Жасанды интеллект көмегімен 6 мыңнан астам есірткі дүкені анықталды

Осы жылдың басынан бері әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде 4,5 мыңнан астам заңсыз материалдар жойылған.

Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева кешенді жұмыстар бірнеше бағыт бойынша жүргізіліп жатқанын және «Заң мен тәртіп» қағидатына негізделгенін баяндады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жергілікті атқарушы органдардың нашақорлыққа қарсы күресті қамтитын қоғамдық қауіпсіздіктің негізгі бағыттары бойынша ақпараттық белсенділігіне мониторинг жүргізілуде. Осы жылдың басынан бері әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде 4,5 мыңнан астам заңсыз материалдар жойылған. Жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып есірткі заттарына қатысты вирустық контенттерді анықтайтын «MERGEN» жобасы аясында 22 мыңнан астам цифрлық контент өңделіп, 6,1 мыңнан астам есірткі дүкендері бұғатталған. Бұл жастардың желідегі есірткіні насихаттаумен байланысты ақпараттарға тап болуын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік берді.

Есірткіні онлайн сатуға қарсы іс-қимыл, көлеңкелі қаржы ағындарын анықтау және мемлекетаралық цифрлық платформа құру жөніндегі шараларға да назар аударылды.

Бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегенов мониторинг жүргізуді, деректерді талдамалық өңдеуді және ведомствоаралық ақпарат алмасуды жүзеге асыратын Ұлттық ведомствоаралық Таргетинг-орталықтың жұмысы туралы баяндады. Орталық құрылғаннан бері (2025 жылдың қазан айында ашылған) ІІМ-ге прекурсорларды заңсыз әкелумен және олардың айналымы тәуекелдерімен байланысты 78 факт бойынша материалдар, 33 есірткі қаупі туралы хабарлама жіберілген, 23 лицензиялық-рұқсат беру құжаты қайтарып алынған. Нәтижесінде айналымнан 23,3 тонна прекурсорлар шығарылды. Жалпы алғанда, бұл жұмыстар қаржылық цифрлық арналарды бұғаттаудың тиімділігін арттыруға, сондай-ақ уәкілетті органдардың келісілген ден қою қимылын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Заңнамалық база жетілдіріліп жатыр. Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев 2025 жылдан бастап есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысты бірқатар қылмыстық құқық бұзушылық үшін жаза қатаңдатылатынын, сондай-ақ есірткі құралдарын медициналық мақсаттан тыс тұтынғаны үшін әкімшілік жаза қолданылатынын баяндады. Қолданыстағы тізбеге 94 атау кіреді. Қазіргі уақытта бірқатар күшті әсер ететін заттарға және сараптама жүргізуге арналған жаңа әдістер әзірленуде.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы арқылы құқықтық тәрбие беру, қаржылық жауапкершілікті қалыптастыру және азаматтық белсенділікті дамыту жөніндегі шаралар жүзеге асырылып жатқанын баяндады. Мектептерде «қауіпсіздік сабақтары» енгізілді, онда оқушылармен алкогольді, темекіні, психоактивті заттар мен есірткіні қолдану мен таратудың алдын алу мәселелері талқыланады. Білім беру ұйымдарында профилактикалық жұмысқа сынып жетекшілерін, тәрбиешілерді, педагог-психологтар мен әлеуметтік педагогтарды қоса алғанда 360 мыңнан астам педагог тартылған. Тәуекел тобындағы отбасылармен өзара әрекеттесуге ерекше назар аударылады. Барлық мектептерде ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары жұмыс істейді, олар үшін 3,5 млн адам қамтылған 315 мың іс-шара өткізілді.