MIT литий өндірудің арзан әрі таза әдісін тапты

Литий – әлемдегі ең стратегиялық маңызды шикізаттардың бірі. Электромобильдерден бастап смартфондар мен энергия сақтау жүйелері литий-ионды батареяларды қажет етеді.

Aikyn.kz литий өндірудің жаңа технологиясын news.mit.edu сайтының материалына сүйеніп талдайды.

Сарапшылардың болжамынша, 2040 жылға қарай әлемдік литий өндірісін қазіргі деңгейден 4 есе арттыру қажет болады. Бұны орындау оңай емес. Литийді қатты тау жыныстарынан өндіру қазір өте қымбат әрі энергияны көп қажет етеді. Кен құрамындағы литийді бөліп алу үшін тау жыныстары 1000 градустан жоғары температурада қыздырылады. Кейін химиялық өңдеу жүргізіліп, жыныстың қалған бөлігі қалдық ретінде тасталады. Бұндай тәсілдің экологиялық және экономикалық шығыны жоғары.

Массачусетс технологиялық институтының (MIT) зерттеушілері осы проблеманы шешетін жаңа технология әзірледі. Ғалымдар литийді бөлме температурасында өндіруге мүмкіндік беретін төмен температуралы әдіс ұсынуда. Ең бастысы – бұл технология литийді ғана емес, тау жынысындағы алюминий мен кремнеземді де бөліп шығаратын болады.

Жаңа әдіс аммоний фториді мен судан тұратын арнайы ерітіндіні қолданады. Бұл қоспа литийге бай сподумен минералын ерітіп, оның құрамындағы элементтерді бөлек шығарады. Нәтижесінде аккумулятор өндірісіне жарамды литий тұздары, металлургиялық сападағы алюминий және цемент өндірісінде қолданылатын кремнезем алынады.

Зерттеудің жетекші авторларының бірі Кэмден Ханттың айтуынша, қатты тау жыныстары әлемнің көптеген өңірінде кездеседі. Бірақ олардың басым бөлігі Қытайда өңделеді. Сондықтан литийді арзан әрі тиімді өндіру технологиясы әлемдік нарықтағы күштердің арақатынасын өзгертуі тиіс.

Жобаның тағы бір маңызды артықшылығы – қалдықтың аз болуы. Ғалымдар пайдаланылған реагенттерді қайта өңдеп, жүйеде қайта қолдануға болатынын дәлелдеген. Осылайша өндіріс жабық цикл қағидасы бойынша жұмыс істейді.

MIT зерттеушілерінің есебінше, жаңа технология дәстүрлі қатты жыныстардан литий өндіру әдістеріне қарағанда шамамен 2 есе арзан болмақшы. Ғалымдар технологияны коммерцияландыру мақсатында Rock Zero атты стартап құрған. Қазіргі уақытта жүйені өнеркәсіптік деңгейде енгізу жұмыстары басталып кеткен.

Сарапшылардың пікірінше, егер бұл технология кеңінен қолданылса, АҚШ, Австралия және Еуропа сияқты мемлекеттер Қытайға тәуелділікті азайтып, литий өндірісінің жаңа кезеңін бастай алады. Ал бұл өз кезегінде әлемдік энергетикалық ауысу процесін жылдамдатуы мүмкін.