамдағы өзара сенім деңгейіне өте күшті соққы берген. Мұндай әсерді жай «моральдық құлдырау» деп емес, қорқынышқа негізделген әлеуметтік инженерия деп түсіну керек. Сенім мен сенімсіздік туралы кейбір кеңестік еңбектерде 1930-1940 жылдардағы репрессиялардың жойқын күшін түсіндіретін шешуші фактордың бірі «жалпылама әлеуметтік сенімсіздіктің оттай таралуы» болғаны айтылады (Джеффри Алан Хоскинг). Онда сенім мен сенімсіздік дилеммасы көпшілік кеңес азаматтарының күнделікті басты мәселесіне айналғаны, бұл құбылыс кейінгі онжылдықтарда бәсеңдегенімен, кеңестік кеңістікте тұрақты із қалдырғаны атап өтіледі. Яғни жүйе тек адамдарды жазалап қана қойған жоқ; ол адамдардың бір-біріне сену қабілетін жүйелі түрде бұзды. Қазақстандағы репрессия туралы еңбектер де 1937-1938 жылдары үрей, сатқындық, бірін-бірі айыптау, «ұлтшыл», «халық жауы» сияқты таңбалардың кең таралғанын көрсетеді. Осы тәжірибеде ең қауіптісі – зұлымдықтың тек мемлекеттен келмеуі. Ол көрші, әріптес, туыс, ауылдас арқылы да келуі мүмкін деген түсінік қалыптасты. Мұндай қоғамда базалық әлеуметтік қағида «адамға сен» емес, «абай бол» деген ұранға айналады. Сондықтан Қазақстандағы өзара сенімнің кейде әлсіз болуы, көлденең байланыстардың тез ыдырауы, ашық кооперациядан гөрі жабық таныстық шеңберіне сүйену, «артық ашылма» деген ұстанымның ұрпақтан-ұрпаққа ауысуы кездейсоқ емес. Тағы да нақтылаймын: бұл «қазақ бір-біріне сенбейді» деген абсолют пікір емес. Қазақ қоғамында туыстық жәрдем, қонақжайлық, ағайынға сүйену сияқты мықты сенім аймақтары бар. Бірақ репрессиядан кейін сенім көбіне тар шеңберге шоғырланып, кең қоғамдық деңгейге аз тараған болуы мүмкін. Яғни репрессия өзара сенімді түгел жойып жіберген жоқ; ол оны туыстық пен жақындық аясында қалдырып, бейтанысқа бағытталған қоғамдық сенімді әлсіретті.
– Репрессия жылдары халқымыз беткеұстар зиялыларынан айырылды. Ұлттық басқару элитасындағы мұндай бос кеңістік қазақтың қоғамдық-саяси санасында қалай көрініс тапты?
– Репрессия жылдары ұлттық зиялылардың, әсіресе Алаш қайраткерлерінің жойылуы қазақтың қоғамдық-саяси санасында өте ауыр вакуум тудыруы әбден мүмкін. Бұл вакуумның мәні тек «жақсы адамдардан айырылдық» дегенде емес. Мемлекет құру, құқық тілі, ұлттық білім, баспасөз, тарихи сана, саяси өкілдік және қоғамды қазіргі заманға өз тілінде түсіндіру қабілетіне де ықпалы болуы ықтимал. Алаш қозғалысын зерттеген еңбектер оның қазақ ұлттық бірегейлігін қалыптастыруда, саяси автономия идеяларын дамытуда және білім, баспасөз арқылы қоғамды ұйыстыруда шешуші рөл атқарғанын көрсетеді. Егер осындай интеллектуалдық өзек жаппай атылып, айдалып, қорқытылып, қоғамдық кеңістіктен қуылса, оның орны тек кадр тапшылығынан емес, мағыналық тапшылықтан де білінеді. Қоғам өзін кім басқара алады, мемлекетті қалай қабылдау керек, ұлтқа қызмет етудің саяси тілі қандай болуға тиіс деген сұрақтарға өз ішінен толық жауап бере алмай қалады. Қазақ қоғамындағы бұл вакуум бірнеше түрде көрінуі мүмкін. Алдымен мемлекет пен халық арасындағы медиация үзілді. Зиялылар тек кітап жазатын адамдар емес, олар – қоғамға күрделі құбылыстарды түсіндіріп, халықтың эмоциясын саяси тілге айналдырып, билікпен арадағы көпір бола алатын қабат. Келесі мәселе, ұлттық амбицияның өзі қауіпті нәрсе ретінде кодталды. Яғни «ерекше ойлау», «алға шығу», «ел үшін бөлек сөйлеу» құрмет емес, қауіп көзі деген тарихи сабақ қалды. Мұның ұзақмерзімді салдары ретінде конформизм, саяси лидерге сенімсіздік, «тым белсенді адамнан» күдіктену секілді эмоциялық реакциялар қалыптасуы мүмкін. Бізде бұл салдарды дәл өлшеген ұлттық психологиялық құралдар жоқ.
