Астанадағы ем қабылдап жатқан балаларға Ұлттық ұлан ерекше сый жасады

Ізгі шараның басты мақсаты – балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, олардың жүздеріне күлкі ұялату.

Балаларды қорғау күні қарсаңында ҚР ІІМ Ұлттық ұланы әлеуметтік бастама көтеріп, Астанадағы «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығында ем қабылдап жатқан бүлдіршіндерге арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ізгі шараның басты мақсаты балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, олардың жүздеріне күлкі ұялату. Іс-шараға Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, медициналық орталық қызметкерлері, ата-аналар мен балалар қатысты.

Мерекелік шара барысында Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Аңсаған Балтабековтің атынан орталыққа және ем алып жатқан бүлдіршіндерге арнайы сыйлықтар табысталды.

Бағдарлама аясында құқықтық тәртіп әскерінің Үлгілі-көрсетілім оркестрі өнер көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әсіресе, әскери музыканттардың «Қуырмаш», «Қошақаным» сияқты балалар әндерін, сондай-ақ танымал шетелдік шығармаларды орындауы бүлдіршіндерге ерекше әсер қалдырды. Сонымен қатар Ән-би ансамблінің жарқын қойылымдары да мерекенің сәнін кіргізді.

Сондай-ақ балалар мен олардың ата-аналары қару-жарақтың, брондалған техника мен жеке қорғаныс құралдарының көрмесін тамашалады. Қонақтар әскери техниканы жақыннан көріп, естелік суретке түсу мүмкіндігіне ие болды.

Осылайша, Балаларды қорғау күніне арналған мерекелік іс-шара балаларға қуаныш сыйлап, олардың көңілінде жарқын әсер қалдырды.

Айта кетейік, Ұлттық ұлан мұндай игі шараларды тұрақты түрде өткізіп келеді. Бұл бастамалар жас ұрпақты Отанды құрметтеуге баулып, патриоттық рухта тәрбиелеуге бағытталған. Соның бір дәлелі ретінде бұған дейін жүзеге асқан Guard Next жобасын атауға болады.