Астанада алғаш рет боччадан әлем кубогінің кезеңі өтіп жатыр

Турнирдің ашылу салтанатына Бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев, Халықаралық бочча федерациясының президенті Джонатан Морган және Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қатысты.

1– 9 маусым күндері елордада алғаш рет боччадан Astana 2026 World Boccia Cup халықаралық турнирі өтіп жатыр, - деп хабарлайды  Aikyn.kz.    

Жарыс ресми рейтингтік бәсекелер қатарына кіретін Әлем кубогі кезеңдерінің бірі. Турнирге әлемнің 24 елінен, соның ішінде Бразилия, Канада, Қытай, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Франция және Португалиядан келген 90-ға жуық спортшы қатысып жатыр. 

Турнирдің ашылу салтанатына Бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев, Халықаралық бочча федерациясының президенті Джонатан Морган және Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қатысты. 

Мұндай деңгейдегі жарыстың Қазақстанда өтуі елдің спорттық іс-шараларды ұйымдастыру әлеуетінің жоғары екенін көрсетіп, инклюзивті спортты кеңінен насихаттауға қосымша мүмкіндік береді. 

Әлем кубогі кезеңінде Қазақстан құрамасы сапында 10 спортшы өнер көрсетіп жатыр. Олардың үшеуі – қозғалыс мүмкіндігі ең шектеулі BC3 санатындағы спортшылар. Олар допты арнайы науа арқылы бағыттап, жарыс барысында көмекшілерінің қолдауымен қатысады. Сайыстар жеке, жұптық және командалық форматта өтеді. 

Отандық параспортшыларды даярлау және оқу-жаттығу жиындарын өткізу мақсатында Португалиядан бапкер Роберто Матеуш шақырылды. Ол спортшылармен жұмыс істеп, алдағы халықаралық жарыстар қарсаңында команданың техникалық және тактикалық дайындығына ерекше көңіл бөледі. 

Турнир Туризм және спорт министрлігі мен серіктес ұйымдардың қолдауымен өтіп жатыр. Сондай-ақ осы күні Сенат Төрағасы мен Халықаралық бочча федерациясының президенті Джонатан Морган арасында екіжақты кездесу өтті. 

Кездесу барысында тараптар паралимпиадалық спорттың қазіргі жай-күйі мен даму әлеуеті, Қазақстанда боччаны дамыту және танымал ету мәселелерін, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуды, сондай-ақ спортшылар мен бапкерлерді ірі халықаралық жарыстарға дайындау бағыттарын талқылады. 

Джонатан Морган Қазақстанның ашық әрі ынтымақтастыққа бағытталған ұстанымын жоғары бағалап, Халықаралық федерация инклюзияны дамытуға бағытталған бірлескен бастамаларды қолдауға дайын екенін атап өтті.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.