Бағдаршам да, ересектер де көмектеспеді: Көкшетауда тағы бір бала көлік астына түсті

Таңғалдырған жайт – ата-аналар көлік жүргізушісіне ешқандай шағымданбаған.

Көкшетауда тағы бір рет балалардың қатысуымен жол-көлік оқиғасы тіркелді. Алайда бұл жолғы жағдай ерекше. Суыт оқиға қаланың қақ ортасында, жарықпен және барлық қауіпсіздік белгілері бар жерде орын алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

«Лада» маркалы жеңіл автокөлік реттелетін жаяулар өткелде баланы қағып кетті. Бейнебақылау камерасынан баланың жолдан өтуі ересектермен бірге жүзеге асып жатқан, ал барлық қауіпсіздік шаралары – бағдаршам, жол белгілері, ересектердің сүйемелдеуі – сақталған еді. Бірақ бұл да оқиғаның алдын алуға жетпеді.

Бір қуантарлығы, бала  ауыр жарақат алмаған. Таңғалдырған жайт – ата-аналар көлік жүргізушісіне ешқандай шағымданбаған.

Көкшетау полициясының мәліметінше, жол-көлік оқиғасы Назарбаев – Жүнісов көшелерінің қиылысында болған. 

Көлік жүргізушісі жаяулар өткелінде  жол бермей, ережесін бұзған. Осы факті бойынша жүргізушіге қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 600-бабы  1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, – дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Көкшетауда соңғы кезде тым жиілеп кеткен балалар қатысқан жол-көлік оқиғалары бізге бір нәрсені тағы бір рет еске салады. Тіпті, реттелетін өткелдер мен ересектердің бақылауы да балаларды толық қорғауға кепілдік бермейді. Жолда әрдайым сақ болу – тек жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер үшін ғана емес, балалар үшін де аса маңызды.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы