15 медаль иеленді: Қазақстанның жастар құрамасы бокстан өткен халықаралық турнирде жеңіске жетті

Жарысқа әлемнің 24 елінен 500-ден астам спортшы қатысты.

Венгрияның Эгер қаласында өткен дәстүрлі "Иштван Борнемисса мемориалы" халықаралық бокс турнирінде Қазақстанның жастар құрамасы (U-19) жақсы өнер көрсетіп, 15 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Халықаралық World Boxing федерациясының қолдауымен ұйымдастырылған жарысқа әлемнің 24 елінен 500-ден астам спортшы қатысты.

Турнир қорытындысы бойынша, қазақстандық жастар құрамасы командалық есепте бірінші орын алып, жалпы саны 15 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 6 алтын, 6 күміс және 3 қола жүлде бар.

Қазақстан құрамасының нәтижесіне алматылық спортшылар да өз үлестерін қосты. 50 келіге дейінгі салмақта Әділ Асқанбай чемпион атанып, алтын медаль жеңіп алды. Ал 90 келіге дейінгі салмақта Еркетаң Жарқынбек күміс жүлдеге ие болды. 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Едіге Нұрғожа қола медаль иеленді.