Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов бүгін өткен Үкімет отырысында Өскемендегі зауыттағы жарылыстың неден болуы мүмкіндігін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz
Оның айтуынша, қаза болған жұмысшыларға қатысты екі ірі апат – "Востокцветмет" шахтасындағы және "Қазцинк" зауытындағы оқиғалар бойынша тергеу жалғасып жатыр.
"Салалық сарапшыларды тарта отырып, тиісті сараптамалар мен зерттеулер тағайындалды. "Востокцветмет" шахтасындағы апаттың алдын ала себептері – тау-кен жұмыстарын жобалық құжаттаманы бұза отырып жүргізу және өндірістік жұмысты ұйымдастырудың қанағаттанарлықсыз деңгейі. Ал "Қазцинк" зауытындағы жарылыс алдын ала мәлімет бойынша технологиялық процестің бұзылуынан болған", – деді ол.
Министр бұған дейін аталған нысандарда өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзу фактілері анықталғанын айтып өтті. Айтар болсақ:
техникалық құжаттамалардың талаптарға сәйкес келмеуі;
техникалық құрылғылардың пайдалану мерзімін ұзартуға қатысты сараптамалардың болмауы;
жобалық құжаттамадан ауытқулар;
өндірістік бақылаудың әлсіздігі;
тозған жабдықтарды уақытылы ауыстырмау.
"Тергеу аяқталғаннан кейін кәсіпорынға қатысты тиісті шаралар қабылданады", – деп атап өтті ТЖМ басшысы.