Мамандардың сөзінше, мегаполиске жақын орналасқан таулар шаһар үшін әлемдік туристік нарықта танылуға таптырмас мүмкіндік. Себебі аспанмен астасқан таулардың ірі қалаға жақын орналасуы әлемнің санаулы мегаполистерінде ғана кездеседі. Сарапшылар мұндай артықшылық Алматы қаласын Орталық Азиядағы тау туризмінің жетекші орталығына айналдыруға жол ашатынын жеткізді.
Ресми деректерге сүйенсек, 2025 жылы оңтүстік астанасына табан тіреген туристер саны айтарлықтай артқан. Былтыр қалаға 2,4 миллионнан астам турист келсе, оның 754 мыңы – шетелдік қонақтар. Сонымен қатар туризм саласында көрсетілген қызмет көлемі 110,9 млрд теңгеге жетіп, былтырғы жылмен салыстырғанда 15,2 пайызға өскен. Ал салаға тартылған инвестиция көлемі шамамен 200 млрд теңге болған. Мамандардың айтуынша, Қазақстанға келген туристер тек қысқы демалыс үшін емес, экологиялық туризм, трекинг, веломаршрут, кемпинг және табиғат аясындағы белсенді демалыс түрлеріне көбірек қызығушылық танытады. Сондықтан олар Алматы тау кластері маусымдық жоба ретінде қалып қоймай, төрт мезгілге қатар бейімделген туристік экожүйе ретінде дамуы тиіс екенін алға тартты.
Бұл ретте Еуразиялық туризм қауымдастығының президенті Рысты Қарабаева Алматыға халықаралық деңгейдегі ауқымды әрі заманауи туристік жоба қажет екенін атап өтті.
– Тау кластерін дамыту ұзақмерзімді әрі жоғары деңгейде қаражат жұмсайтын туристерді тартуға мүмкіндік береді. Бұл қонақүй, қоғамдық тамақтану, көлік, сервис және шағын бизнес салаларының тұрақты дамуына ықпал етеді, – деді ол.
Қазір Алматы тау кластері аясында бірқатар инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, осыған дейін Алма-Арасан аумағы жаңартылып, жалпы ұзындығы 100 шақырым болатын 10 тау маршруты абаттандырылған. Сонымен бірге күн панельдерімен жабдықталған кемпинг аймақтары іске қосылып, туристік нысандар саны көбейген.
Одан бөлек, сарапшылар халықаралық тәжірибені де назардан тыс қалдырмады. Мәселен, Швейцария, Аустрия және Франциядағы тау туризмі ел экономикасының маңызды секторына айналған. Бұл мемлекеттерде тау инфрақұрылымы тек қысқы маусыммен шектелмей, жыл бойы турист қабылдауға бейімделген. Алматыда да төрт мезгілге арналған туристік бағыттарды дамытуға мүмкіндік бар.
Сарапшылардың пікірінше, тау кластерін дамыту Алматы қаласының халықаралық деңгейдегі имиджін нығайтады. Онымен қоса, бұл бағыт шағын және орта бизнестің дамуына серпін беріп, сервистік экономиканың жаңа драйверіне айналуы ықтимал. Қазірдің өзінде кластерге жыл сайын шамамен 3 миллион турист келеді. Оның ішінде 2,2 миллионы – отандық, ал 764 мыңы – шетелдік туристер.
Дегенмен бұл бағытта шешімін күткен түйткілдер де жоқ емес. Алматы тау кластерін дамыту ең алдымен заманауи инфрақұрылым сапасына байланысты. Қазір өңірдің кейбір туристік аймақтарында бірқатар мәселе әлі де өзектілігін жойған жоқ. Мысалы, таулы аймақтарға апаратын жолдардың жағдайы, автотұрақтардың жетіспеуі, қоғамдық көлік қатынасының әлсіздігі мен санитарлық инфрақұрылымның жеткіліксіздігі туристер үшін қолайсыздық тудырады. Сала мамандарының сөзінше, халықаралық деңгейдегі туристік орталық қалыптастыру үшін ең әуелі базалық сервис толыққанды жолға қойылуға тиіс. Бұл қатарға ыңғайлы жол, заманауи визит-орталықтар, қауіпсіз жаяу бағыттар, навигациялық белгілер, құтқару қызметі, тұрақты интернет байланысы және экологиялық талаптарға сай демалыс орындары кіреді.
Сарапшылар негізге алған тағы бір өзекті мәселе – туристік ағынның көбеюі. Бұл өз кезегінде шаһардағы экология мәселесін де алдыңғы қатарға шығарады.
– Инфрақұрылымды дамыту барысында табиғи ландшафтқа зиян келтірмеу маңызды. Әсіресе қоқыс жүйесін реттеу, су ресурстарын қорғау және тау экожүйесіне түсетін жүктемені бақылау басты назарымызда болуы қажет, – деді мамандар.
Mastercard Tourism Insights зерттеуіне сәйкес, кейінгі жылдары Алматы шетелдік туристер үшін тартымды бағыт ретінде позициясын нығайта түскен. Зерттеу деректері бойынша, қалада шетелдік қонақтардың шығыны 40 пайызға артқан. Ал Алматыға сапарлауға деген қызығушылық 73 пайызға өскен. Халықаралық сарапшылар да Алматының туристік әлеуетіне жоғары баға беріп отыр. Соның бір мысалы, әйгілі Bloomberg басылымы осыған дейін мегаполисті 2026 жылы баруға ұсынылатын әлемдегі үздік 25 бағыттың қатарына енгізген еді.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы