Жаңа зерттеулер кальций мен D дәрумені сүйектің сынуын азайтпайтынын көрсеткен

Көптеген жылдар бойы дәрігерлер егде жастағы адамдарға сүйек саулығын сақтау үшін кальций мен D дәруменін қабылдауды ұсынып келді. Бұл қоспалар сүйек сынуының алдын алып, құлау қаупін азайтады деген түсінік кең таралған еді.

Aikyn.kz бұрыннан қалыптасқан пікірдің қаншалықты дұрыс екенін scitechdaily.com сайтының материалына сүйеніп түсіндіреді.

Жаңа ғылыми деректер бұл көзқарастың қайта қаралуы мүмкін екенін көрсетіп берген. The BMJ журналында жарияланған ауқымды халықаралық шолуға сәйкес, кальций мен D дәрумені қоспаларының пайдасы төмен екені анықталған. Канадалық ғалымдар жүргізген зерттеу 69 рандомизацияланған клиникалық сынақты қамтып, оған 153 902 ересек адам қатысқан.

Зерттеушілер кальцийді жеке қабылдау, D дәруменін жеке қабылдау және екеуін бірге пайдалану нәтижелерін салыстырған. Негізгі мақсат – бұл қоспалардың сүйек сынуы мен құлаудың алдын алудағы тиімділігін анықтау болған.

Зерттеу мүлдем күтпеген нәтиже берген. Ғалымдар кальций қоспаларының да, D дәруменінің де, олардың біріктірілген нұсқасының да жалпы сыну қаупін айтарлықтай төмендетпейтінін анықтаған. Сонымен қатар жамбас сүйегінің сынуы сияқты ең қауіпті жарақаттардың алдын алуда да айтарлықтай әсер байқалмаған.

Бұл зерттеудің сенімділігі жоғары. D дәруменіне қатысты қорытындылар 92 мыңнан астам адам қатысқан 36 зерттеуге негізделген. Ал кальций мен D дәруменін бірге қабылдау нәтижелері 51 мыңнан астам қатысушыны қамтыған 15 зерттеудің деректеріне сүйенеді. Ғалымдардың айтуынша, жыл сайын 65 жастан асқан адамдардың шамамен үштен бірі құлап, жарақат алады. Бұндай жағдайлардың көбі сүйек сынуына алып келеді. Сондықтан құлау мен жарақаттың алдын алу қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы маңызды міндеттердің бірі болып қалуда.

Жаңа зерттеу кальций мен D дәруменін барлық егде жастағы адамдарға жаппай тағайындаудың тиімділігін жоққа шығарған.

«Қолда бар дәлелдер кальций мен D дәруменін немесе олардың комбинациясын сүйек сынулары мен құлаудың алдын алу мақсатында тұрақты түрде қабылдаудың қажетсіз екенін көрсетті», – деп жазады зерттеу авторлары.

Мамандар енді басты назарды тиімділігі дәлелденген тәсілдерге аударуды ұсынады. Олардың қатарында тепе-теңдікті жақсартатын жаттығулар, күштік дайындық, үй ішіндегі қауіп-қатерлерді азайту және әр адамға жеке бейімделген алдын алу бағдарламалары бар. Төменде өте пайдалы видео:Бұл зерттеу кальций мен D дәруменінің мүлде қажет емес екенін білдірмейді. Кейбір сүйек аурулары бар адамдарға немесе остеопорозға қарсы дәрі қабылдайтын науқастарға бұл қорытындылардың қатысы жоқ. Дегенмен жаңа деректер дәрігерлер мен денсаулық сақтау ұйымдарын бұрыннан қалыптасқан ұсынымдарды қайта қарауға түрткі болатын сияқты.

Ғалымдардың басты тұжырымы – сүйек саулығын сақтауда тек тағамдық қоспаларға сенудің орнына, белсенді өмір салты мен дене жаттығуларына көбірек көңіл бөлу қажет.

Зертеу туралы толық материалды мына сілтеме арқылы оқуға болады: «Calcium, vitamin D, or combined supplementation to prevent fractures and falls: systematic review and meta-analysis»