Ақтөбеде қоқыс маңынан табылған сәби жайлы тағы бір дерек шықты

Ауруханаға түскен кезде салмағы 2 келі 900 грамм болған нәресте бүгінде – 3 келі 120 грамм.

Ақтөбеде қоқыс арасынан табылған бөбекті сәбилер үйіне өткізуге дайындап жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, нәрестенің жағдайы жақсарып келеді,  деп хабарлайды Aikyn.kz

КТК арнасы хабарлағандай, нәресте қазір қалалық балалар ауруханасында ем қабылдап жатыр. Оған Батыр есімі берілген. Дәрігерлер оның өмірге деген құлшынысы мен төзімділігін ерекше атап отыр. Ауруханаға түскен кезде салмағы 2 келі 900 грамм болған нәресте бүгінде  3 келі 120 грамм.

Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалағанымен, барлық талдауы қалыпқа келіп, салмақ қосып жатқанын жеткізді.

Айта кетелік, осыдан тура он күн бұрын көпқабатты үй ауласындағы қоқыс маңынан жаңа туған сәби табылған. Оны 13 жастағы оқушы құрбысымен серуендеп жүріп байқаған. Қыздар қозғалып жатқан қара пакетті көріп, алғашқыда мысық болар деп ойлаған. Артынан ішінде жаңа туған нәресте жатқанын көрген. Содан ересектерге хабар берген. Нәресте дереу ауруханаға жеткізілген. Ал оны тастап кеткен көкек-ана әзірге табылған жоқ. Бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған.