Бүгінгі Мәжіліс отырысында Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға туроператорлардың қызметін лицензиялау жүйесін жетілдіру жайында депутаттық сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz
Депутат елімізде туризм саласы дамып жатқанын сөз етіп, ресми статистика бойынша былтыр Қазақстанның көрікті жерлерін көруге шетелден 15 милионнан астам адам келгенін айтты.
Оның айтуынша, сол саяхатшылардың тек он пайызы қонақүй қызметін пайдаланған. Бұл туризмнен түсетін табыстың әлі де көлеңкеде екенін көрсетеді. Сондықтан туроператорлардың қызметін лицензиялау жүйесін жетілдіру қажет деп санайды
– Өйткені нарыққа кәсіби стандартты сақтамайтын, жауапкершілігі төмен компаниялар оңай кіріп, қызмет сапасының төмендеуіне әкелуде. Тіпті, Үндістан, Филиппин азаматтары өз отандастарына Қазақстанды аралатып, ақша тауып жүр. Олар еш жерге тіркелмеген, салық төлемейді. Бір сөзбен айтқанда, тұмса табиғатымыздың қызығын басқалар көріп жатыр. Шымбұлақ пен Көлсайға барсаңыздар топ-тобымен жүрген шетелдік меймандарға гид болған шетелдіктерді көптеп кездестіресіздер. Мұны тоқтату үшін лицензиялау талабын күшейту қажет.
Екіншіден, E-Qonaq жүйесі еліміздегі барлық қонақүйлерге енгізілмеген. Салдарынан, салық түсімі мен деректердің нақтылығы ашық емес.
Үшіншіден, туристік нысандардағы қонақүйлер талапқа сай емес. Мәселен, 4 442 нысанның 112-сі ғана «жұлдыз» санатын иеленген. Бұл қолданыстағы стандарттың ескіргенін және бағалау жүйесінің әлсіздігін көрсетеді. Сондықтан қонақүйлерді санаттау талабын жаңарту қажет.
Аталған мәселелер елге келетін туристер санына ғана емес, олардың елде болу ұзақтығына, шығын деңгейіне және жалпы экономикалық айналымға тікелей ықпал етеді. Сондықтан бұл түйткілдер жүйелі түрде шешілмейінше, туризм саласының толық әлеуетін іске асыру мүмкін емес.
Осыған байланысты, келесі шараларды қарастыру орынды деп есептейміз:
1. Туроператорлық қызметке қойылатын лицензиялық талапты қайта қарап, кәсіби және сапалық критерийді күшейту. Жер жағдайын жақсы білетін кім көрінгеннің елге турист тартып, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысуына тосқауыл қою қажет.
2. E-Qonaq жүйесін барлық қонақүйлер мен туристерге арналған жатын-орындарға түгел енгізу керек.
3. Қонақүйлерді жұлдыздық санатқа бөлу ережесін жаңартып, халықаралық стандарттқа толық сәйкестендіру керек.
Осы қадамдар туризм саласының ашықтығын арттырып, көлеңкелі экономиканы қысқартуға және Қазақстанның туристік тартымдылығын күшейтуге мүмкіндік береді, – дейді Данияр Қасқарауов.