Астанада тағы бір қайғылы жағдай: төрт жасар бала терезеден құлап көз жұмды

Полицияның мәліметінше, бүлдіршін алған ауыр жарақаттарының салдарынан оқиға орнында көз жұмған.

Астана қалалық Полиция департаменті Сарайшық көшесі, 7/1 мекенжайында төрт жасар баланың екінші қабаттың терезесінен құлағанын растады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Полицияның мәліметінше, бүлдіршін алған ауыр жарақаттарының салдарынан оқиға орнында көз жұмған.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Айта кетейік, осыдан екі күн бұрын елордада тағы бір қайғылы жағдай тіркелген еді. Төрт жасар қыз бала жетінші қабаттың терезесінен москит торымен бірге құлап, оқиға орнында қаза болған.

Құтқарушылар мен дәрігерлер москит торлары баланың салмағын көтере алмайтынын және ата-аналарға жалған қауіпсіздік сезімін тудыратынын үнемі ескертіп келеді.

Мамандар балалардың қауіпсіздігі үшін оларды қараусыз қалдырмауға, бала бар кезде терезені ашық ұстамауға, москит торына сенбеуге және терезелерге арнайы бекіткіштер мен блокираторлар орнатуға кеңес береді. Сондай-ақ балалардың терезеге өздігінен жақындауына жол бермеу үшін жиһазды терезеден алыс орналастыру қажеттігін еске салды.