Максим Горький атындағы театрға ұлттық мәртебе беріледі: ұжым Президентке ризашылығын жеткізді

Максим Горький атындағы театр – еліміздегі ең көне мәдени ошақтардың бірі.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде Астанадағы Максим Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрына «ұлттық» мәртебе беру туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Театр ұжымы бұл бастаманы отандық мәдениетке көрсетілген жоғары құрмет пен шығармашылық қауымдастықтың көпжылдық еңбегіне берілген лайықты баға ретінде қабылдап, Мемлекет басшысына алғысын білдірді.

Максим Горький атындағы театр – еліміздегі ең көне мәдени ошақтардың бірі. Биыл театр өзінің 125 жылдық мерейтойын атап өтуде. Ұжым өкілдерінің айтуынша, Президенттің театрға ұлттық мәртебе беру туралы шешімі тарихи оқиға әрі көпжылдық еңбектің заңды нәтижесі болып табылады.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың театрымызға ұлттық мәртебе беру туралы шешімі – біз үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Бұл – ұжымның көпжылдық еңбегі мен шығармашылық ізденістеріне берілген жоғары баға. Барша театр ұжымы атынан Мемлекет басшысына шынайы алғысымызды білдіреміз», – деді театр директоры Ғани Кәрімов.

Бүгінде театр ұлттық мәдениетті насихаттауға белсенді үлес қосып келеді. Қазақ драматургиясының үздік туындылары орыс тілінде сахналануда. Театр репертуарында «Шыңғыс хан», «Хан Кене», «Томирис – сақ патшайымы», «Соңғы тәубе», «Әлия», «Сәкен Сейфуллин» және басқа да тарихи тұлғалар мен ұлттық құндылықтарға арналған қойылымдар бар.

Сонымен қатар театр Қазақстан мәдениетін халықаралық деңгейде лайықты танытып келеді. Ұжым SAMGAU фестивалінің Гран-при иегері атанып, «Ресейдегі кездесулер» және «Алтын Витязь» секілді беделді халықаралық фестивальдерде табысты өнер көрсетті. Бұдан бөлек, театр Сербия, Қытай, Испания және Венгрия елдеріндегі халықаралық жобалар мен гастрольдік сапарларға қатысып, шетелдік көрермендерді қазақстандық театр өнерімен таныстырды. 2023 жылы театр UMAI ұлттық сыйлығының «Үздік драмалық спектакль» номинациясы бойынша лауреаты атанды.

Театр директорының айтуынша, ұлттық мәртебенің берілуі шығармашылық ұжымның мүмкіндіктерін кеңейтіп, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға жол ашады. Бұл шетелдік режиссерлермен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, халықаралық фестивальдер мен гастрольдік бағдарламаларға қатысуға, сондай-ақ танымал өнер қайраткерлерін тартуға жаңа мүмкіндіктер береді.

Алдағы уақытта театр қазақстандық авторлармен ынтымақтастықты күшейтіп, заманауи драматургияны дамытуға, жас шығармашыл тұлғаларды қолдауға және спектакльдердің сапасы мен мазмұнын арттыруға басымдық береді. Сондай-ақ халықаралық мәдени байланыстарды кеңейту және театрдың техникалық базасын жаңғырту жұмыстары жалғасады.

«Ұлттық мәртебе – бұл өткен жолымыздың мойындалуы ғана емес, болашақ алдындағы үлкен жауапкершілік. Біз көрермендердің сенімін ақтап, Қазақстанның театр өнерін халықаралық деңгейде лайықты таныта беретін боламыз», – деп атап өтті Ғани Кәрімов.