Семейде қазақы тазының үздіктері анықталды

Семей қаласында қазақы тазы тұқымына арналған екі маңызды іс-шара өтті: тұқымдық байқау және монотұқымдық көрме.

Бұл іс-шаралар тазыларды бағалауға, иелер арасында тәжірибе алмасуға және ұлттық тұқымды одан әрі дамытуға арналған маңызды алаң болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Тұқымдық байқау иттердің ресми тұқым стандартына сәйкестігін бағалауға, тұқымдылығын растауға, сондай-ақ иттерді есепке қою үшін қажетті құжаттарды рәсімдеуге бағытталды. Тұқымдық байқауға қазақы тазы тұқымынан 27 ит тіркелді.

Егер тұқымдық байқау тұқымдық белгілері бар иттерді анықтап, оларды есепке қоюға бағытталса, монотұқымдық көрме — куәлігі бар иттер арасындағы жоғары тұқымдық титулдар үшін өтетін жарыс.

Монотұқымдық көрмеге 40 ит тіркелді.

Көрме қорытындысы бойынша тұқымның үздік өкілдері анықталды:

Үздік беби — SHAGANE

Үздік юниор — KOKDAUL

Үздік арлан — DASTER

Үздік ұрғашы — REYCHEL

Тұқымның үздік өкілі — DASTER

Айта кетейік, DASTER 3-7 маусым аралығында Италияның Болонья қаласында өтетін Әлем чемпионатына қатысып, Қазақстанның намысын және қазақы тазы тұқымын халықаралық аренада қорғайды.

Қатысушылар тұқымның ерекшеліктеріне қызығушылық танытып, иттерді күтіп-бағу, өсіру, экстерьер және құжат рәсімдеу мәселелері бойынша сұрақтар қойды. Көпшілік үшін бұл өз иттерін сарапшыларға көрсету ғана емес, пікірлес адамдармен пайдалы кездесу болды.

Мұндай іс-шаралардың ерекше маңызы бар. Олар практикалық асылдандыру жұмысын және көрмелік бағалауды біріктіреді. Тұқымдық байқау стандартқ сәйкес келетін иттерді анықтап, есепке қоюға мүмкіндік берсе, монотұқымдық көрме тұқымның үздік өкілдерін көрсетуге, ит қорының деңгейін салыстыруға және жауапты өсіру мәдениетін қолдауға жағдай жасайды.

Семей қаласы қазақы тазыға деген қызығушылықтың жоғары екенін тағы бір рет көрсетті. Иелердің қатысуы, өсірушілердің белсенділігі және иттердің жақсы нәтижелері ұлттық тұқымның дамып келе жатқанын, сондай-ақ тазының мәдениетпен, дәстүрмен және жеке тарихпен тығыз байланысты екенін дәлелдейді.