Қазақстанда дипломсыз жұмысқа орналасуға мүмкіндік беріледі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Тұяқбаевтың айтуынша, бұл бастама дипломның маңызын төмендетпейді, керісінше азаматтардың кәсіби дағдыларын растаудың қосымша тетігі болады.

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған заң жобасы аясында жұмысқа орналасу кезінде кәсіби біліктілік сертификаттарын пайдалану ұсынылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Тұяқбаевтың айтуынша, бұл бастама дипломның маңызын төмендетпейді, керісінше азаматтардың кәсіби дағдыларын растаудың қосымша тетігі болады.

«Егер адамның дипломы болмаса, бірақ белгілі бір салада жұмыс істеуге қажетті біліктілігі болса, оны кәсіби біліктілік сертификаты арқылы дәлелдеуге мүмкіндік беріледі», – деді вице-министр.

Жаңа норма негізінен қызмет көрсету саласына қатысты болмақ. Атап айтқанда, қонақүй бизнесі, шаштараз қызметі және өзге де сервистік бағыттарда кәсіби біліктілікті сертификат арқылы растауға жол ашылады.

Сондай-ақ заң жобасында жұмыс берушілердің колледждердің білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қатысуы көзделген.