Президенттің Алматы облысына жасаған жұмыс сапары Алатау қаласының даму жоспарымен танысудан басталды. Жоспарға көз жүгіртсек, қала ауданы 88 мың гектарды құрамақ. Яғни, болашақтың қаласы көлемі жағынан елімізде Шымкенттен кейінгі орынға шығатын ірі шаһар болайын деп тұр. Ашық дерек көздеріндегі мәліметтерге сүйенсек, қазір Қазақстанда аумағы жағынан бірінші орында Шымкент тұр. Жалпы ауданы 117 мың гектарды құрайды. Одан соң 71 мың гектар ауданы бар Астана, 68 мың гектарды алып жатқан Алматы қалалары тұр. Демек, Алатау қаласы – ХХІ ғасырдың алғашқы жартысындағы мега-жоба болады деген сөз. Шаһар 4 арнаулы аумаққа бөлініп, 2050 жылға дейін дамытылады. Бір атап өтер жайт, жаңа қаланы басқарудың тың моделін қалыптастырудың құқықтық базасы әзірленіп үлгерді. Яғни, арнайы Конституциялық заң қабылданды. Магистралды инфрақұрылымды ілгерілету бойынша жол картасы әзірленіп жатыр. Қазірдің өзінде қаланың бірқатар ауданы жедел өркендеп келеді. Мысал ретінде Gate City тұрғын үй алабын атауға болады. Мұнда «жайлы мектеп» бой көтеріп, «Маревен Фуд Тянь-Шань», «КНАУФ», Fruit Art, Dolce Pharm және Алматы желдеткіш зауыты секілді жүйе құрайтын кәсіпорындар жұмыс істейді.
Сонымен қатар 53 инвестициялық жобадан тұратын, жалпы сомасы 2 триллион теңгелік пул жасақталды. Бірқатар нысанның құрылысы басталып та кетті. Атап айтқанда, PepsiCo компаниясы Орталық Азиядағы картоп өңдейтін ең ірі зауыт салып жатыр. Mars Petcare компаниясы үй жануарларына арналған азық өндіретін өңірдегі алғашқы заманауи әрі бірегей жобаны қолға алды. KHAN TENGRI BIOPHARMA компаниясы дәрі-дәрмек пен медициналық қондырғылар шығарумен айналысады. «Исткомтранс» және G-Trans компаниялары логистикалық кластер құруда. Жоспарда Iconic Complex жобасы тұр. Бұл Алатаудағы көпфункционалды озық кешен саналады. Қаладағы негізгі нысанның бірі Gate District ауданында бой көтермек.
Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаев таза әрі пайдалы жапырақты көкөніс түрлерін өсіретін GREEN ЕСО заманауи жылыжай кешенінің қызметімен, сондай-ақ Қазақстан нарығындағы өндіріске қолданылатын технологиялармен танысты.
Бүгінде 160 адам еңбек ететін кәсіпорынның өнімдері Қазақстанның 10 қаласына жеткізіледі. Президент «Лукоморье» тұқымбағы – бақ орталығын аралап көрді. Бұл – автоматтандырылған жұмыс арқылы жылына 1,5 миллион түпке дейін ағаш, сәндік бұталар мен гүлдер өсіруге қауқарлы еліміздегі ірі орталық. Мемлекет басшысына Turanga сәндік өсімдіктер тұқымбағын ұйымдастыру аясында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндалды. Онда 130 мыңға жуық ағаш және 3,5 миллион түп бұта өсіру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі бірегей спорт жобасы – «Атлетико де Мадрид Қазақстан» халықаралық деңгейдегі футбол академиясының қызметімен танысты.
Мемлекет басшысы академияның 180 балаға арналған жатақханасын аралап көрді. Қазір мұнда еліміздің әр түкпірінен келген 116 бала жаттығады. Академия ойыншыларын испандық бапкерлер іріктеп, оған Қазақстанның барлық өңірінен 4 мыңнан аса бала қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа академияны дамыту және спорттық инфрақұрылымды кеңейту жоспары көрсетілді. Осы орайда жасанды көгалы бар екі ашық футбол алаңын, 500 орындық жабық манеж және әкімшілік-тұрмыстық кешеннің жаңа ғимаратын салу көзделген.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев жабындысы FIFA талаптарына сай келетін футбол алаңын көрді, сондай-ақ допты игеру техникасы мен испан әдістемесі бойынша командалық іс-қимыл дағдыларын пысықтауға кіріскен жас футболшылардың жаттығуын тамашалады.
Мемлекет басшысы академия өрендерімен жылы рәуіште әңгімелесті. Кездесуден естелік ретінде футбол добына қолтаңба қалдырды. Іс-шараға Испанияның Қазақстандағы елшісі Луис Франсиско Мартинес Монтес, «Атлетико Мадрид» футбол клубы директорлар кеңесінің мүшесі Давид Вилья, аталған клубтың академия істері және халықаралық даму жөніндегі директоры-ның орынбасары Мария Тереса Кириви қатысты.
