Жамбыл облысында құтқарушылар екі күн бойы із-түзсіз жоғалған малшыны аман-есен тапты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оқиға Сарысу ауданында болған. 1971 жылы туған ер адам 27 мамыр күні жылқымен мал бағуға шығып, үйіне қайта оралмаған. Осыған байланысты құтқарушыларға оның жоғалғаны туралы хабар түскен.
Іздестіру жұмыстарына ТЖД қызметкерлері, полиция, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен ауыл тұрғындары жұмылдырылды. Сонымен қатар дрондар, кинологиялық есептоп және арнайы техника пайдаланылған.
Кеше іздеу тобы жылқы мен малды тапқанымен, малшының нақты орналасқан жерін анықтай алмаған. Сондықтан іздестіру жұмыстары түні бойы жалғасты.
Бүгін таңертең құтқарушылар ер адамды Ақтоғай ауылынан 7 шақырым қашықтықтағы дала аумағынан тапты. Ведомствоның мәліметінше, ол қатты шаршаған, шөлдеген және аяқ киімсіз болған. Дегенмен медициналық көмекке мұқтаж болмаған.
Барлық қызметтердің үйлесімді әрекетінің нәтижесінде іздестіру-құтқару операциясы сәтті аяқталды.