– Тарихтағы қасап қырғындар елдегі ең мықты, ең белсенді, ең білімді қауымның басын жұтады деген тұжырым бар. Ғылымда мұны «кері селекция» деп атап жатады. Осындай демографиялық соққыға ұшыраған ұлттың мінез-құлқында қандай да бір ақаулар бола ма?
– «Кері селекция» тұжырымы әлеуметтік-психологиялық және мәдени іріктелу процесіне қатысты, «ұлттың мінезінде ақау пайда болады» деп оны биологиялық не моральдық тұрғыда түсіндіру қате. Ғылыми тұрғыдан дұрысы – жаппай зорлық белсенді, білімді, беделді, ұйымдастыра алатын, тәуелсіз ойлайтын топтарды пропорционалды түрде көбірек құрбан етсе, қоғамның адам капиталы, үлгі ететін тұлғалары, тәуекелге баратын қабаттары және әлеуметтік үйрету арналары әлсірейді деу. Жоғары білімі бар топтарға бағытталған құдалаулар ұрпақтар сабақтастығындағы дағды мен білім беруді үзуі мүмкін. Ашаршылықта қарттардың, дәстүр тасымалдаушыларының, мал шаруашылығы мен көшпелі экологияны білетіндердің, ал қуғын-сүргінде саяси және мәдени интеллигенцияның, дін иелерінің, оқығандардың жоғалуы – қоғамның сапалық құрылымына «тәуекел етпе, байқалма, тым білімді болып көрінбе, өзіңді қорғашта» деген жасырын әлеуметтік норманы енгізуі мүмкін. Бұл – «ақау» емес, ортаға бейімделу. Мұндай демографиялық соққы ұлттың мінез-құлқында «аномалия» емес, бірақ ұзақ институционалдық және әлеуметтік салдар қалдырады. Ол салдар тәуекелден қашу, формализм, жоғары бастамаға сенбеу, бейресми таныстыққа арқа сүйеу, білім мен белсенділіктің қоғамдық беделін әлсірету түрінде көрінуі мүмкін. Бұған соғыс тудырған ер адамдар тапшылығы мен отбасы құрылымының өзгеруі де қосылған. Соғыс салдарынан туындаған ерлер тапшылығы туралы Ресей бойынша зерттеу ер адамдар азайған ортада әйелдердің көбірек жұмыс істеуге, адами капиталға көбірек инвестиция салуға мәжбүр болғанын және мұндай гендерлік нормалардың ұзақ сақталатынын көрсетті.
– Ашаршылық пен қуғын-сүргінді көрген буынның бойындағы суықтық, қаталдық, эмоциясын сыртқа шығармау т.б. психологиялық ерекшеліктер кейінгі ұрпаққа ауысуы мүмкін бе? Қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық, әлеуметтік желідегі агрессияның астарында сол кезден қалған жарақаттардың ізі жатыр деп айта аламыз ба?
