Түркістанда «AMANAT» партиясының бастамасымен облыстық балалар кітапханасының жаңа ғимараты ашылды

Бұл мәселе алғаш рет «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы «MIRAS» қоғамдық кеңесі алаңында көтерілді.

Халықаралық балаларды қорғау күні Ыбырай Алтынсарин атындағы Түркістан облыстық балалар кітапханасының жаңа ғимараты ашылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл кітапхана биыл 65 жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр. Шымкент қаласынан көшірілгеннен кейін бұл мекеменің ұзақ уақыт бойы жеке ғимараты болмағандықтан, оның кітап қоры «Farab» ғылыми кітапханасында сақталған еді.

Бұл мәселе алғаш рет «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы «MIRAS» қоғамдық кеңесі алаңында көтерілді. Кеңес төрағасы әрі облыстық мәслихат депутаты Қалыйма Жантөреева Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне, жергілікті экономика басқармасына депутаттық сауалдар жолдап, сондай-ақ мәселені барлық деңгейдегі депутаттардың II республикалық форумында да көтерді. Бастаманы облыс әкімі Нұралхан Көшеров қолдап, ғимарат сатып алуға 500 млн теңге бөлді. Бұл шешім облыстық мәслихат тарапынан мақұлданды. Нысанның ашылуы Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығымен тұспа-тұс келді. Салтанатты рәсімге өңір басшылығы, «AMANAT» партиясының өкілдері, мәдениет қайраткерлері мен қала тұрғындары қатысты.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бұл оқиға ерекше маңызға ие екенін атап өтіп, кітапхананы 65 жылдық мерейтойымен құттықтады және жаңа ғимараттың ашылуы балалардың болашағына жасалған зор инвестиция екенін мәлімдеді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында тек кітап оқитын ұлт қана зияткер қоғам құра алатынын атап өтті. Жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру – болашаққа салынған ең маңызды инвестиция. Кітапхана орналасқан бұрынғы ғимараттың жағдайымен танысқаннан кейін балаларға арналған заманауи зияткерлік орталық құру туралы бастама көтердім және оны қолдаған мәслихат депутаттарына алғысымды білдіремін», – деді Нұралхан Көшеров.

Депутат Қалыйма Жантөреева облыстық балалар кітапханасын жеке ғимаратпен қамтамасыз ету мәселесі жай ғана инфрақұрылымдық міндет емес, өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісімен тікелей байланысты стратегиялық мәселе екенін атап өтті.

«Бұл мәселе алғаш рет «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы «MIRAS» қоғамдық кеңесінің алаңында көтеріліп, кейін барлық деңгейдегі депутаттардың республикалық форумында талқыланды. Нәтижесінде біздің бастамамыз қолдау тауып, облыс басшылығы деңгейінде нақты шешімдер қабылдауға негіз болды. Әкімдік пен депутаттық корпустың бірлескен жұмысы арқылы кітапханаға жаңа ғимарат сатып алуға жағдай жасалды. Ең бастысы – бұл шешім балалардың кітап оқуына, рухани дамуына және шығармашылық тұрғыдан өсіп-өнуіне қажет заманауи кеңістік қалыптастыруға жол ашты. Жаңа ғимарат – болашақ ұрпақ алдындағы сенім мен жауапкершіліктің символы», – деді Қалыйма Жантөреева.

Жаңа ғимаратта заманауи оқу залдары мен зияткерлік аймақтар бар. Ашылу салтанаты барысында мекеме тарихы мен Ыбырай Алтынсариннің шығармашылығына арналған көрме ұсынылды. Бұл оқиға – «Кітап оқитын ұлт» жобасын қолға алған «AMANAT» партиясының жүйелі жұмысының жалғасы. Партияның сайлауалды бағдарламасы аясында елімізде 150 мәдени нысан салынып, 755 нысан жөндеуден өтті. Түркістан облысында заманауи кітапханалармен жабдықталған 87 мектеп бой көтерді. Сонымен қатар «Кітап-AMANAT» кітап орталықтары ашылды.