Бұл айтылғандар Алматы облысына жасаған жұмыс сапары барысында Президентке таныстырылған жобалар еді. Ал біз Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесті Мемлекет басшысының бұл аймаққа жасаған сапарының өзегі ретінде бағаладық.
Жаңа шаһар салу – стратегиялық шешім
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте жаңа шаһар салу жөніндегі шешімінің стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті.
«Баршаңызға мәлім, мен осыдан екі жыл бұрын болашақ қаласы – Алатау шаһарын салу туралы шешім қабылдадым. Бұл жобаның тұтас еліміз үшін стратегиялық маңызы зор.
Біз осы қалаға инвестиция тартып, оны бизнестің және инновацияның жаңа орталығы ретінде дамытатын болдық. Осы жерде өмір сүру, жұмыс істеу азаматтарымызға, әсіресе өскелең ұрпаққа мол мүмкіндік бермек. Сондықтан Алатау қаласы құрылысының негізгі қағидалары жаңа Конституцияға енгізілді. «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» конституциялық заң қабылданды», – деген Мемлекет басшысы кеңес барысында бірқатар маңызды мәселені пысықтау қажет екенін атап өтті.
«Алдымен, осы кезге дейін жүргізілген жұмыспен танысайық. Сонымен қатар жедел мәселелер мен ұзақ мерзімге арналған міндеттерге тоқталу қажет. Бір сөзбен, алдағы жұмыстың бағдарын айқындап алған жөн.
Жалпы, Алатау қаласына қатысты кез келген мәселені жедел шешу үшін барлық қажетті жағдай жасалып жатыр. Қазірдің өзінде қаланың сапалы дамуына жол ашатын құқықтық негіз толық қалыптасты деп айтуға болады. Соның аясында салық жеңілдіктері ұсынылды, бақылау және реттеу тетіктері де бизнес жүргізу үшін оңтайлы бола түсті. Бұдан бөлек, осы қалада жұмыс істейтін кәсіпкерлердің құқықтары жан-жақты қорғалады, сондай-ақ цифрлық активтерді дамыту үшін қолайлы жағдай жасалады. Сондықтан бүгінде Алатауды ресми түрде бірегей құқықтық мәртебесі бар «қарқынды дамитын қала» деп атауға болады», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент Алматы облысының даму қарқыны тәуір екенін атап өтті. Былтыр өңірлік жалпы өнім көлемі 6,7 триллион теңге болып, 5,4 пайызға өскен. Биылғы қаңтар-сәуір айларындағы қысқамерзімді экономикалық көрсеткіш бойынша аймақ елімізде 5-орында тұр.
«Инвестиция тарту жұмысы белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері облыс экономикасына 266,2 миллиард теңге инвестиция салынды. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі шамамен 900 миллиард теңгеге жетті. Бірақ аграрлық сектордың әлеуеті әлі де толық игерілмей жатыр.
Биылғы 4 айдың нәтижесі бойынша ауыл, орман және балық шаруашылығының нақты көлем индексі 101,2 пайыз болды. Алайда бір олқылыққа назар аударғым келеді. Қонаев қаласындағы инфрақұрылым құрылысы өте баяу жүргізіліп жатыр. «Баяғы жартас – сол жартас», қаланың келбеті – өзгеріссіз күйде. Бұл қалада шұғыл түрде театр, стадион, әкімшілік ғимараттары мен мектептер салу керек. Онсыз Алматы облысы өз аяғына тұрып кете алмайды. Облыс басшылығы осы өзекті мәселелерге баса назар аударуы қажет», – деді өз сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Президент сонымен қатар Алатау қаласын салу туралы шешім еліміздің экономикасында күрделі жағдай болған кезде қабылданғанын айтты.
«Бірақ біз бұл мәселеге байыппен қарадық. Асығыстыққа жол берген жоқпыз. Alatau city жобасы – шын мәнінде, жан-жақты зерделенді, пысықталды деп айтуға болады.
Жалпы, әлемдік тәжірибеге қарайтын болсақ, дәл осы болашақ қалаларын салу арқылы ел дамуын жаңа сапалық деңгейге көтеруге зор мүмкіндік туады. Мысалы, Дубай, Шэньчжэнь, Инчхон, тағы да бірқатар қаланың сәтті жобалар екені баршаға мәлім. Сол себепті біз де Alatau Сity жобасына зор үміт артып отырмыз. Бұл істе ең алдымен құқықтық сұрақтарды, жер және инфрақұрылым мәселелерін шешу қажет. Осы бастаманы іске асырудың бастапқы кезеңінде бірқатар негізгі бағытқа баса мән беруіміз керек», – деді Мемлекет басшысы.
Жеті міндет – жетістік кілті
Мемлекет басшысы Алатау қаласын дамыту бағытындағы жұмыстарды жүйелеу үшін нақты жеті міндет тұрғанын атады. Президент арнаулы құқықтық режим, қаланы дамытудың орнықты моделін құру, қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру, Алатау қаласын цифрлық активтерді жедел дамыту және елдің жаңа қаржы архитектурасын құрудың стратегиялық алаңына айналдыру, негізгі инфрақұрылымды, әлеуметтік және туристік инфрақұрылымды, Алматы агломерациясын дамыту қатарлы бағыттарды атады.
