Алаңсыз балалық шақ – бақытты болашақ

1 маусым – жыл сайын атап өтілетін Халықаралық балаларды қорғау күні. Бұл әлемде балалардың құқықтары мен болашағына назар аударуға шақыратын ең мейірімді әрі маңызды мерекелердің бірі.

Осы күн 60-тан астам елде, соның ішінде Қазақстанда да кең көлемде тойланады. Мереке барысында түрлі концерттер, фестивальдер, қайырымдылық акциялары мен балаларға арналған іс-шаралар ұйымдастырылады.

Мереке алғаш рет 1949 жылы Женевада өткен Әйелдердің ха­лық­аралық-демократиялық фе­дера­циясының сессиясында ұсын­ылған болатын. Ал 1950 жылдан бастап 1 маусым ресми түрде Бала­ларды қорғау күні ретінде бекітіліп, жыл сайын тойланып келеді. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – ба­ла­лардың өмірі, денсаулығы, білім алуы мен құқықтарын қорғау қа­жет­тігіне әлем елдерінің назар­ын аудару.

Ұлттық деңгейде бала құқығы Конституциямен, «ҚР бала құқық­тары туралы» заңмен, сондай-ақ «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексімен, «Білім туралы» және басқа да нормативтік актілермен қорғалады. Еліміз Конс­титуциясында отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғау­ында екендігі нақты белгіленген. Сонымен қатар мемлекет балалар­дың құқықтары мен заңды мүдде­лерін қорғауға кепілдік береді.

Алматы қаласы мәслихат депута­ты Диана Ерланның айтуынша, бұл қағидаттар еліміз­дегі балалар­ды қорғау саласындағы барлық заңна­маның негізін құрай­ды.

– Бүгінде балалардың құқық­тарын қорғау мәселесіне мем­ле­кеттік деңгейде ерекше көңіл бөлі­нуде. Жыл басында Мемлекет басшысы «Қазақстан балалары» бағдарламасына қол қойды. Бағ­дарлама балалардың құқықтарын қорғау жүйесін күшейтуге, про­филактикалық жұмысты дамытуға және ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған. Осы мемлекеттік саясат аясында Алматы қаласында Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы құрылып, өз жұмысын бастады. Сондай-ақ Балалардың құқық­тарын қорғау орталығы мен Пси­хо­логиялық қолдау орталығы жұ­мыс істеп, балалар мен отбасыларға кешенді көмек көрсетуде. Бұл қабылданып жатқан шешімдердің нақты нәтижеге айналып, бала­лардың құқықтарын қорғау жүйе­сінің институционалдық тұрғыдан нығайып келе жатқанын көрсетеді. Сондықтан отбасын, ананы, әкені және баланы қорғау қағидаттарын конституциялық деңгейде одан әрі нығайту балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге және балалар мен отбасыларды қолдау шара­ларын күшейтуге қосымша негіз болады деп есептеймін, – деді ол. 

Сонымен қатар еліміз 1994 жылы БҰҰ-ның бала құқықтары туралы конвенциясына (БҚК) қол қойды және әрбір баланың тең құ­қық­тарын қамтамасыз ету бойын­ша жаһандық міндеттемелерді мойнына алды. 2016 жылы Бала құ­қықтары жөніндегі уәкіл инс­титуты құрылды, ал 2022 жылы бала құқықтары жөніндегі уәкілдер Қазақстанның әрбір өңірінде та­ғайындалды. 2023 жылы Қазақ­стан­да Әлеуметтік кодекс қабыл­данып, мемлекеттік жәрдемақылар мен бала күтімі бойынша әлеу­меттік төлемдердің көлемі артып, мерзімі ұзарды.

2024 жылы «Ұлттық қор – ба­ла­ларға» жобасы қолға алынды, оның аясында Ұлттық қордың ин­вес­тициялық кірісінің 50 пайы­зы 18 жасқа дейінгі барлық бала­ның есепшотына аударылып отыр­а­ды. Жиналған қаражатты бала кәмелет жасқа толған кезде оқуға немесе баспана алуға жұмсауына бола­ды. Осы жылы күшіне енген «Әйелдердің құқықтарын қорғау және балалар қауіпсіздігін қамта­масыз ету» туралы заң аясында ба­ла­лар тарапына жасалған қаты­гез­діктің кез келген түріне жауап­кершілік күшейтіліп, буллинг үшін әкімшілік жауапкершілік сынды арнайы нормаларды қамтыды. Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің бастамасымен 2023-2024 жылдары балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету, зорлық-зомбылықтың, суицидтің және жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында бірқатар шара қабылданып, бағ­дар­ламалар мен заңдар әзірленді. 

Мемлекет басшысының тап­сыр­масымен биыл алғаш рет 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақ­стан балалары» тұжырымдамасы әзірленді. Құжат балалық шақ мәселелеріне бірыңғай көзқарас қалыптастырып, қолданыстағы шаралар мен бағдарламаларды тұ­тас жүйеге біріктіреді. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова­ның сөзінше, «Қазақстан бала­лары» тұжырымдамасы балалар саясатын жүйелі дамытуға және әрбір бала үшін тең мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған.

– Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – әрбір баланың білім алу, денсаулығын сақтау, әлеуметтік қорғалу және отбасында тәрбие­лену құқықтарын қамтамасыз ете­тін жүйелі әрі үйлестірілген тәсілді қалыптастыру. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін құжат балалардың қауіпсіздігін күшейтуге, психоло­гиялық және әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ вед­омствоаралық үйлестіруді ны­ғайтуға бағытталған. Қазақстан – балалардың құқықтарын қорғауға арналған мақсатты ұлттық страте­гиясы бар санаулы мемлекеттердің бірі, – дейді Жұлдыз Сүлейменова.

Қазақстанда 2025 жылғы ста­тистика бойынша 7 миллионға жуық бала бар, бұл халық санының үштен бірін құрайды. Соңғы 10 жылда тұрақты демографиялық даму негізінде балалар санының 1,5 миллионға артуы балаларды қолдау жүйесін одан әрі нығайтуды талап етеді. Сала мамандарының пікірін­ше, «Қазақстан балалары» тұжы­рым­дамасы аясында 2030 жыл­ға дейінгі кезеңде негізгі мем­ле­кеттік шараларды бірыңғай басқарылатын жүйеге біріктіре отырып, ведомс­тво­аралық жауап­кершілік пен бүкіл ел бойынша бірыңғай тәсілдерге сүйенетін балалық шақты қорғау­дың жаңа архитектурасын қалып­тастыру өзекті болып отыр. Соны­мен қатар тұжырымдамаға сәйкес қауіп­сіз­дікке, білімге, ден­сау­лыққа, отба­сы­на және әлеумет­тік қорғауға деген базалық құқықтар негізінде бақылауды, ашықтықты және нақ­ты нәтижелерге қол жет­кізу­ді қам­тамасыз ету көзделген. Алғаш рет баланың өмірлік жолын цифрлық сүйемелдеу тетігі енгізіл­іп, онлайн қауіпсіздік шаралары күшейтіледі, инклюзивті орта мен өңірлердегі қолжетімді балалар инфрақұры­лы­мын дамытуға ба­сым­дық беріледі. Сондай-ақ меди­циналық және оң­а­л­ту ұйымдары­ның желісін кең­ейту жоспарланып отыр. Әлеу­мет­тік қолдау көрсету тәсілдері қайта қаралып, оның атаулылығы мен тиімділігіне баса назар аударылды, оның ішінде бала­лар үшін тегін жол жүруді кезең-кезеңімен енгізу қарасты­рыл­ған. Балалардың құ­қық­тары­ның бұзылуының алдын алу тетік­тері де айтарлықтай жаң­ғыртылып, бірыңғай стандарттар, кейсменедж­мент жүйесі енгізі­ле­ді, психология­лық көмектің рөлі күш­ейтіледі және баланы жеке сүйемел­деу тетіктері, оның ішінде қылмыс­тық процесс барысында да қам­та­масыз ету шаралары қарас­ты­рылған.

Бүгінде Оқу-ағарту министрлігі барлық мемлекеттік балабақша, мектептер мен колледждерді зама­науи бейнебақылау жүйелері және бақылау құрылғыларымен жаб­дық­тау бойынша жұмыстарды тол­ық жауапкершілігіне алып, жүйе­лі жұмыстар атқарды. Соны­мен қатар буллингке қарсы KiVa фин­дік бағдарламасы және «ДОС­БОЛ­LiKe» буллингке қарсы пилот­тық жоба ұйымдастырылып, был­тырдан бастап жоба еліміздің барлық мектеп пен колледждеріне енгізілді. 2024 жылдан бастап білім беру ұйымдарында оқушылардан QR-кодтар арқылы мәтіндік өтін­іш­тер жүйесі енгізілді. Бұл жасөс­пірімдерге жасырын түрде қолдау сұрауға мүмкіндік берсе, 24/7 ре­жим­інде жұмыс істейтін 111 бірың­ғай мемлекеттік байланыс орталы­ғы балаларды зорлық-­зом­былықтан арашалауға арналған тиімді тәсіл ретінде бағаланып отыр. 2024 жылы балалар үйлеріне балама ұсынатын кәсіби отбасы қабылдау институты енгізілді. Жүргізілген шаралардың нәтижесінде, балалар үйінде тәрбиеленетін балалар саны соңғы 10 жылда екі есеге (9 мыңнан 4 мыңға дейін) қысқарған.