– Иә, ашаршылық пен қуғын-сүргінді көрген буынның суықтық, эмоциясын ішке жұту, қатаңдық, гиперсақтық сияқты ерекшеліктері кейінгі ұрпаққа ауысуы мүмкін. Бұл – қазіргі психологияда жақсы зерттелген құбылыс, бірақ оны «генмен тура беріледі» деген қарабайыр түсінікпен шатастырмау керек. Тарихи травмалар туралы шолуларда ата-бабаның жарақаты кейінгі ұрпақта тікелей травма болмаса да, артық сергектік, стресс жүйесінің жоғары дайындығы, психикалық симптомдар және қарым-қатынастағы қиындықтар түрінде байқалуы мүмкін екені айтылады. Шығыс Еуропадағы тарихи жарақат туралы зерттеулерде сталиндік репрессия құрбандарының оқиғалары ұзаққа созылған қорқыныш, түнгі үрей, қоғамдық оқшаулану және балаларын да қорқынышпен тәрбиелеу арқылы жалғасатыны көрсетіледі. Яғни жарақат отбасындағы бүкіл эмоциялық климат арқылы жұғысады.
Эмоцияны сыртқа шығармау мен агрессия арасындағы байланыс та ғылыми әдебиетте бар. Мамандар өзін басу, яғни эмоцияны қысып ұстау стресс реактивтілігінің жоғарылауымен байланысты екенін айтады. Демек, «жылама», «сыр берме», «іште сақта» деген мәдени кеңес қысқа мерзімде адамды жинақы етіп көрсеткенімен, ұзақ мерзімде өңделмеген ашу мен жан күйзелісін басқа арнамен шығаруы мүмкін.
Ашаршылық пен қуғын-сүргінді бастан кешкен буын үшін ең басты міндет аман қалу еді. Мұндай жағдайда адамдар көбіне эмоциясын ашық білдіруден, әлсіздігін көрсетуден, қорқынышы мен қайғысын бөлісуден бас тартуға мәжбүр болды. Уақыт өте келе бұл тек жеке қорғаныс механизмі емес, тұтас отбасылық және мәдени нормаға айналды. Балалар ата-анасының айтқан сөзінен ғана емес, олардың үнсіздігінен, қорқынышынан, қарым-қатынас стилінен де үйренеді. Сондықтан эмоцияны іште ұстау, қаталдықты төзімділікпен шатастыру немесе қиындықты үнсіз көтеру сияқты модельдер кейінгі ұрпақтарға берілуі мүмкін.
Бұл құбылысты кейбір ғалымдар «ішкі қысым» немесе «ішкі езгі» (internalized oppression) ұғымы арқылы түсіндіреді. Ұзақ уақыт бойы зорлық пен қорқыныш жағдайында өмір сүрген адамдар біртіндеп сол жүйенің ережелерін өздерінің ішкі дүниесіне енгізіп алады. Олар күшті болу дегенді үстемдік ету, ал әлсіз болу дегенді бағыну ретінде қабылдай бастайды. Ролло Мэй адамның агрессиясы көбіне күштің артықтығынан емес, керісінше, терең дәрменсіздік сезімінен туындайтынын айтқан. Егер адам немесе тұтас қауым ұзақ уақыт бойы өз тағдырына ықпал ете алмай, қорқыныш пен бақылау жағдайында өмір сүрсе, оның күш пен ықпалға деген табиғи қажеттілігі жойылып кетпейді. Бірақ ол қажеттілік кейде бұрмаланған түрде көрініс табады. Нәтижесінде, билікке немесе жүйеге қарсы бағыттала алмаған сезімдері мен бастан өткерген қысымдары адамның отбасы ішіндегі басқа әлсіз мүшелерге, әйелдерге, балаларға немесе әлеуметтік тұрғыдан қорғансыз топтарға бағытталуы мүмкін.
