Жетісу облысы Ескелді ауданының Қарабұлақ ауылында әуе электр желілерін қайта құру жұмыстары жүріп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл электр желілері сонау 1972 жылы іске қосылған және бүгінде толығымен ескірген. Мәселен, қазір бірінші кезекте жөнделіп жатқан желіде өткен жылдың басынан бері 9 рет апат болып, жарық өшкен. Бұл мәселені биыл қазан айында толық шешу жоспарланып отыр, – деп хабарлайды ЭКСЖ жобалық кеңсесі.
Не болып жатыр?
Жетісу облысында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» жөніндегі ұлттық жоба аясында 2026 жылға арналған тек электр энергетикасы саласында 10-ға жуық жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде бірден 3 жоба Ескелді ауданына тиесілі. Бұл жобалардың жалпы құны шамамен 1,9 миллиард теңге.
Сандар сөйлейді
Құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатқан бірінші жоба – аудан орталығы Қарабұлақ кентіндегі 10/0,4 кВ әуе желісін күрделі жөндеуден өткізу. Бұл желінің ұзындығы – 49 шақырым. Оның іске қосылғанына 53 жыл болған, енді ол толығымен жаңартылады. Қазірдің өзінде жоспарланған 1 104 темірбетон бағананың 800-і орнатылып қойды. Жобаны 2026 жылдың наурыз айынан қазан айына дейін іске асыру жоспарланған.
Дәйексөз
«Бұл жобаны іске асыру мектептер, ауруханалар, балабақшалар, мәдениет ошақтары, әкімшілік ғимараттар, сондай-ақ қарапайым тұрғындар мен өндіріс орындарын қосқанда, жалпы 1 076 абонентті тұрақты әрі үзіліссіз жарықпен қамтамасыз етеді. Осы жұмыстардың нәтижесінде апат қаупі азайып, жарықтың өшуі сирейді, сонымен қатар кернеу сапасы артып, электр желілері тұрақты жұмыс істейтін болады», – деп хабарлады ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Жетісу облысы бойынша департаменті.
Осы ауылда ЭКСЖ аясында тағы 2 жоба іске асырылмақ: біріншісі – ұзындығы 47,115 шақырым болатын әуе электр желісін қайта құру. Қазір бұл нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Ал екіншісі – трансформаторлық қосалқы стансаны жаңарту. Бұл нысан үшін қажетті құрал-жабдықтарға тапсырыс берілген, олар жаздың ортасында жеткізіледі деген жоспар бар.