BBC Future материалының негізінде Aikyn.kz ақылды көліктердің қауіпті жақтарын талдайды.
Жаңа дәуірдің көліктері бұрынғыдай жай ғана қозғалыс құралы емес. Олар интернетке қосылған, жүздеген сенсорлармен жабдықталған және жүргізуші туралы үлкен көлемдегі ақпаратты жинайтын күрделі цифрлық жүйеге айналды. Қазіргі көліктер жүргізушінің тұратын мекенжайын, қайда барғанын, қандай жылдамдықпен жүргенін, қауіпсіздік белдігін таққан-тақпағанын, тіпті көлікте кім отырғанын анықтай алады. Кейбір модельдер жүргізушінің салмағы, жасы, бет-әлпеті және мінез-құлық ерекшеліктері туралы ақпарат жинауға қабілетті. Салон ішіндегі камералар адамның қайда қарап отырғанын, шаршағанын немесе назарын басқа жаққа аударғанын бақылай алады.
Brookings институтының сарапшысы Даррелл Уэсттің айтуынша: «Адамдар өз көлігінің қанша дерек жинайтынын білсе, қатты таңғалар еді. Іс жүзінде адамның өмірін секунд сайын бақылап отыруға болады».
Бұл қазіргі көліктердің жай ғана техника емес, деректер жинайтын платформаға айналғанын көрсетеді. Mozilla ұйымы 25 автокөлік брендінің құпиялық саясатын зерттеп, олардың ешқайсысы дербес деректерді қорғау стандарттарына сәйкес еместігін анықтаған. Ұйым көліктерді «құпиялық тұрғысынан қарағанда бұрын-соңды зерттелген ең нашар өнім санаты» деп атаған. Кейбір компаниялар жүргізушілер туралы ақпаратты үшінші тараптарға сатуға құқықтарын сақтап қалған.
Сарапшыларды алаңдататын тағы бір мәселе – жүргізушілердің көпшілігі қандай ақпаратқа келісім беріп отырғанын білмейді. Көлік жүйесін іске қосқанда немесе мобильді қосымшаны пайдаланғанда ұсынылатын ұзақ құпиялық келісімдерін адамдардың басым бөлігі оқымайды. Соның нәтижесінде олардың қозғалысы, әдеттері мен мінез-құлқы туралы ақпарат түрлі ұйымдардың қолына түсуі мүмкін.
Қазіргі жағдайда ең маңызды мәселе – технологияның дамуы емес, сол технология арқылы жиналатын деректердің кімнің қолына түсетіні және оны қалай пайдаланатында.