Ең алдымен арнаулы құқықтық режим құру міндетін толыққанды іске асыру маңызды екенін атап өтті.
«Біз Конституциялық заң арқылы қаланы қарқынды дамыту үшін мықты құқықтық негіз қаладық. Бірақ «арнаулы құқықтық режим бар, енді міндетті түрде табысқа жетеміз» деп ойлау қателік болар еді. Өйткені дәл осындай режим енгізілген экономикалық аймақтардың талай рет іс жүзінде нақты нәтиже бермегені белгілі. Сапалы институттар, ашық әрі тұрақты ережелер, дербес реттеу тетіктері болған жоқ. Соның салдарынан көптеген жоба ойдағыдай жүзеге асырылмай қалды. Бұдан тиісті сабақ алып, дұрыс қорытынды шығару қажет», – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, арнаулы режим тиімді жұмыс істеуі үшін біртұтас заңнама жүйесі қажет.
«Бұл жұмысты екі деңгейде атқару қажет. Біріншісі – негізгі қағидаларды белгілейтін конституциялық деңгей. Бұл мәселе өз шешімін тапты. Ал екіншісі – құқықтық реттеу деңгейі, яғни экономикалық қызметтің әр саласы бойынша нақты заңнамалық тетіктер айқындалады.
Түптеп келгенде, мұндай жұмыс жүйесі құқықтық тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді және орынсыз заңнамалық өзгерістерден қорғап, жедел және тез шешімдер қабылдауға ықпал етеді. Алатау жобасына қатысты реттеу актілерін әзірлеу барысында міндетті түрде осындай құқықтық жүйелерді құру ісінде мол тәжірибесі бар білікті шетелдік сарапшыларды тарту қажет.
Қала әкімшілігі негізгі реттеу актілерінің барлығын бір жылдың ішінде қабылдауды жоспарлап отыр. Қаланы дамыту жөніндегі кеңес бұл істі мейлінше тез қолға алуы керек. Жұмысты соза беруге болмайды. Әйтпесе, инвестициядан құр қаламыз. Бизнес өкілдері де бізге сеніп отыр, сондықтан бұл жұмысқа нұқсан келтіруге болмайды.
Халықаралық инвесторлар қолайлы жағдай жасайды деп, жылдар бойы күтіп отырмайды. Олар қай жерде мол мүмкіндік болса, соған сай бірден шұғыл шешім қабылдайды. Алатау жобасына қатысты заңнамалық жұмыс жылдам әрі сапалы жүргізілуге тиіс. Бұл – аса маңызды стратегиялық міндет», – деді Мемлекет басшысы.
Екінші міндет – қаланы дамытудың орнықты моделін құру
Қасым-Жомарт Кемелұлы жобаны жүзеге асыру айтарлықтай күрделі және операциялық шығындарды қажет ететінін айтты. «Бұл орайда тұрақты, болжамды кіріс базасын қалыптастырған жөн. Қазіргі қаржылық-экономикалық моделдің келешек шығындарды жаба алмай қалу қаупі де бар.
Инвестиция ағыны мен бизнесті дамытуға баса мән беріп отырмыз. Дегенмен бұл – кепілдік берілген табыс көзі емес, бар болғаны болжам мен үміт қана», – деді Президент.
Сонымен қатар бастапқы кезеңде көзделген жеңілдіктер салық түсімдерінің азаюына әкелетінін де атап өтті. Бұл дегеніңіз, құрылымдық алшақтыққа ұрындыруы мүмкін. Өйткені қаланы қамтамасыз ету мен дамытуға қаражат қажет кезде түсімдер кешігуі немесе бастапқыда төмен болуы ықтимал. Сондықтан Алатауды дамыту жөніндегі кеңес қала әкімшілігімен бірге ұзақмерзімді орнықты дамудың тиімді қаржы-экономикалық үлгісін әзірлеуі керек.
«Инвесторлар мен серіктестер, азаматтар 10, 20 немесе 30 жылдан кейін Алатау қаласының қандай болатынын түсінуі қажет. Alatau City үлкен деректерді, озық технологияларды және «ақылды» басқару тетіктерін негізге ала отырып, инфрақұрылымы, қалалық сервистері мен экономикасы өзара ықпалдастырылған алғашқы толық цифрлық қала болады. Басты бағдар – осы», – деді Президент.
Сондай-ақ Президент қаланы дамытуға белсене кірісу үшін қажет болатын стратегиялық құжаттарды биыл жыл соңында қабылдауды тапсырды.
Үшінші міндет ретінде Мемлекет басшысы қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруды атады. Қаланы дамыту үшін инвесторларға барынша жайлы жағдай жасалуға тиіс және оларға жоғары деңгейде қызмет көрсетілуі қажет. Ең алдымен халықаралық талаптардың қатаң сақталуына баса мән беріледі. Әсіресе, ұлттық заңнама жүйесінде қамтылмаған мәселелер бойынша әлемдік озық тәжірибені кеңінен қолдану өзекті бола түседі.
Президент өз сөзінде: «Нағыз озық әрі жедел даму жолына түсеміз десек, бұл жұмысты міндетті түрде қолға алуымыз керек. Тиісті лауазымды тұлғалар ешкімнен қорықпай, батыл шешімдер қабылдауы керек. Бұл өтініш я кеңес емес, бұл – нақты тапсырма.
Арнайы құқықтық мәртебесі бар қалалар жаһандық капиталды тарту үшін дәл осылай батыл әрі белсенді жұмыс істеп, алдыңғы қатарға шығады. Бұл саладағы жұмыстың бәрі нәтижелі болсын десек, инвесторларды көптеп тарту керек болады, ал ол үшін қолайлы орта жасауымыз керек және тиімді экожүйені құруымыз қажет. Бұл – әрине, өте ауқымды шаруа. Сондықтан алдымен өзекті, яғни басымдыққа ие бағыттарға айрықша мән беру керек: IT, өнеркәсіп, көлік және логистика, туризм, медицина, білім беру салаларын дамыту өте маңызды», – деді.
Сонымен қатар Президент қаланы дамыту үшін жасақталған пул мен қаржы құйылған қаржы аясында 50 мыңнан аса жұмыс орны ашылатынын айтты. Алдағы уақытта бұл портфель кеңейтілуі қажет екенін тапсырды.
«Әсіресе, отандық бизнесті ынталандыруға баса назар аударылғаны жөн. Бизнес өкілдері сырттан бақылаушы болмай, қаланы дамытудың бел ортасында жүруі қажет. Мұның маңызы зор. Өйткені Шэньчжэнь секілді қалалардың тәжірибесі алғашқы онжылдықта шаһардың өркендеуіне жұмсалған инвестицияның басым бөлігін сыртқы емес, ішкі салымдар құрағанын көрсетіп отыр.
Шэньчжэнь, Хайнань, Дубай, Сингапур сияқты қалалардың бәрінде мемлекет алғашқы инвестор ретінде базалық инфрақұрылым қалыптастырып берді. Осылайша, бизнесте тәуекел азайып, тиісті жағдай жасалатын орнықты инвестициялық цикл іске қосылды», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, мемлекет инфрақұрылымға инвестиция салса, жеке капитал да келе бастайды. Соның арқасында салық түсімі артады, жаңа инфрақұрылым пайда болады. Осылайша, қолға алынған жұмыстың ауқымы кеңейе береді. Ал негізгі инфрақұрылымға бастапқы инвестиция салу міндеті тек жеке секторға ғана жүктелсе, жобалардың инвестициялық тартымдылығы әлсірейді.
«Сондықтан Үкімет бастапқы кезеңде қаланың негізгі инфрақұрылымын дамыту мақсатында тұрақты түрде қаржы бөліп отыруы керек. Басқа жол жоқ. Қажет болса, орнықты кіріс қоры қалыптасқанша Алатауға қосымша лимиттерді және мемлекеттің кепілдігімен қарыз алу құқығын беруге болады. Дегенмен бюджет қаржысы тек инвестициялық мақсатқа сай жұмсалуға тиіс. Қаланың ұзақмерзімді даму бағдары басты назарда болуы керек», – деді Президент.
Ал төртінші міндет ретінде қарастырылған қаланың цифрлық активтерді жедел дамыту және елдің жаңа қаржы архитектурасын құрудың стратегиялық алаңына айналуы мәселесіне келсек, Алатаудың криптоқала ретіндегі маңызы арта түседі. Өйткені Қазақстан қаржы нарығы қарқынды трансформация кезеңінде тұр. Елімізде жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы финтех индустриясын дамытуға ықпал етеді. Осы саланы дамыту үшін қысқа мерзімде артық кедергілерді жойып, жаңа қаржы құралдарын іске қосу қажет. Президенттің пайымдауынша, цифрлық активтердің нақты құқықтық мәртебесін бекітіп, криптоактивті мүлік ретінде тану керек. Бұл жүйеде цифрлық теңге негізгі рөл атқарады.
«Халықаралық танымал орталықтармен табысты бәсекеге түсу үшін Алатау қаласында цифрлық активтер операциясына және жергілікті юрисдикцияда капиталдың өсуіне нөлдік мөлшерлеме белгіленіп, тиісті құқықтық жағдай жасалуы қажет. Экономиканың нақты секторларын, соның ішінде жылжымайтын мүлікті, инфрақұрылым нысандарын, шикізат активтерін токенизациялау жобасын жүзеге асыруды жеделдеткен жөн. Бұл орнықты және сұранысқа ие цифрлық құралдар нарығын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осы орайда транзакцияларды цифрлық идентификациялау және ашық мониторингтеу негізінде қауіпсіздік пен инвестициялық тартымдылық теңгерімін қамтамасыз ететін бақылау жүйесін іске қосу қажет. Яғни тұтастай алғанда Отанымыздың түбегейлі жаңа әрі сапалы өркендеуі туралы сөз болып отыр. Біз елімізді қаржылық тұрғыдан дамыту және трансформациялау саласында белгілі бір деңгейде революция жасап жатырмыз», – деді Мемлекет басшысы.
