Nvidia: болашақта компьютерде тінтуір мен пернетақта болмайды

Nvidia дербес компьютерлер нарығында жаңа кезең басталғанын мәлімдеді. Компания биыл өзінің RTX Spark Superchip деп аталатын жаңа процессорын шығарып, Apple, Intel, AMD және Qualcomm сияқты ірі өндірушілермен тікелей бәсекеге түспек.

Aikyn.kz жаңа чиптің көмегімен Nvidia дербес компьютерлерді қалай өзгертетінін Financial Times материалының негізінде түсіндіреді.

Жаңа чиптің таныстырылымы Тайбэй қаласында өткен Computex технологиялық көрмесінде өтті. Nvidia CEO-сы Дженсен Хуангтың айтуынша, бұл өнім  компания тарихындағы ең маңызды қадамдардың бірі. Бұған дейін Nvidia негізінен жасанды интеллект орталықтары мен графикалық процессорлар нарығында үстемдік етсе, енді толыққанды компьютер платформасын ұсынуға көшіп отыр.

RTX Spark Superchip құрамына Blackwell RTX графикалық процессоры мен Grace орталық процессоры кіреді. Компанияның мәліметінше, бұл шешім қуатты жасанды интеллект модельдерін интернетке тәуелді етпей, тікелей құрылғының өзінде іске қосатын болады. Сонымен қатар батареяның ұзақ жұмыс істеуі де басты артықшылық ретінде көрсетілуде.

Nvidia жаңа буын компьютерлері қарапайым құрылғыдан гөрі жеке көмекшіге ұқсайтынын айтады. Мысалы, ЖИ агенттері электронды  поштаны талдап, жауап жобаларын дайындап, маңызды хабарламаларды автоматты түрде анықтайды. Болашақта мұндай агенттер адамның күнделікті цифрлық міндеттерінің едәуір бөлігін өзі орындайтын болады.

Дженсен Хуанг бұл өзгерісті соңғы 40 жылдағы компьютер индустриясындағы ең үлкен трансформациялардың бірі деп бағалады. Компания Microsoft-пен үш жыл бойы бірлесіп жұмыс істеп, адамдардың компьютермен әрекеттесу тәсілін түбегейлі өзгертетін жүйе әзірлеген. Хуангтың пікірінше, болашақта бейімделгіш ЖИ агенттері тінтуір мен пернетақтаны негізгі басқару құралы ретіндегі орнынан ығыстыруы мүмкін.

«Дербес компьютердің жұмыс істеу қағидасын толық қайта қарау үшін осынша уақыт қажет болды», – дейді Хуанг.

Алғашқы құрылғылар биыл ЖИ әзірлеушілері, контент жасаушылар мен геймерлер сияқты премиум сегменттегі пайдаланушыларға сатылады. Бірақ Nvidia кейін бұл технологияны шамамен 30 ноутбук пен 10-нан астам үстел компьютерінен тұратын өнімдер желісіне енгізуді жоспарлап отыр. Дженсен Хуангтың болжамынша, 10 жылдан кейін үйлерде қауіпсіздік камерасы, теледидар, газон шабатын құрылғы мен ыдыс жуғыш сияқты тұрмыстық техниканы басқаратын ЖИ суперкомпьютерлері пайда болады.

Сарапшылардың пікірінше, Nvidia-ның бұл қадамы дербес компьютер нарығындағы күштердің тепе-теңдігін өзгертеді. Соңғы жылдары Apple-дің M сериялы процессорлары мен Qualcomm-ның Snapdragon платформалары жасанды интеллектке бейімделген құрылғылардың жаңа буынын қалыптастырған болатын. Енді бұл бәсекеге Nvidia қосылды.

Егер компанияның жоспары сәтті жүзеге асса, компьютерлерді басқаруда пернетақта мен тінтуірдің рөлі азайып, олардың орнын ЖИ агенттері басуы мүмкін. Бұл дербес компьютер эволюциясының жаңа кезеңінің басталғанының белгісі.