Оралдағы қайғылы оқиға: 8 жастағы баланың өлімі бойынша ешкім жауапқа тартылмады

Қайғылы оқиға 2025 жылғы 10 тамызда Қонаев көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінің ауласында болған.

Орал қаласында көпқабатты үйдің ауласында өртеніп, көз жұмған 8 жастағы Артемнің өліміне қатысты қылмыстық іс тоқтатылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Қайғылы оқиға 2025 жылғы 10 тамызда Қонаев көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінің ауласында болған.

«Мой город» басылымының мәліметінше, жазғы демалыста әжесінің үйіне келген бала сол күні достарымен сыртта ойнауға шыққан. Бірнеше сағаттан кейін ол ауыр күйік шалып, үйіне оралған. Анасы Мұхаббат Пардаеваның айтуынша, Артемнің денесінің 96 пайызы күйіп қалған. Бала есін жоғалтпағанымен, өзін кім өртегенін нақты айтып бере алмаған.

Марқұмның анасы тергеу барысында құқық қорғау органдары өз міндетін толық орындамағанын алға тартады. Оның сөзінше, мектеп пен дүкендердегі бейнебақылау жазбаларын отбасы өз күшімен жинаған. Ал кейбір маңызды бейнежазбалар уақытылы алынбағандықтан, өшіріліп кеткен.

«Бізге тек үзінді кадрларды көрсетті. Ең маңызды сәттер мүлдем болмады. Менің ойымша, полиция бұл іспен толыққанды айналысқан жоқ», – дейді Мұхаббат Пардаева.

Анасының айтуынша, қылмыстық іс 2026 жылдың ақпан айында тоқтатылған. Отбасы оқиғаға кәмелетке толмағандардың қатысы болуы мүмкін деп санайды. Алайда осы уақытқа дейін ешкім жауапкершілікке тартылмаған.

Әділдік іздеген отбасы кейін әлеуметтік желілер арқылы жұртшылыққа үндеу жасаған. Бірақ ата-анасының сөзінше, осыдан кейін баланың әкесіне қатысты полицияға шағым түсіп, отбасы адвокат жалдауға мәжбүр болған.

Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті аталған іс бойынша барлық қажетті сараптамалар жүргізілгенін хабарлады. Ведомство мәліметінше, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы негізінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылған.