Университет мақтанышы: ғылымды алға жетелеген түлектер

Университет Түлектер күнін атап өтті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті дәстүрлі түрде Түлектер күнін атап өтті. Мерекелік жиынға ҚР Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы, ҚазҰУ Директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми, ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев қатысты. Сондай-ақ оқу орнын бітіргендеріне 5 жылдан бастап, 60 жылға дейінгі уақыт өткен түлектер жиналып, алтын ұяларымен қайта қауышты.

 Салтанатты шара Әл-Фараби ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Түлектер күнін оқу ордасының Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев құттықтау сөзбен ашып, туған университетке арнайы келген түлектерге ризашылығын жеткізді.

«ҚазҰУ – ел элитасын тәрбиелеген қасиетті қара шаңырақ, тәуелсіз Қазақстанның басты интеллектуалдық тірегі. Бүгінде біз жаңа дәуірдің, жаңа белестердің куәсіміз. Осы жылдың 19 наурызында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев университетімізге арнайы келіп, ғылыми қоғамдастықпен жүздесті. Президентіміз университеттің ел дамуындағы стратегиялық рөліне жоғары баға беріп, алдымызға үлкен міндеттер қойды. Ғылымды өндіріс пен экономикамен ұштастыру, жас ғалымдарды қолдау, халықаралық байланыстарды күшейту және жаңа заман талаптарына сай бәсекеге қабілетті кадр даярлау бағытында нақты тапсырмалар жүктеді. Мемлекет басшысының бұл сенімі – біз үшін зор мәртебе әрі биік мемлекеттік жауапкершілік. Біз осы сенімді ақтау мақсатында университетіміздің ғылыми-инновациялық қуатын одан әрі нығайтып келеміз», – деді ректор.

Өз сөзінде ЖОО басшысы ҚазҰУ-дың соңғы жетістіктеріне тоқталып, университет қалашығын дамытудың ІІ кезеңі аясында жүзеге асырылып жатқан жобалардың барысын таныстырды. Ректор білім беру және ғылыми инфрақұрылымды жаңғырту, студенттерге қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатқанын атап өтті. 

Осы орайда, Жансейіт Қансейітұлы туған университетке арнайы келіп, қара шаңырақтың жаңаруына айтарлықтай үлес қосқан әр жылғы бітірушілерге ерекше алғыс білдірді. Түлектердің қолдауымен университет өмірінде үлкен оң өзгерістер орын алды. Нақтырақ айтсақ, заң, география, ақпараттық технологиялар, филология және химия факультеттерінде дәрісханалар мен коворкинг алаңдары күрделі жөндеуден өтіп, Хабиболла Оспанов атындағы фойе мен Түлектер аллеясы бой көтерді. Сонымен қатар физика-техникалық, информатика және биология факультеттерінің түлектері оқу ордасын заманауи техникалармен, LED экрандармен және жаңа кітаптармен қамтамасыз етті. Ең бастысы, ардагерлер мен жас түлектердің бұл жанашырлығы тек инфрақұрылымды жаңартумен шектелмей, шығыстану және журналистика факультеттерінің қолдауымен үздік оқитын студенттерге шәкіртақы тағайындаумен жалғасты.

Жиында ҚР Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров пен ҚазҰУ Директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми сөз сөйлеп, университет ұжымын және барлық түлектерді айтулы мерекемен құттықтады. Олар ҚазҰУ-дың ел ғылымы мен білімінің дамуына қосып келе жатқан үлесін жоғары бағалап, оқу орнының алдағы уақытта да жаңа белестерді бағындыра беретініне сенім білдірді.

Концерттік бағдарлама барысында түлектер «Армандастар» әнін бірге орындады. Сонымен қатар түлектер вальсі мен 2026 жылғы түлектердің заманауи би қойылымы көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Шетелдік студенттер де сахнаға шығып, университет түлектерін мерекемен құттықтап, ҚазҰУ-дың халықаралық беделін айшықтай түсті.

Кеш барысында Алматы туралы танымал әндерден попурри орындалып, мерекелік шара «Жасай бер, ҚазҰУ-ым!» әнімен қорытындыланды.

Айта кетейік, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін биыл 6486 түлек бітіреді. Оның ішінде 4417 – бакалавр, 1579 – магистрант, 490 – докторант бар