"Түні бойы азаптаған": Алматы облысында демалыс аймағының қызметкерлері адам өлтірді деген күдікке ілінді

Полиция екі күдіктіні қамауға алды, тағы бір адамға қатысты шешім тергеу нәтижесінен кейін қабылданады.

Алматы облысының тұрғыны әлеуметтік желіде 29 жастағы бауырының 23 мамыр күні жұмысқа кетіп, содан кейін үйіне оралмағанын жазды. Туыстары бірнеше күн бойы ер адамды іздеген. Ал 27 мамырда оның мәйіті табылғаны белгілі анықталды,  деп хабарлайды Aikyn.kz

Әйел бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазған. Оның айтуынша, бауырының денесі өзі жұмыс істеген демалыс аймағының маңынан көмілген күйде табылған.

Оны өзімен бірге жұмыс істеген қызметтестері өлтірді. Түні бойы азаптаған. Үшеуі жабылып, таспен ұрған. Соның бәрінен кейін ол толық жан тапсырмаған күйде тірідей көміліп кеткен. Бүгін біздің отбасымыз бір ғана нәрсені талап етеді – шындық. Біз оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, толық, әділ әрі объективті тергеу жүргізуді сұраймыз. Егер кінәсі дәлелденсе, барлық жауаптылар тиісті жазасын алуы керек, – деді марқұмның әпкесі.

Алдын ала мәлімет бойынша, демалыс аймағында жұмыс істеген бірнеше ер адам бірге ішімдік ішкен. Кейін араларында жанжал шығып, күдіктілер жәбірленушіні соққыға жыққан. Артынша қылмыстың ізін жасыру үшін оны жақын маңға көміп кеткен болуы мүмкін.

Алматы облыстық Полиция департаменті  27 мамыр күні Ұйғыр аудандық полициясына әйел адам арызданғанын хабарлады. 

– Адам өлтіру және қылмысты жасыру фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Екі күдікті қамауға алынды. Оқиға кезінде олардың жанында болған үшінші ер адамға қатысты процессуалдық шешім тергеу нәтижесіне қарай қабылданады, – дейді Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полиция өкілдерінің мәлімдеуінше, қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.