Алайда «мұның бәрі ашаршылықтан» деу ғылыми деңгей емес. Қазақстан бойынша дәл осы екі құбылысты 1930-жылдардағы жарақатпен тікелей байланыстырып берген эмпирикалық зерттеу жоқ. Бірақ жоғарыда аталған жанама байланыс тетіктері бар.
Әлеуметтік желідегі агрессия да солай: мұнда платформалардың алгоритмдері, анонимдік, поляризация, әлеуметтік күйзеліс үлкен рөл ойнайды. Бірақ эмоцияны сабырмен өңдеу мәдениеті әлсіз, сенім деңгейі төмен, қорғаныс позициясы жоғары қоғамда онлайн кеңістіктегі ашу жылдамырақ тұтанады. Яғни жарақаттың ұрпақаралық ауысуы ғылыми тұрғыда мүмкін және ықтимал; ал тұрмыстық зорлық-зомбылық пен онлайн агрессияны түсіндіруде ол – негізгі емес, бірақ елемеуге болмайтын терең фондық факторлардың бірі.
– Алаш арыстары атылып, мыңдаған ер-азамат лагерьлерге айдалғанда, одан кейінгі соғыс жылдарында тұрмыс тауқыметі белгілі дәрежеде әйелдердің мойнына артылды. Бұл жағдай қазақ отбасының дәстүрлі құрылымын қалай өзгертті?
– Алаш арыстары атылып, ер-азаматтардың елеулі бөлігі лагерьлерге айдалып, кейін соғысқа кетіп не қаза болып, тұрмыс ауыртпалығының әйелдерге түсуі қазақ отбасының дәстүрлі құрылымын едәуір өзгертті. Бірақ бұл өзгеріс бір мезгілде екі бағытта жүрді: практикада отбасы әйелге сүйенетін болды, ал символдық деңгейде еркек басшы деген әлеуметтік және мәдени норма толық жоғалып кеткен жоқ. Яғни сыртқы пішінде патриархалдық тіл сақталып, күнделікті өмірде әйелдердің нақты жауапкершілігі күрт өсті. Қазақстандағы гендер тарихына арналған соңғы зерттеулер әйелдердің рөлі кеңестік кезеңде қатты өзгергенін, олар кеңестік білім мен еңбек жүйесіне тартылғанын, бірақ бұл өзгеріс шынайы теңдікке емес, көбіне «қосарланған жүкке» әкелгенін көрсетеді.
Сондықтан қазақ отбасының ішінде бірнеше ұзақ өзгеріс жүргенін айтуға болады. Біріншіден, аналар мен әжелердің салмағы артты. Көп отбасында бала тәрбиесінің, күнкөрістің, моральдық тіректің, үй ішіндегі шешімнің нақты ауыртпалығы әйелдерге түсті. Екіншіден, «әйел – үйдің ішкі адамы, еркек – сыртқы қорғаушы» деген дәстүрлі бөлініс бұзылды: әйел бір мезгілде асыраушы, ұйымдастырушы, тәрбиеші, жоқтаушы, күйеуін немесе әкесін күткен адам және тіршіліктің менеджері болды. Үшіншіден, әке образы кей жерде нақты қатысушыдан гөрі символға айналды: беделі бар, бірақ күнделікті қатысуы үзілісті немесе жоқ тұлға. Мұның бала психикасына әсері зор: отбасындағы ер рөлінің тапшылығы, қамқорлық пен қатаңдықтың әйел иығына қосылып түсуі ұл балалардың еркектік модельді көбінесе соғыс, еңбек, үнсіздік және «төз» деген бұйрық арқылы үйренуіне әкеп соғуы мүмкін. Төртіншіден, «әйелдің төзімі» ұлттық-отбасылық құндылық ретінде шектен тыс мадақталды. Бұл бір жағынан әйелдердің өміршеңдігін танытады, екінші жағынан олардың күйзелісін нормаландырып, кейінгі ұрпаққа «бәрін көтеру – қалыпты» деген қауіпті этиканы қалдырды.