– Ең алдымен, баланың қауіп­сіздігі мен оның мүддесін басты орынға қою қажет. Кез келген жағ­д­айда баланың құқықтары мен психологиялық жағдайы бірінші кез­екте ескерілуге тиіс. Буллинг, зор­лық-зомбылық, суицидтік мінез-құлық немесе басқа да қауіп факторлары жеке-жеке қарасты­рылатын мәселелер емес. Олар өзара байланысты және кешенді тәсілді талап етеді. Сондықтан тек салдарымен күресіп қана қоймай, оның алдын алу жұмыстарына бас­ым­дық беру маңызды. Бұл бағытта отбасы, мектеп, құқық қорғау ор­ган­дары, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау ұйымдары бір­лесе жұмыс істеуі қажет. Тек осын­дай жүйелі әрі үйлестірілген тәсіл арқылы балалар үшін қауіпсіз орта қалыптастыра аламыз, – дейді Диана Ерлан.

Қазіргі тез дамып жатқан ақпа­раттық технологиялар дәуірінде балалардың құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелердің бірі балалардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Бұл – барлық ата-ана­ның, педагогтардың, мемлекеттік органдардың және балалардың өздерінің қатысуын талап ететін кешенді міндет.


«Kazakhstan Kids Online. Қазақ­стандағы балалардың цифрлық өмірі»  зерттеу нәтижелері бойын­ша, елімізде әлеуметтік желілерге қосылуға 13 жастан асқан бала­ларға рұқсат етілгеніне қарамастан, 9-10 жастағы балалардың 60%-ында және 11-12 жастағы бала­лар­дың 66%-ында өз аккаунттары бар. Бұл балалардың цифрлық қауіпсіз­дік дағдыларын жетілдіруді жал­ғас­тыру, сондай-ақ балалардың жас ерекшеліктерін ескере отыр­ып, балалардың интернетті қауіп­сіз пайдалануын қамтамасыз ету­дегі ата-аналардың рөлін арттыру қажет және ата-аналарды ата-ана бақылауы сияқты қолданбаларға қосу үшін кең ауқымды науқан жүр­гізу  қажеттілігін тудырады.

Сарапшылардың айтуынша, цифрлық орта дамыған сайын ғаламтордағы қауіп те артып кел­еді. Әсіресе ғаламтор мен әлеу­мет­­тік желіні әлдеқайда ерте қолдана бастауының салдарынан балалар зиянды контентке, цифр­лық тәу­ел­ділікке және алгоритм­дердің ық­палына жиі ұшырайды. Сон­дық­тан  мәселені тек тыйым салу тұрғысынан қарастырмай,  жас буын үшін қауіпсіз цифрлық орта қалыптастыру қажет. Сондай-ақ ойын-сауық пен білім беру контен­тін ажыратып, цифрлық сауатты­лық­ты жетілдіру маңызды. 

Бұл бағытта Диана Ерланның пікірінше, балалардың құқық­тарын қорғау саласындағы барлық мемлекеттік органның, білім беру ұйымдарының және азаматтық қоғам өкілдерінің бірлескен жұ­мысы балалар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруда тиімді бағыт саналады.

– Алматы қаласының мектеп­теріндегі профилактикалық жұ­мыс­тар күшейтіліп, буллингтің, зорлық-зомбылықтың, құқықбұзу­шылықтардың және суицидтік тәуекелдердің алдын алу бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимыл дамып келеді. Балалардың құқық­тарын қорғау саласындағы барлық мемлекеттік органның, білім беру ұйымдарының және азаматтық қоғам өкілдерінің бірлескен жұ­мысы балалар үшін қауіпсіз әрі қол­айлы орта қалыптастыруға бағытталған.

Әрине алда атқарылатын жұ­мыс­тар әлі де көп. Дегенмен бүгін­де Алматыда балалардың құқық­тарын қорғаудың жаңа жүйесі қалыптасып келеді және бұл ба­ғыт­тағы жұмыстар кезең-кезеңі­мен жалғасатын болады, – деді ол. Бақытты балалық шақ тек ата-ананың қамқорлығымен ғана емес, сонымен қатар баланың қор­шаған ортасымен де байлан­ысты. Бала махаббатты, мейірім­ділікті және кішіпейілділікті сезін­іп өсуі керек.

P.S.

«... Үлкен болсам, дейтұғын» арман жетегіндегі әрбір баланың жүзіндегі кіршіксіз күлкі – бақытты болашақтың бастауы десек болады.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