«Палау орталығындағы» өрт ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды

«Палау орталығындағы» қайғылы оқиға салдарынан көз жұмғандардың жалпы саны 12 адамға жетті.

Щучинск қаласындағы «Палау орталығында» болған жойқын өрт пен жарылысқа қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Бұл туралы Ақмола облысының прокуратурасы мәлім етті, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. 

Ведомствоның хабарлауынша, қазіргі уақытта тараптар Қылмыстық-процестік кодекстің 296-бабына сәйкес іс материалдарымен танысып жатыр.

Іс материалдарымен танысу рәсімі аяқталғаннан кейін түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады», – деп хабарлады прокуратура.

Тергеу деректеріне сәйкес, қылмыстық іс бойынша 24 адам жәбірленуші ретінде танылған. Іс аясында үш күдікті жауапқа тартылып отыр.

Олардың бірі – дәмхана иесіне Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3-бөлігі бойынша айып тағылған. Аталған бап өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жағдайларды қамтиды. Бұл бап бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Ал қалған екі күдіктіге Қылмыстық кодекстің 306-бабы 3-бөлігі бойынша айып тағылған. Олар қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, сондай-ақ қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін қызмет көрсету салдарынан адамның өліміне жол берді деген күдікке ілінген. Бұл бап бойынша 4 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Еске сала кетейік, биыл 26 ақпаннан 27 ақпанға қараған түні Щучинск қаласындағы «Палау орталығы» дәмханасында газ баллоны жарылып, арты алапат өртке ұласқан еді.

Алғашында алты адамның қаза тапқаны хабарланған. Кейін құрбандар саны тоғыз адамға жетті. Одан кейін жансақтау бөлімінде жатқан тағы екі зардап шегуші көз жұмды.

Сондай-ақ жарылыс пен өрттен зардап шеккен бес адам Астана қаласына жеткізілген еді. Олардың төртеуі Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына санитарлық авиация арқылы, ал біреуі жерүсті көлігімен тасымалданған. Кейін Астанада ем алып жатқан тағы бір науқас қайтыс болды.

Осылайша, «Палау орталығындағы» қайғылы оқиға салдарынан көз жұмғандардың жалпы саны 12 адамға жетті.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, көп ұзамай дәмхана иесі ұсталған болатын. 4 наурызда соттың санкциясымен ол екі айға мерзімге қамауға алынды. Қазіргі уақытта іс бойынша барлық негізгі тергеу әрекеттері аяқталып, тараптар материалдармен танысу кезеңіне өткен.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы