1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Ұлттық ұланның Орал қаласында орналасқан 5517 әскери бөлімінде әскерилердің балаларына арналған мерекелік іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Әскери бөлім аумағында өткен думанды мереке балалар мен ата-аналарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, патриоттық тәрбиені насихаттаған тағылымды шараға айналды.
Мерекелік бағдарлама барысында қонақтарға әскери бөлімнің тыныс-тіршілігі таныстырылып, заманауи әскери техника мен қару-жарақ үлгілерінің көрмесі ұйымдастырылды. Балалар әскери техникалардың ішіне отырып көріп, сарбаздардың күнделікті қолданатын жабдықтарымен танысты. Әсіресе қару-жарақтарды қолмен ұстап көру мүмкіндігі бүлдіршіндерге ерекше әсер сыйлап, олардың әскери мамандыққа деген қызығушылығын арттырды.
Шара аясында балаларға тәттілер таратылып, түрлі ойын-сауық бағдарламалары мен спорттық жарыстар өткізілді. Әсіресе «Әкем, анам және мен» атты отбасылық спорттық сайыс көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Тартысқа толы әрі қызықты өткен додада қатысушылар өздерінің ептілігі мен ұйымшылдығын көрсетті.
Сайыс қорытындысы бойынша:
І орын – Әділ Бигелдиевтің отбасы
ІІ орын – Әділханұлы Мирастың отбасы
ІІІ орын – Мирамбек Таңатаровтың отбасы иеленді.
Сонымен қатар балалар мен ата-аналар арасында би билеу, спорттық эстафеталар және өзге де көңілді сайыстар ұйымдастырылып, мерекенің ажарын аша түсті. Кішкентай қонақтардың шат күлкісі мен ата-аналардың ризашылығы шараның жоғары деңгейде өткенін айқын көрсетті.
«Балалар – еліміздің болашағы. Осындай мерекелік іс-шаралар арқылы жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіріп, әскери қызметке деген қызығушылықты арттыруды мақсат етеміз. Балалардың қуанышы – біз үшін ең үлкен марапат», – деп атап өтті іс-шараны ұйымдастырушы майор Шыңғыс Темиров
5517 әскери бөлімінде өткен бұл мереке балаларға ұмытылмас әсер сыйлап қана қоймай, отбасы құндылығы мен патриоттық тәрбиенің маңызын дәріптеген жарқын шара болды.