Инфрақұрылымды дамыту – өзекті мәселе
Мемлекет басшысы инфрақұрылымды озық үлгіде дамыту бесінші міндет екенін атады. Әрі бірқатар мәселе бар екенін айтты. Айталық, қалаға қосылған елді мекендердің тұрғындары тұрмысқа қажетті қарапайым жағдайдың жасалмағанына шағымданады екен.
«Электрдің жиі өшуіне қатысты арыз-шағымның көптігін былай қойғанда, тұрақты интернеттің, сапалы жолдың, орталықтандырылған судың жоқтығын алға тартады. Мұндай проблемалар облыстың барлық аумағында бар. Мәселен, 2025 жылы электр желісінің тозуы 70 пайызға жуықтап, соның салдарынан электр қуатының өшірілуі – 919 рет, ал жыл басынан бері 201 мәрте тіркелген. Қаланың жаңа аудандарында инженерлік коммуникация тарту жұмыстары әлі күнге дейін жобалау сатысында қалып отыр. Үш қосалқы станцияны жөндеу және су алу қондырғысының қуатын арттыру жобалары белгіленген кестеден кешігуде.
Alatau Smart-City салу міндеттері мен өңірдегі нақты әлеуметтік-экономикалық жағдай арасында қарама-қайшылық айқын байқалады. Мұны ашық айтайық. Бұл жағдайды Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың, сонымен қатар әкім Марат Сұлтанғазиевтің тарапынан жіберілген олқылық деп санаймын», – деді Президент.
Әрі жаңа энергия қуаты көздерін кеңейту мен іске қосу қажеттігі – елдік деңгейдегі мәселе екенін айтты.
«Мамандардың басым бөлігі энергия тапшылығы мәселесінің негізгі шешімі жаңа генерацияны іске қосу деп біледі. Пікірталастың барлығы екі аспектіге – қанша және қандай электр станцияларын салу қажет деген сауалға келіп тіреледі. Біз қашанда талқылауға дайын тұрамыз. Бірақ қазіргі уақытта еліміз энергияны қаншалықты көптеп жоғалтып отыр деген негізгі сауалды ешкім қозғамайды.
Осы проблеманы шешу үшін First fuel тұжырымдамасына ерекше назар қажет деп санаймын. Халықаралық энергетика агенттігі әзірлеген бұл тұжырымдама энергияның тиімділігі мен қуат үнемдеуді арттыру шараларын кеңінен енгізуді қарастырады. Үнемделген энергияның бағасы жаңадан өндірілетін электр энергиясының құнына қарағанда, тіпті өндірістің қолжетімді түрлерімен салыстырғанда, 2-3 есе төмен болатыны есептелген. Бұл жерде міндетті түрде пайдалануға болатын үлкен әлеует жатыр.
Өнеркәсіп министрлігінің ақпараты бойынша, желілердегі электр энергиясының шығыны шамамен 10 пайызды құрайды, жылу энергиясының шығыны да 10 пайызға жуық.
Мәселен, 2024 жылы электр энергиясының жалпы шығыны 9 миллиардтан аса киловатт сағатты құрады. Бұл бүкіл Атырау облысындағы тұтыну көлемінен артық», – деді Президент.
Мемлекет басшысы еліміз әлемде энергияны ең көп тұтынатын экономикалардың бірі екенін айтты. Деректерге қарағанда, Қазақстанның ІЖӨ-дегі энергия тұтынуы орташа әлемдік көрсеткіштен 2 есе жоғары, ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдері көрсеткіштерінен 3,5 есе артық. Мұндай жағдайдың қалыптасу себептерінің бірі ретінде Мемлекет басшысы энергия тұтыну мәдениетіміздің төмендігін атады. Демек, халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек. Ал Алатау қаласы ресурстарды оңтайлы, үнемдеп қолдануда үлгі болуға тиіс.
«Таза Қазақстан» тұжырымдамасын орындау – конституциялық міндет
Жиында Мемлекет басшысы Үкіметке, әкімдерге «Таза Қазақстан» тұжырымдамасына қатысты ерекше міндет жүктеді. Президент материалдық қана емес, ниет тазалығы да маңызды екенін атап өтті.
«Осыған байланысты Үкіметке, әкімдерге тағы да айтарым: «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының орындалуы – конституциялық міндет. «Таза» деген сөздің мағынасы көпқырлы. Бұл – қалаларымызды тазалау, көгалдандыру, көркейту, абаттандыру деген сөз. Сонымен қатар бұл – ниетіміздің тазалығын сақтау, отаншылдығымызды паш ету деген сөз. «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық қозғалысы Әділетті Қазақстанның болмысына, тіпті оның тұтас идеологиясына айналуы керек», – деді Президент. Әрі «Таза Қазақстан» мәселесіне алтыншы міндетті тілге тиек еткен кезде тағы да тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қалалар мен ауылдарды көркейту, аумақтарды көгалдандыру жұмысына әрдайым ерекше мән беру қажет. Сондай-ақ экологиялық мәдениетті көтеру мәселесіне көңіл бөлген жөн. Әсіресе, адамдардың туристік нысандар мен табиғат аясындағы тәртібіне айрықша назар аудару маңызды.
