Қазақстанда ет тағы қымбаттады

Қазақстанда ет бағасының өсуі жалғасып жатыр.

Әсіресе қой және сиыр еті соңғы бір жылда айтарлықтай қымбаттаған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

2026 жылдың сәуір айындағы деректерге сәйкес, қой етінің бағасы бір жыл ішінде 23,5 пайызға, ал сиыр еті 20,9 пайызға өскен. Сондай-ақ жылқы еті 14,5 пайызға, шошқа еті 13,7 пайызға қымбаттаған.

Қазіргі уақытта ел бойынша қой етінің орташа бағасы келісі 4 мың теңгеге жуықтаса, сиыр еті 3,7 мың теңгеге, жылқы еті 4,1 мың теңгеге жеткен. Ал шошқа етінің орташа құны 2,9 мың теңгені құрайды.

Ең жоғары баға Алматы мен Ақтау қалаларында тіркелген. Алматыда сиыр етінің келісі 4 мың теңгеден асып, қой еті 4,4 мың теңгеге дейін жеткен. Ал Ақтауда жылқы етінің келісі 4,6 мың теңгеге бағаланып отыр.

Сарапшылар бағаның өсуін өндіріс көлемінің қысқаруы және мал құнының қымбаттауымен байланыстырады. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында Қазақстандағы ет өндірісі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,8 пайызға төмендеген.