Тарихшы әрі қоғам белсендісі Жұмамұрат Шәмші қазақ тойларындағы ысырапшылдық мәселесін көтерді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ол “Адырна” YouTube арнасына берген сұхбатында қымбат тойлар мен желінбей қалатын тағамдардың көптігін сынға алды.
Оның айтуынша, Астанадағы сән-салтанаты келіскен мейрамханалардың саны жылдан-жылға артып келеді. Бұл өз кезегінде жұрттың тойды барынша даңғазалы өткізуге ұмтылуына әсер етуде.
«Той бірнеше сағатта аяқталады, бірақ оған кететін шығын өте көп. Адам ертеңгі күнді де ойлауы керек», – деді ол.
Сондай-ақ қоғам белсендісі тойларда рәсуа болып жатқан астың көлеміне алаңдайтынын жеткізді.
«Тойдан кейін шашылып жатқан тамақты көргенде шошисың. Обал болады. Артық асты мұқтаж жандарға тарату керек. Өкінішке қарай, оның көбі кейін бұзылып кетеді», – деді Жұмамұрат Шәмші.
Ол қазақ халқы ежелден қанағатшыл әрі мейірімді болғанын айтып, ысырапқа жол бермеуге шақырды.