Тәртіп бұзушыларды, яғни вандалдарды заңға сәйкес жауапқа тарту қажет. Бір сөзбен, құқықтық нигилизмге қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Заң мен тәртіпке құрметпен қарау дегеніміз – жазадан қорқу емес, бұл – ең алдымен жауапкершілік сезімі жоғары азаматтарға тән айрықша болмыс. Осы маңызды дүниені дұрыс түсінген жөн», – деді.
Сонымен қатар қазіргі бұлыңғыр, әскери қақтығысқа толы заманда елімізге татулық пен тұрақтылық ауадай қажет екенін атады. Онсыз ешқандай реформа, жалпы оң өзгеріс болмайтынын, сондықтан құқық қорғау мекемелері заңбұзушылықтарға қатаң шаралар мен жазаларды қолдануы керек екенін айтты. Әрі құқықтық әрекеттерді сынау дұрыс емес екенін атап өтті.
«Кейбір елімізді жақтырмайтын, менсінбейтін кісілер, өкінішке қарай, солардың ішінде Парламент депутаттары бар, құқықтық әрекеттерімізді «Штрафстан», «Айыппұлстан» деп атайды екен. Мейлі, өз ойларының келтелігін көрсете берсін. Ал халқымызға қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік керек. Сондықтан біз осы жолдан таймаймыз, батыл түрде «Заң мен тәртіп» саясатын жүргіземіз. Себебі бұл – халқымыздың талабы, халқымыздың сұранысы. Бүкіл қоғам да, әкімдер де бұл мәселеге баса назар аударуы керек», – деді Президент. Сөйтіп, «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыруға бағытталған қадамдарды сынап, арзан ұпай жинауға ұмтылу ұшпаққа шығармайтынын меңзеді.
Отандық өнімнің бәсі жоғары болуы керек
Мемлекет басшысы өз сөзінде қала құрылысы барысында, негізінен отандық өнімді пайдаланған жөн екенін айтты. Егер жұмыс дұрыс ұйымдастырылса, Alatau city жобасы – құрылысқа және жалпы ел экономикасына мықты серпін беретін бастама. Дегенмен құрылысты толық әрі қарқынды жүргізу үшін жер мәселесін шұғыл шешу керек.
«Алматы облысының жері өте шұрайлы екені баршаға мәлім. Қаладағы және іргелес аумақтағы жер телімдерінің көпшілігі жеке меншікте немесе ұзақ мерзімге жалға берілген. Олардың басым бөлігі әлі күнге дейін игерілмей жатыр. Мемлекет қажетті нысандар салып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін жер телімдерін сатып алуға мәжбүр болып отыр. Бұл жағдай бүкіл жұмысқа үлкен кедергі келтіруде.
Өкінішке қарай, құрылысы басталған жобалардың саны жоспарға сай емес, яғни әлдеқайда аз. 2024-2025 жылдардың өзінде қолданылмай жатқан 16 мың гектардан астам жер анықталды. Бірақ оның бар-жоғы 688 гектары ғана мемлекетке қайтарылды. Бұл жұмыс көптен шешімін таппай келе жатқан шектеулер мен рәсімдік кедергілерге байланысты өте баяу жүріп жатыр. Осы мәселе бойынша билік мекемелерінің қауқарсыздық көрсетуге хақы жоқ. Елімізде инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жер телімдерін пайдаланудың айрықша шарттары әзірленді. Аталған құқықтық режим Конституциялық заң арқылы бекітілді», – деді Президент.
Сонымен қатар бірінші кезекте баса назар аударатын мәселелерді қолға алу қажет екенін айтты.
«Мысалы, қоқыс полигондарынан үнемі өрт шығады, бұл мәселені шұғыл және түпкілікті шешкен жөн. Бүлінген жерлерді қалпына келтіру жұмысын да назарда ұстау қажет. Қалаға жақын аумақта 30-ға жуық жер қойнауын пайдаланушы компания қызмет етіп жатыр. Олардың басым бөлігі экологиялық заңнама талаптарын және өнеркәсіп қауіпсіздігінің нормаларын сақтамайды. Тіпті, мұндай заңсыз әрекеттер жүйелі сипат алып кеткен деп айтсақ, артық болмайды. Өкінішке қарай, қызметін толық немесе уақытша тоқтатқан көптеген компания жерді қалпына келтіру жұмысымен мүлде айналыспайды. Осы мәселені шешу – жергілікті атқарушы органның тікелей міндеті. Үкімет бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауға тиіс. Президент Әкімшілігі осы жұмысқа қосылуы қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Әлеуметтік салада ауқымды жұмыс істеліп жатыр
Қасым-Жомарт Тоқаев алтыншы міндет ретінде Әлеуметтік және туристік инфрақұрылымды қарқынды түрде дамыту қажет екенін алға тартты. Бірақ бұл салада бірқатар мәселелер әлі де бар.
«Бұл салада нақты атқарылған жұмыс жоқ деп айтсақ, қателеспейміз. Ал қазіргі таңда туризм инвестициялық тартымдылықтың өте маңызды бөлігі болып саналады. Бас жоспарға сәйкес, 2050 жылға қарай қала халқының саны екі миллионнан асып кетуі әбден ықтимал. Мұндай өсім инженерлік желімен қатар әлеуметтік инфрақұрылымға зор салмақ түсіретіні анық. Қазір Алатауда жаңа әлеуметтік нысандар өте аз. Соған қарамастан, кәсіпкерлер бұл инфрақұрылымға қаржы салуға дайын. Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңес және қала әкімшілігі инвестицияны қайтарудың әдіс-тәсілдері мен мерзімдері айқындалған нақты ережелер әзірлеуге тиіс. Бұл құжатта өзара жүктеме әділ бөлініп, барлық сын-қатерлер ескерілуі керек», – деді Президент.
Сонымен бірге қаланы білікті кадрлармен қамтамасыз ету де бірінші қатардағы мәселе екенін атап өткен Президент, Алатаудың бас жоспарындағы Golden District ауданы болашақта халықаралық білім және ғылым орталығына, тартымды туристік кластерге айналып, миллиондаған туристі қабылдауға дайын болуы керек екенін тапсырды.
Сондай-ақ Қапшағай су қоймасындағы демалыс аймағында жыл бойы демалатындай жағдай жасау қажет екенін атады. Су қоймасының жағалауындағы бей-берекет құрылысты доғарып, барлық жұмыс рет-ретімен, бас жоспарға сай жүргізілуге тиіс.
«Қонақүйлер мен мейрамханалардан бастап, демалыс саябақтарына дейін барлық нысандардың сырт келбетіне баса назар аударған жөн. Олардың сәулеті, яғни архитектуралық стилі көрікті және бірыңғай болуға тиіс. Түптеп келгенде, қала инфрақұрылымы туризмнің қарқынды, сапалы дамуына жол ашуы керек. Осылайша, түскен қаражатты осы аймақтың игілігіне жұмсауға болады», – деді Президент.
Өз сөзінде Мемлекет басшысы Алатау қаласы төңірегінде ғана емес, тұтас елде атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Әсіресе, әлеуметтік салаға ерекше назар аударды. Президенттің айтуынша, соңғы үш жылда елімізде 746 мың оқушыға арналған 600-ге жуық мектеп салынған. Оның үштен бірі – «Келешек мектептері». Сондай-ақ 813 денсаулық сақтау нысаны және 307 спорт нысаны ашылды.
«Менің тапсырмаммен Семей, Тараз, Кентау, Орал, Атырау қалаларында заманауи оңалту орталықтары жұмыс істей бастады. Қазіргі уақытта осындай орталықтар Ақтөбе, Көкшетау, Талдықорған, Шымкент шаһарларында салынып жатыр. Әлеуметтік нысандар, соның ішінде балаларға арналған оңалту орталықтары барлық аймақта қолжетімді болуға тиіс. Осындай нысандар еліміздің аймақтарында әлі жеткілікті емес. Соның салдарынан жұрт Астана мен Алматыға көптеп қоныс аударуда. Бұл – иммиграцияның теріс сипаттағы үдерісі. Барлық әкімдер осы шаруамен тиянақты айналысуы керек. Президент Әкімшілігі бұл жұмысты қадағалайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Алматы агломерациясы дамиды
Президент жетінші міндет ретінде Алматы агломерациясын дамытуды тапсырды. Ал Алатау қаласының Алматыға іргелес орналасуы зор мүмкіндіктерге жол ашады. Әсіресе, сауда-экономика және көлік-логистика саласындағы байланыстарды едәуір кеңейтуге болады.
«Сондықтан тағы да атап өткім келеді: Алатау қаласында, ең алдымен, бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау керек. Жаңа кәсіпорындар ашылса, мұнда жұрт та көбірек келіп, тұрақтай бастайды. Бұл үрдіс Алматыға жұмыс бабымен күнделікті келіп-кететін халықтың санын азайтады.
«Күн сайын Алматыға облыстан 400 мыңға жуық автокөлік кіріп шығады. Алматы агломерациясындағы көлік қатынасын күшейту қажет. Соның ішінде жылдамдығы жоғары қоғамдық көлік жүйесін белсенді дамыту керек. Осыған орай, Алматы қаласының және Алматы облысының әкімдеріне «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, биыл бірінші тамызға дейін Skytrain желісін салу мәселесін пысықтауды тапсырамын. Бұл желі қаланың шекарасынан шығысқа және батысқа қарай тартылуға тиіс.
Сондай-ақ Алатау мен Алматы қалаларын жалғайтын жүрдек қоғамдық көлік жүйесін дамыту мәселесін пысықтау қажет. Жаңа шаһардың Үлкен Алматы айналма автокөлік жолының бойында орналасуы және Алатау қаласын Қорғаспен қосатын теміржол тармағының жоспарлануы келешекте Алматы агломерациясының ауқымын кеңейте түседі. Яғни, ауқымды облыстық кластер пайда болады. Almaty SkyHub заманауи мультимодальді логистика орталығы өңірдегі маңызды жобалардың бірі болмақ», – деді Президент.
Қалаларды көркейту кешенді түрде ұйымдастырылады
Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаев барлық қаланы көркейту жұмысы кешенді түрде жүргізілуі керек екенін айтты. Арнайы басқару режимін енгізу, инвестицияны қорғау және қажетті инфрақұрылымды дамыту ісін бір-бірінен бөлек қарастыруға болмайтынын ескертті.
«Бұл бағыттардың бәрі өте маңызды. Мысалы, бастапқы инфрақұрылым болмаса, инвестиция қорғалмаса, халықаралық инвесторлар мұнда келмейді. Бұл – айқын нәрсе. Арнаулы құқықтық режим болмаса, инновациялық тәсілдерді енгізе алмаймыз.
Шын мәнінде, Алатау city жобасын жүзеге асыру – тұрмыс сапасы және іскерлік ортасы ең жоғары әлемдік талаптарға сай келетін озық қала салу деген сөз. Бұл – мемлекеттік маңызы зор міндет, еліміз үшін стратегиялық мәні бар жұмыс. Сондықтан біз тыңғылықты, тиянақты, сапалы жұмыс істеуіміз керек. Құр қағаз жүзіндегі есептің еш қажеті жоқ. Бәрімізге керегі – бір-ақ нәрсе: бұл – нақты нәтиже. Қажетті жағдайдың бәрі жасалып жатыр. Тиісті құқықтық негіз бар, ресурс та жеткілікті. Енді барлығы алдағы міндеттердің уақытылы әрі сапалы орындалуына тікелей байланысты болады. Әрбір бағыт бойынша жеке жауапкершілік жүктеледі», – деді Мемлекет басшысы.
Сөз соңында Президент жаңа Конституцияның мән-маңызына тоқталды. Наурыз айында конституциялық реформаны табысты жүзеге асырылғанын айта келе, жаңа Ата заң жүктейтін бірқатар міндетті атады.
«Конституция – мемлекеттігіміздің мызғымас тірегі, халқымыздың темірқазығы. Еліміздің Бас құжатында азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беру, заңға құрмет, табиғатқа жанашырлық, шынайы отаншылдық, еңбекқорлық, білім-ғылым және жоғары технологиялар қағидаттары айқын көрініс тапты. Сондай-ақ Конституцияда еліміздің, жеріміздің тұтастығын, Егемендігін және Тәуелсіздігін қорғау әр азаматтың қасиетті борышы деп жазылды.
Осы орайда, әрине нағыз отаншыл азаматтың озық үлгісін, ең алдымен мемлекеттік қызметшілер көрсетуі керек. Бұл – ел мүддесі үшін еңбек етіп жүрген әрбір қызметшінің қастерлі парызы. Лауазымды тұлғалар, күштік құрылымдар мен басқа да билік өкілдері Конституцияға үнемі сілтеме жасауы керек. Мысалы, Америка Құрама Штаттарында адамдар өмірде болсын, кинода болсын, Конституцияны аузынан тастамайды. Біз де осындай құқықтық мәдениет қалыптастыруымыз қажет. Бұл ең алдымен ұлттық болмысымызға оң әсер етеді», – деді Президент.
Әрі Ата заңның адами құндылықтар мен заң нормаларының жиынтығы ғана емес, ел дамуының қозғаушы күші болуға тиіс екенін атады. Мемлекет пен қоғам арасында шынайы серіктестік орнап, белсенді, жанашыр азаматтар ұлттың жасампаз күшіне айналуы қажет.
«Бүгінде қолданыстағы заңнамаларды Конституция талаптарына сай өзгерту жұмысы жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта Құрылтай сайлауы өтеді, Халық кеңесі құрылады. Қазір Парламент «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға түзетулер енгізуде. Бұл өзгерістер күшіне енген соң мәслихаттардың ықпалы артады. Аймақтағы депутаттар бюджетті бөлуге тікелей араласатын болады. Соның нәтижесінде облыстар мен қалалардағы жергілікті өкілді биліктің бақылау тетіктері күшейеді. Бұл маңызды қадам аймақтардың дербестігін арттыра түседі.
Бәріңізге мәлім, биыл Қонаев қаласына облыс орталығы мәртебесі берілгеніне 4 жыл толады. Шаһарда ауқымды жұмыс істеліп жатыр. Қала біртіндеп әкімшілік, туристік және іскерлік орталық ретінде қалыптасуда. Бұл – әкім Марат Сұлтанғазиевтің еңбегі. Жалпы, Алматы облысының өсіп-өркендеуі үшін барлық мүмкіндік бар. Өңірге инвесторлар назар аудара бастады», – деген Президент жиын соңында бір топ азаматты жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттады.
Ардақ СҰЛТАН