"200-ден астам дәрілік зат тәркіленді": Ақтауда дәріні заңсыз сатқан дүкен иесі жауапқа тартылды

Тексеру барысында аталған нысанда дәрілік заттарды бөлшек саудада өткізуге арналған лицензиясы болмағаны анықталды.

Ақтауда жүргізілген жоспардан тыс тексеру барысында Қазақстанда тіркелмеген диеталық қоспалар мен дәрілік заттарды сатумен айналысқан дүкен анықталды,  деп хабарлайды Aikyn.kz. сайты Lada.kz-ке сілтеме жасап. 

Маңғыстау облысы Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің мәліметінше, тұрғынның шағымының негізінде жүргізілген тексеру кезінде сауда орнынан 200-ден астам тіркелмеген дәрілік зат тәркіленген.

Сот шешімімен дүкен иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, заңсыз өнімдерді тәркілеу және жою туралы қаулы шығарылды. Оған қоса, оның дәрілік заттарды бөлшек саудада өткізуге арналған лицензиясы болмай шыққан. Осыған байланысты кәсіпкер заңсыз фармацевтикалық қызмет көрсеткені үшін қосымша жауапқа тартылды.

Мамандар азаматтарды дәрі-дәрмек пен биологиялық белсенді қоспаларды тек лицензиясы бар дәріханалардан сатып алуға шақырады. Сондай-ақ өнімнің мемлекеттік тіркеуден өткенін және қаптамада тиісті таңбалау мен тіркеу нөмірінің бар-жоғын тексеру қажеттігін ескертеді.