Жаңатастағы жаңа зауыт

Кейінгі бес жылда Қазақстанның химия өнеркәсібі тұрақты өсім көрсетіп, өңдеу секторындағы маңызды салалардың біріне айналды. Өткен жылы химия өнеркәсібінің өңдеу өнеркәсібі құрылымындағы үлесі 5,2 пайызға дейін өсіп, бір жыл бұрынғы 4,6 пайыздық көрсеткіштен айтарлықтай артты.

Бұл нәтижеге қол жеткізуге химия өнер­кәсібінің астанасы саналып кеткен Жамбыл өңірінің қосып келе жатқан үлесі орасан. Өйткені өнеркәсіп саласын дамы­ту – аймақ­тағы инвестициялық саясаттың басым ба­ғы­тының бірі. Қазір химия өнер­кә­сібі, құры­лыс материалдарын өндіру және шикі­затты өңдеу салаларында бірқатар ірі жоба жүзеге асырылуда. Әсіресе, химия­лық клас­терді дамытуға ерекше мән бері­луде. Бұл ба­ғытта минералды тыңайтқыштар мен хими­я­лық өнімдер шығаратын жаңа кәсіпор­ындар ашылып, өндіріс көлемін ұлғайтуға және экспорт әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Аталған бағыттағы жұмыстар, әсіресе Сарысу ауданында қарқынды жүргізілуде. Оған қазба байлықтарымен, өндіріс ошақ­тарымен мақтанатын кеншілер аймағының әлеуеті жетіп тұр. Мұнда минералды тың­ай­тқыштардан бөлек, көптеген қазба бай­лық­тардың көздері табылып, игеру жұмы­стары қарқын алып жатыр. Оған жуырд­а ғана аудан орталығы – Жаңатас қаласының іргесінде ашылған жаңа зауыт анық дәлел болып отыр.

«ЕуроХим-Қаратау» ЖШС-ға қарасты күкірт қышқылын өндіретін кәсіпорын өткен айдың аяғында іске қосылды. Салтанатты шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев қатысты.

Жылына 800 мың тонна күкірт қыш­қыл­ын өндіруге қауқарлы жаңа өндіріс орны – «ЕуроХим» компаниясының зама­науи химия кешенін салуға бағытталған ауқымды инвестициялық жобасының бір бөлігі. Жобаның жалпы инвестициялық көлемі 1 миллиард АҚШ долларына дейін жетеді.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген өңір басшысы өңдеуші өнеркәсіпті дамыту ел экономикасындағы негізгі басым бағыттың бірі екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында қазіргі кезеңдегі ең маңызды міндеттің бірі – елдің берік өнеркәсіптік негізін қалыптастырып, экономикалық дербестікті нығайту екенін айтқан болатын. Сондықтан өңдеуші сек­торды жедел дамытуға айрықша мән беру қажет. Бұл кәсіпорынның іске қосылуы – инвестицияның, заманауи технологиялардың және өңірдің өндірістік әлеуетінің нақты нәтижеге ұласқанын көрсетеді, – деді Ербол Қарашөкеев.

Жалпы, 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша, Жам­был облысына тартылған негізгі капи­талға салынған инвестиция көлемі 277,2 миллиард теңгені құрап, өткен жыл­мен салыстырғанда 38,3 пайызға артқан. Қазір өңірде жалпы құны 5,6 трил­лион тең­гені құрайтын 116 инвестициялық жоба­дан тұратын пул қалыптасқан.

Ал биыл жалпы құны 471 миллиард теңге болатын 47 жобаны жүзеге асырып, мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жос­парлануда. Бүгінде жалпы құны 144,3 миллиард теңгені құрайтын 5 жоба іске қосылып, 485 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Облыс әкімінің айтуынша, химия өнеркәсібі Жамбыл өңірі үшін стратегиялық маңызға ие. Республикадағы фосфорит қорының 72 пайызы облыс аумағында орналасқан.

Қазір өңірдің химия саласында 44 кәсіпорын жұмыс істейді. Негізгі бағыттар қатарында фосфорлы шикізат өндіру, минералды тыңайтқыштар шығару және өзге де химиялық өнімдер өндіру бар. 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында облыстың химия өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 150,6 миллиард теңгені құрап, өсім 16,5 пайыз болған.

Соның ішінде «ЕуроХим-Қаратау» компаниясының ірі жобасы бірнеше кезең бойынша жүзеге асуда. Алғашқы кезең 2016 жылы іске асырылып, фосфорит шикізатын өндіру және өңдеумен айна­лы­сатын тау-кен байыту кешені пайдалануға берілген. Бұл кезеңдегі инвестиция көлемі 126 миллион АҚШ долларын құрады. Кәсіпорын 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында 8 миллиард теңгенің 344,9 мың тонна өнімін өндірген.

Қазір жобаның екінші кезеңі бойынша қарқынды жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, минералды тыңайтқыштар мен индустрия­лық өнімдер шығаратын өндіріс кешені салынуда. Биыл мамыр айында оның ал­ғаш­қы нысаны – күкірт қышқылын өн­діретін зауыттың құрылысы аяқталды. Ал негізгі химия өндірісін іске қосу 2027 жыл­дың бірінші тоқсанына жоспарланған. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 1 миллион тоннаға дейін өнім шығаруға мүмкіндік береді.

Жобаның басты ерекшелігінің бірі – заманауи әрі экологиялық қауіпсіз техно­логиялардың қолданылуы. Жаңа өндірістің жанама өнімі ретінде кальций хлориді мен синтетикалық гипс алынбақ. Бұл өнімдер түрлі өнеркәсіп салаларында кеңінен қолданылады.

Құрылыс кезеңінде 2 мыңға дейін адам жұмыспен қамтылса, кәсіпорын толық іске қосылғаннан кейін кемінде 1 200 тұр­ақ­ты жұмыс орны ашылады деп жоспар­лануда. Қазірдің өзінде «ЕуроХим» ком­паниясының кәсіпорындарында мыңнан астам адам еңбек етуде. Бұдан бөлек, сервистік және аутсорсингтік ұйымдарда тағы 300-ге жуық жұмыс орны құрылған.

Саятхан САТЫЛҒАН, 

Жамбыл облысы