Ақмола облысы Красный Яр ауылында балалардың заманауи жағдайда спортпен шұғылдану туралы арманы орындалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Мұнда «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Жол картасы аясында заманауи «Қызыл Жар» дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды.
Кешен «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы басым жобалар тізіміне енгізіліп, 2026 жылы пайдалануға берілді. Өз кезегінде, депутаттар мен партия өкілдері жобаның жүзеге асырылу барысын, құрылыс жұмысының сапасы мен мерзімі сақталуын тұрақты бақылауда ұстады.
Бұл кешен өңірдегі ең ірі спорт нысандарының бірі саналады. Мұнда күн сайын 200-ден астам бала бокс, джиу-джитсу және күрес түрлерімен шұғылданады. Балалар арасында, әсіресе, жүзу спортына деген қызығушылық жоғары. Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде әртүрлі жас санатына арналған екі бассейн жабдықталды. Оларға ай сайын «Спорт KZ 2025» ЖШС-ның 1500-ден астам тәрбиеленушісі келеді.
Сонымен қатар спорт нысаны тек білім беру емес, маңызды әлеуметтік қызметті де атқарады. Жексенбі күндері Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға арналған тегін жүзу сабақтары өткізіледі. Бассейндерге өңірдің барша тұрғыны бара алады. Кешен аумағында футбол алаңы, сондай-ақ футбол және волейболмен айналысуға арналған спорт алаңдары бар.
«Бұл – ауыл тұрғындарына қажет барлық жағдайды қамтамасыз ететін, өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайтуға және өңірде бұқаралық спортты дамытуға ықпал ететін бірегей спорт нысаны», – деді «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Берген Беспалинов.
Ал Ақмола облыстық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Алтын Мұстафинованың айтуынша, ауылдық жерлердегі спорт инфрақұрылымын дамыту қадамы дарынды жастар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
«Көрнекті спортшылар мен Олимпиада чемпиондары көп жағдайда ауылдық елді мекендерден шығады. Сондықтан ауылда спортпен айналысуға арналған заманауи жағдай жасау – балаларымыздың және тұтас өңірдің болашағына салынған маңызды инвестиция», – деді депутат.
«Қызыл Жар» дене шынықтыру-сауықтыру кешені – «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүйелі жүзеге асырудың және міндеттемелердің орындалуына тиімді қоғамдық бақылау жүргізудің жарқын мысалы. Бүгінде Ақмола облысында Жол картасына енгізілген 135 іс-шараның 120-сы сәтті орындалып, бұл көрсеткіш 85 пайызды құрап отыр.
Білім беру саласында да айтарлықтай оң өзгерістер байқалуда. Өңірде 19 жаңа мектеп ашылды, олардың тоғызы заманауи стандарттарға сай салынды. Апатты жағдайдағы төрт мектептің орнына жаңа ғимараттар бой көтерді. Сонымен қатар тағы 100 мектепте күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді.
Білім беру инфрақұрылымын дамытумен қатар, денсаулық сақтау саласында да ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде 650 орындық көпбейінді облыстық аурухананың құрылыс жұмысы жүргізілуде. Нысанды 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Заманауи медициналық кешен Ақмола облысының тұрғындарына ғана емес, көршілес өңірлердегі азаматтарға да жоғары білікті медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді