Ақмоладағы екі оқиға: бір бала суға кетсе, екіншісі аман табылды

Бүгін Ақмола облысында су айдындары маңында балаларға қатысты екі бірдей суыт оқиға тіркелді.

Оның бірі қайғылы аяқталса, екіншісінде құтқарушылар дер кезінде әрекет етуінің арқасында баланың аман табылуына ықпал еткен, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Қосшы қаласында Нұра–Есіл каналында 10 жастағы бала суға батып кетті. Мәліметке сәйкес, аталған су айдыны шомылуға арналмаған. Канал аумағында суға түсуге тыйым салатын арнайы белгілер де орнатылыпты.

Оқиға орнына дереу жұмылдырылған Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағы іздестіру жұмыстарын жүргізіп, баланың денесін судан алып шықты.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, Зеренді ауданында болған жағдайда құтқарушылардың әбжіл әрекетінің арқасында бала аман қалған. 

Ақмола облысы ТЖД құтқарушылары ересектердің қарауынсыз қалған, «Д» есебінде тұрған баланы іздестіру жұмыстарын дереу ұйымдастырды. Нәтижесінде, бала аман-есен табылып, жақындарына тапсырылды,  дейді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаев.

Осы оқиғаларға байланысты Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті ата-аналар мен заңды өкілдерге маңызды ескерту жасады. Мамандар балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмауға шақырады. Сондай-ақ шомылуға тек арнайы жабдықталған және рұқсат етілген орындарда ғана бару қажет екенін еске салды.

Құтқарушылардың айтуынша, балалардың қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамау – қайғылы жағдайлардың алдын алудың басты кепілі. Өйткені балалардың өмірі мен денсаулығын сақтау – әрбір ересектің ортақ жауапкершілігі.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы