Financial Times материалына сүйенген Aikyn.kz жасанды интеллект жастарға неге ұнамайтынын талдайды.
Financial Times жариялаған зерттеуге сәйкес, АҚШ-та Z ұрпағының жартысы генеративті жасанды интеллектіні кемінде аптасына бір рет қолданады екен. Соған қарамастан Gallup сауалнамасы жастар арасында ЖИ-ге қатысты алаңдаушылықтың өсіп келе жатқанын көрсетті. Егер өткен жылы респонденттердің 22%-ы ЖИ туралы ойлағанда ашу немесе мазасыздық сезінетінін айтса, биыл бұл көрсеткіш 31%-ға жеткен.
Жастардың басты қорқынышы – еңбек нарығындағы өзгерістер. Көптеген бағдарламашылар мен университет түлектері бұрын құнды саналатын дағдылардың маңызы төмендеп бара жатқанын сезе бастаған. Лондондағы Империялық колледждің магистрі Миша жасанды интеллект бағдарламалау қабілеттерінің құнын төмендетіп жатқанын айтады. Оның пікірінше, жас мамандардың жұмысы біртіндеп ЖИ-дің әрекетін бақылауға ғана айналып барады.
Жұмыс іздеу процесі де күрделене түскен. Бүгінде үміткерлер өтініштерді чат-боттар арқылы дайындайды, ал жұмыс берушілер кандидаттарды алгоритмдер арқылы іріктейді. Стэнфорд университетінің зерттеуі кейбір платформаларда келесі кезеңге өту үшін кемінде 25 жұмыс орнына өтініш беру қажеттігін көрсеткен. Соның салдарынан көптеген түлектер жүздеген түйіндеме жолдағанымен, бірде-бір ұсыныс алмауда.
Жастардың тағы бір алаңдаушылығы – шығармашылықтың әлсіреуі. Париждегі Sciences Po университетінің студенті Селест Колле дипломдық жұмысын дайындауда Claude чат-ботын пайдаланғанын мойындайды. Ол бұрын зерттеу мен талдауды өз бетінше жасағанды ұнатқанын, ал ЖИ бұл процестің мәнін жойғанын айтады.
Дегенмен жастар ЖИ-ден толық бас тартпайды. Көпшілігі оның білім беру, медицина және күнделікті өмірдегі пайдалы тұстарын мойындайды. Бірақ олар технологияның қоғамдағы рөлі туралы маңызды сұрақ қоя бастады. ЖИ адамға көмектесе ме, әлде адамның орнын баса ма?
Ең қызығы – ЖИ-ден ең көп пайда көріп отырған буынның өзі оның болашағына сенімсіздік танытып отыр. Бұл технологиялық мәселе ғана емес, адамның еңбегі, шығармашылығы және қоғамдағы орны туралы үлкен пікірталастың басталғанын көрсетеді.