Бірақ мұнда да бір маңызды нюанс бар: кеңестік және одан кейінгі қоғамда еркек үстемдігі туралы символдық нормалар ұзақ сақталды, тіпті бүгінгі Қазақстанда да үй ішіндегі еңбек әйелге көбірек жүктелетіні көрініп отыр. Демек, тарихи зорлық қазақ отбасын «әйел шын мәнінде арқалайтын, бірақ еркек номиналды түрде басшы саналатын» қайшылықты модельге жақындатқан болуы мүмкін. Бұл модельдің ізі бүгінгі «қосарланған жүктен», әйелдің эмоционалдық еңбегінің көрінбеуінен, әкенің рөлін бір мезгілде идеалдандырып та, күнделікті практикада әлсіретіп те жіберуден байқалады. Яғни репрессия мен соғыс қазақ отбасының дәстүрлі құрылымын шайқалтып, әйелді отбасының тірі қалу орталығына айналдырып, ал осы тәжірибе кейін қазақ қоғамындағы әйелдің күшін де, артық жүктелуін де бірге қалыптастырған болуы мүмкін.
– Жантану ғылымында кез келген жарақатты жазу үшін алдымен оны мойындау керек дейді. Біз ұлт ретінде ашаршылық пен қуғын-сүргін трагедиясын психологиялық тұрғыдан қорыта алдық па?
– Біз ұлт ретінде ашаршылық пен қуғын-сүргін трагедиясын психологиялық тұрғыдан толық қорытып біттік деп айта алмаймыз. Дұрысы – институционалдық мойындау айтарлықтай күшейді, бірақ терең психологиялық өңдеу басталған жоқ. Қазақстанда 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ресми түрде бекітілген, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылған, миллиондаған архив құжаттары ашылған. Мұның бәрі маңызды. Бұл ұлттың өз тарихын үнсіз тұншықтырмай, заңдық, саяси және ғылыми деңгейде мойындауға бет бұрғанын білдіреді. Қарапайым тілмен айтсақ, «мұны айтуға болмайды» деген кеңестік тыйым аймағы едәуір тарылды. Бұл – айығудың бірінші шарты.
Бірақ психологиялық қорыту тек мәліметтерді көрсетіп, архив ашумен бітпейді. Себебі жараны жазу үшін тек «жаман заман болды» деу жеткіліксіз; не болды, кімде болды, қалай болды, салдары қандай, ол бүгінгі ұрпаққа қалай жетті деген нақты зерттеулер қажет. Қазір ұйымдастырылған көптеген шараның арқасында жад бар, алайда толық интеграцияланған ұлттық психологиялық рефлексия әлі қалыптасып болған жоқ.
Психологиялық қорыту неге толық емес? Біріншіден, отбасылық үнсіздік әлі күшті. Көп әулетте «атамыз атылды», «әжеміз босқындады», «үй іші аштан қырылды» деген факт бар, бірақ ол туралы жүйелі сөйлесу, қайғыны сөзге салу, баламен өңдеу мәдениеті әлсіз. Екіншіден, қайғы-қасірет көп жағдайда мақтанышпен, патриотизммен немесе құрбандылықпен ғана өңделеді, ал ашу, кінә, қорқыныш, ұят, сатқындық, аман қалушының жазығы сияқты күрделі эмоциялар қоғамдық тілге аз шығады. Үшіншіден, психология тілі мен тарих тілі әлі толық түйіскен жоқ. Қазақстандағы зерттеулердің көпшілігі демография, архив, құқықтық ақтау, еске алу саясаты төңірегінде; ал «бұл жара отбасылық қарым-қатынасқа, сенімге, тәнге, ұрпақтық эмоцияға не істеді?» деген сұрақтар енді ғана көтеріле бастады. Сондықтан біз мойындау жолына түстік, бірақ оны психологиялық тұрғыдан толық қорыттық деп айтуға әлі ерте.
– Жалғыз адам жан дүниесіндегі дертін жеке терапия арқылы емдей алады, ал бүтіндей бір ұлт тарихи трагедия жарақатынан қалай арылуы керек? Бізге ұжымдық терапияның қандай тетіктері қажет?
– Бүтін бір ұлт тарихи трагедия жарақатынан жеке терапия сияқты бір ғана тәсілмен арылмайды. Ұжымдық айығу үшін бір мезгілде жад саясаты, білім, қоғамдық әңгіме, ритуал, өнер, зерттеу және психологиялық қызмет бірігіп жұмыс істеуі керек. Тарихи жарақат әдебиеті ең алдымен мойындау мен валидизацияның маңызын айтады: жарақатты заңды, шынайы және атауға тұрарлық құбылыс ретінде танымай, одан арылу қиын. Тарихи жарақаттың қазіргі денсаулық пен қоғамға әсері көбіне «қоғамдық нарратив» арқылы жүреді (Мохатт). Шығыс Еуропаға қатысты еңбектерде тарихи жарақаттан кейін тиімді емге апаратын жолдардың қатарында тарихи жадпен жұмыс, психоәлеуметтік сауықтыру тетіктері және зардап шеккендердің мұрасына сезімталдықты күшейту кіретіні атап өтіледі (Меркер). Бір адамды емес, отбасы мен қауымдастықты қамтитын тәсіл керек. Демек, ұлттық айығу – «бәрі психологқа барсын» емес, «қоғам шындықпен қауіпсіз түрде сөйлесе алатын болсын» деген сөз.
Қазақстан үшін мұндай ұжымдық терапияның тетіктері қандай? Біріншісі – шындық инфрақұрылымы: архивтерді ашу, есімдерді қайтару, нақты тарихты цифрландыру, қуғындалғандар тізімін толықтыру. Бұл басталып кетті, бірақ жалғасуы керек. Екіншісі – тіл инфрақұрылымы: мектепте, университетте ашаршылық пен репрессияны тек демографиялық апат ретінде емес, психологиялық және әлеуметтік жарақат ретінде түсіндіретін мазмұн керек. Үшіншісі – отбасылық әңгіме мәдениеті: ауызша тарих жобалары, немере мен ата-әже диалогын жазып алу, «Біздің әулеттің тарихы» бағдарламалары, деректі подкасттар мен жергілікті музейлер. Төртіншісі – қоғамдық ритуалдар: еске алу күндерін тек саяси ұранға емес, нақты есімдерге айналдыру, үнсіздік минуты, куәгерлер хаты, ұрпақтың үндеуі, өнер туындылары арқылы эмоциялық өңдеуге ұластыру. Бесіншісі – кәсіби көмек: репрессия және тарихи жарақат тақырыбын білетін психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, мұғалімдер дайындау. Келесісі – әділет элементі: ресми еске алу құрбандарды құрметтеумен шектелмей, қоғамға «мемлекет өз азаматтарына мұндайды енді жасамауы керек» деген этикалық сабақ берілуге тиіс. Тағы бір маңызды тетік – жарақатты тек құрбандық нарративінде ғана қалдырмау. Тарихи терапияның мақсаты халықты мәңгілік жылау күйінде ұстау емес. Керісінше, болған тарихи жайттарға эмпатиялық куәліктер ету, түсіндірмелер жасау, солар арқылы мән табу және құндылықты қайта қалпына келтіру маңызды (Каминер). Сондықтан Қазақстанға керегі – «бізге зұлымдық жасалды» деген жалғыз фраза емес, «біз не жоғалттық, не аман қалды, нені қайта жаңғыртуымыз керек?» дейтін жетілген, ересек ұлттық нарратив. Ұлттың айығуы архивтен басталып, әңгімемен жалғасып, мектепте бекіп, психологиялық көмекпен тереңдеп, азаматтық институттармен қорғалуы керек. Сонда ғана тарихи жарақат ұлттық әлсіздік көзі емес, тарихи зерде мен моральдық иммунитет көзіне айналады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Еркебұлан НҰРЕКЕШ