BBC Science Focus талдауына сүйенген Aikyn.kz ұрпақ өсіру бақыты мен жеке бастың тыныштығы арасындағы батыстық және шығыстық көзқарастарды салыстырады.
Әрбір ата-ана бала сүюді өміріндегі ең үлкен бақыт деп санайды. Бірақ батыс мәдениетінде ата-ана болу – қуанышпен қатар үлкен шаршау, стресс және жеке уақыттың азаюымен бірге келетіні жиі айтылып жүр. Тіпті, «бала адамды бақытты ете ме?» деген сұрақтар да шынымен талқылануда. Бұл қаншалықты дұрыс?
Адамзаттың ұзақ тарихында бала туу адам өмірінің табиғи әрі міндетті бөлігі ретінде қабылданып келді. Алайда соңғы жылдары батыс әлемінде бұл көзқарас өзгере бастаған. Кей адамдар саналы түрде үйленбейді, бала сүймеуді таңдайды. Соған қарамастан, көпшілік өмірінің белгілі бір кезеңінде ата-ана болғысы келеді.
Ғылым бұл мәселеге ми жұмысы тұрғысынан қарайды. Бала дүниеге келгеннен кейін, әсіресе ана ағзасында окситоцин бөлінеді. Оны кейде «құшақтасу гормоны» деп атайды. Бұл гормон ана мен бала арасындағы эмоционалдық байланысты күшейтіп, жақын қарым-қатынастан рақат алу сезімін арттырады.
Бірақ бұл тек анаға ғана қатысты емес. Әкелер мен ата-әжелер, тіпті бөтен адамдар да сәбимен эмоционалдық байланыс орнатады. Адам миы сәбидің иісіне, әлсіздігіне, үлкен көздері мен кішкентай денесіне ерекше жауап береді. Бұл бізде қорғау, қамқор болу және жақындық сезімін оятады.
Материалдық құндылықтарды, жан тыныштығын алдыңғы қатарға шығарған батыс мәдениетінде физикалық қиындықтар мен ата мен ана болу бақытын салыстыру заңдылық түрінде қаралады. Олар үшін «ұйқысыз түндер, шығындар, жауапкершілік, шаршау, жеке өмірдің өзгеруі – бұның бәрі стресті күшейтеді» деп саналады.
«Уақыт өте алғашқы күшті қуаныш сезімі бәсеңдеуі мүмкін, себебі бала өскен сайын жаңа міндеттер көбейеді» деген тұжырым материалдық құндылықтарды бағалайтын қоғамдарға тән.
Шығыс әлемінде, әзірше, басқаша. Бізде ата-ана болу қиындық емес, Жаратушы берген сый. Баланың алғашқы қадамы, алғашқы сөзі, жетістігі, бірге өткізген уақыт, оның өскенін көру – адамға ерекше қуаныш сыйлайды. Бұл сезімдер баласыз өмірде ешқашан болмайды.
Бүгінгі батыс әлемінде «бала сүю адамды бақытты да, бақытсыз да етпейді» деген ұғым қалыптасқан. Олар үшін «бала – адамның эмоциялық өмірін күшейтеді, қуаныш тереңірек болғанымен, уайым мен шаршау да көбірек сезіледі».
Ал қазақ отбасында бала – бақыттың кепілі. Қазақ отбасы үшін бала сүю – тек жеке бақыт емес, өмірдің басты мағынасы және ұрпақ жалғасы деп қабылданады. Қазақ дүниетанымында бала – отбасының берекесі мен болашаққа деген үмітінің символы. Сіз қандай көзқарастасыз?