«Қызымның тірі екенін білгім келеді»: 30 жыл бұрын зорлық құрбаны болған әйел қызын іздеп жүр

Бұл туралы Наташа Қалымбетова «НеМолчи.kz» қоғамдық қоры ұйымдастырған баспасөз мәслихатында айтып берді.

Қазақстандық Наташа Қалымбетова 30 жылдан астам уақыт бұрын зорлық-зомбылықтың құрбаны болып, кейін дүниеге келген қызынан айырылған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бүгінде оның жалғыз арманы – қызын тауып, аман-есен екенін білу.

Бұл туралы Наташа Қалымбетова «НеМолчи.kz» қоғамдық қоры ұйымдастырған баспасөз мәслихатында айтып берді.

Оның сөзінше, қайғылы оқиға 1994 жылдың қараша айында Батыс Қазақстан облысындағы ауылдардың бірінде болған. Сол кезде 17 жастағы Наташа сыныптастарымен бірге ұйымдастырылған кештен үйіне қайтып бара жатқанда төрт жігіттің шабуылына ұшыраған.

«Мені аяусыз ұрып-соғып, зорлады. Есімді Жайық өзенінің жағасында әрең жидым», – дейді ол.

Арада біраз уақыт өткен соң бойжеткен өзінің жүкті екенін біледі. Алайда анасы бұл жағдайды ешкімге жария етпеуді талап еткен.

Мектепті тәмамдағаннан кейін Наташа Орал қаласына көшіп келіп, педагогикалық колледжге оқуға түседі. 1995 жылғы 30 желтоқсанда ол қыз баланы дүниеге әкеліп, оған Анжелика деген есім береді.

Жас ана бастапқыда қызынан бас тарту туралы құжатқа қол қойғанымен, сәбиін дүниеге әкелгеннен кейін шешіміне өкінгенін айтады.

«Қызым туғаннан кейін тоғыз күн бойы қасымда болды. Мен одан бас тартқым келмейтінін түсіндім. Бірақ ол кезде баспанам да, жұмысым да, аяқталған білімім де жоқ еді. Сондықтан қызымды өз қамқорлығыма ала алмадым», – дейді Наташа.

Ол біраз уақыт қызын сәбилер үйіне барып көріп жүрген. Алайда көп ұзамай қыз бала асырап алынып, анасы мен қызының арасындағы байланыс біржола үзілген.

Наташа жылдар бойы қызын қайтарудың жолын іздегенімен, әрекеттерінен нәтиже шықпаған. Соған қарамастан ол үмітін үзбегенін айтады.

«Мен оның тірі екенін, дені сау екенін, өмірі жақсы өтіп жатқанын білгім келеді. Бар тілегім – қызымның бақытты екенін көру», – дейді ол.

Жуырда жүргізілген іздеу жұмыстары барысында Наташа қызының АҚШ азаматтарының отбасына асырап берілгенін анықтаған. Қазіргі мәлімет бойынша, оның аты-жөні Анджелика Николь Боуг болуы мүмкін және ол Америка Құрама Штаттарында тұрады деген болжам бар.

Әйел қоғамдық қолдау мен ақпараттың таралуы қызына жол табуға көмектеседі деп сенеді.

Айта кетейік, арада шамамен он жыл өткен соң Наташа  дүниеге ұл әкелген. Бүгінде есейген ұлы анасына қолдау көрсетіп жүрген отбасының жалғыз мүшесі.

Сонымен қатар Наташа Қалымбетова 1995 жылы өзіне қатысты жасалған зорлық фактісі бойынша құқық қорғау органдарына арыз түсірген. Оның айтуынша, басынан өткен қасірет өмір бойы жазылмас психологиялық жара қалдырған.

«Ең басты мақсатым – қызымды табу. Ал одан кейін маған бұл қасіретті жасаған адамдардың заң алдында жауап бергенін қалаймын», – дейді ол.

Оның айтуынша, көп жылдан кейін болған оқиғаны ашық айтуға шешім қабылдаған соң кейбір туыстары мен таныстары оны сынаған. Соған қарамастан Наташа қоғамның түсіністігі мен қолдауына үміт артады.