Еуропалық клубта ойнайтын қазақ футболшысы елге оралуы мүмкін

Бұл туралы The Scottish Sun басылымы жазды.

Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Ислам Чесноковтың шотландиялық «Хартс» клубынан кетуі мүмкін, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Басылым жазғы трансферлік кезеңде командадан кетуі ықтимал футболшылар тізімін жариялап, оған қазақстандық ойыншыны да енгізген. Журналист Роджер Ханнаның мәліметінше, негізгі құрамнан тұрақты орын ала алмаған Чесноковтың Қазақстанға оралып, бұрынғы клубы қостанайлық «Тобылдың» сапына қайта қосылуы ықтимал.

Шотландиялық клуб қазақстандық вингерді қатарға қосу үшін бірқатар бюрократиялық рәсімдерден өткен. Бірақ футболшы маусымның екінші бөлігінде негізгі құрамда небәрі бес матчты алғашқы минуттардан бастап, бір гол соққан. Сондай-ақ командадағы бәсекелестіктің күшеюі оның алаңдағы уақытын одан әрі азайтуы мүмкін.

Бұған дейін Ислам Чесноковтың шымкенттік «Ордабасыға» немесе Ресей Премьер-лигасы клубтарының біріне ауысуы мүмкін екені айтылған. Енді шотландиялық БАҚ оның мансабын Қазақстанда жалғастыру нұсқасы да қарастырылып жатқанын хабарлады.