Сондай-ақ жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы заңды екі оқылымда қабылдады. Екінші оқылымда бірқатар құжат, соның ішінде нотариустар мен психологтардың қызметін реттейтін заңдар қабылданды. Бұған қоса, балара шаруашылығы мәселелері жөніндегі түзетулер де енгізілді.
Мәжіліс «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» заңды ілеспе түзетулердің екі пакетімен бірге екі оқылымда қабылдады. Құжаттарға Мемлекет басшысының тиісті тапсырмасын орындау мақсатымен Парламент депутаттары бастамашы болды. Заң жобасын әріптестеріне Мәжіліс депутаты, бастама авторларының бірі Абзал Құспан таныстырды.
– Бұл – қателік жіберген, бірақ өкініп, өз мінез-құлқымен түзелу жолына түскенін дәлелдеген адамдарға қатысты мемлекетіміз тарапынан көрсетілген кезекті ізгілік актісінің көрінісі. Алдағы рақымшылықтың бұған дейінгілерден ерекшелігі – елімізде тұңғыш рет қылмыстық рақымшылықпен қатар әкімшілік рақымшылық та жүргізіліп отыр, – деді депутат.
Абзал Құспанның айтуынша, қылмыстық рақымшылық шеңберінде қылмыстық істерді, соның ішінде соттардың қарауындағы істерді тоқтату және жазадан босату көзделіп отыр. Бұл шаралар қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар, сондай-ақ зиян келтіруге әкеп соқпаған немесе келтірілген зиянды толық өтеген орташа ауыр қылмыстар жасаған адамдарға ғана қолданылады. Бұдан бөлек, орташа ауыр қылмыстар үшін жазаның өтелмеген мерзімінің 1/2 бөлігін, ауыр қылмыстар үшін және аса ауыр қылмыстар үшін сотталғандардың жазасын залалды өтеуге байланысты саралап қысқарту жоспарлануда.
Рақымшылық аса қауіпті қылмыстар жасаған адамдарға қолданылмайды. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлық, террористік және экстремистік қылмыстар, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар, азап көрсету, қайталанған қылмыс (рецидив), қоғамға қаупі жоғары деңгейдегі қылмыстар, жақында криминализацияланған (қылмыс қатарына жатқызылған) іс-әрекеттер рақымшылық аясына кірмейді. Сондай-ақ өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар мен сырттай сотталғандар да рақымшылық шеңберінен тыс қалады.
Бұл ретте, Абзал Құспан рақымшылық жасау туралы түпкілікті шешімді әрбір сотталғанға қатысты сот жеке-жеке қабылдайтынын атап өтті. Соттар салған айыппұлдарға, сондай-ақ азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құқықбұзушылықтар үшін салынған айыппұлдарға әкімшілік рақымшылық таралмайды. Оның аясына Қазақстан азаматы болып табылатын жеке тұлғалар, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар мен заң консультанттары ілігеді.
Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Қайрат Балабиев ілеспе түзетулерде рақымшылық жасау актісі қолданылған жағдайда атқарушылық іс жүргізуді тоқтату қарастырылғанын айтты. Бұл нормалар азаматтарға сот орындаушысына жүгінбестен мүліктен және банктік шоттардан шектеу шараларын алып тастауға мүмкіндік береді, сондай-ақ атқарушылық санкцияларды төлеу және жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу қосымша шығыстардан босатады.
Талқылау барысында депутаттар рақымшылыққа ілігуі мүмкін азаматтардың саны, есептен шығарылуға жататын әкімшілік айыппұлдардың жалпы көлемі, сондай-ақ рақымшылық таралатын адамдар ең көп болады деп болжанып отырған құқықбұзушылық санаттары туралы сұрады. Әкімшілік айыппұлдарды есептен шығару тәртібі, соның ішінде азаматтарды олардың күшін жою туралы хабардар ету тетігі, сот орындаушыларының шығындарын өтеу көздері туралы мәселелер көтерілді. Сонымен қатар ауыр дене жарақатына соқтырған жол-көлік оқиғаларын аса ауыр қылмыстар санатына жатқызу туралы ұсыныстар айтылды.
Мәжіліс «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл құжат ұлттық заңнаманы Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартына енгізілетін түзетулерге сәйкес келтіруге бағытталған. Заң жобасын депутаттарға Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы Азамат Әмрин таныстырды.
Түзетулер аясында электрондық сауда тауарларын жеке санатқа бөлу ұсынылып отыр. Сонымен қатар электрондық сауда операторларының қызметіне құқықтық база жасалады. Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Әділ Жұбановтың айтуынша, олардың функцияларына жеке тұлғалардың интернет алаңдарда жеке тұлғалардың тауар сатып алу операциясының логистикасын кешенді түрде қамтамасыз ету, сондай-ақ электрондық сауда тауарларын кедендік декларациялау және сақтау мәселелері бойынша интернет алаңдармен және кеден органдарымен өзара іс-әрекетті жүзеге асыру кіреді.
Осылайша, қабылданған заңның арқасында халық үшін кедендік рәсімдер жеңілдетіліп, электрондық сауда тауарлары импортының толық әрі шынайы статистикасы мен құрылымы қалыптасады. Трансшекаралық электрондық сауда саласы ретке келіп, нарықтың ашықтығы артады.
Заң жобасының ережелерімен танысқаннан кейін депутаттар баяндамашы мен уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдеріне бірқатар сұрақ қойды. Атап айтқанда, тауарды қайтару тәртібіне, электрондық сауда операторының сатушы мен сатып алушы арасындағы делдал ретіндегі жауапкершілігіне, төленген кедендік баж сомасын қайтару мүмкіндігіне назар аударды. Бұдан бөлек, депутаттар электрондық сауда операторларының ақпараттық жүйелерінің қорғалу деңгейіне және мүмкіндігі шектеулі жандардың электрондық коммерция саласына толыққанды қатысуы үшін қажетті жағдай жасауға қатысты мәселелерді көтерді.
Жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары бастамашы болған асыл тұқымды мал шаруашылығы және балара шаруашылығы мәселелері жөніндегі заң да қабылдады. Мәжіліс депутаты, бастама авторларының бірі Ислам Сұңқардың айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер мен толықтырулар балара шаруашылығының тұрақты дамуына жағдай жасауға, аралардың генетикалық қорын сақтауға, ара шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ селекциялық асылдандыру жұмысын жетілдіруге бағытталған.
– Омарталар мен олардың жай-күйін жүйелі есепке алу, емдеу-профилактикалық шараларды уақытылы жүргізу, ара ауруларының таралуын болдырмау мақсатымен «омартаның ветеринариялық паспорты» енгізіледі. Ара өсірушілер арасында дау-дамай туындамауы үшін және бал жинау қорын тиімді пайдалану мақсатымен заң жобасында тұрақты және көшпелі омарталарды бір-бірінен кемінде бес шақырым қашықта орналастыру нормасы көзделген. Баларалардың тұқымын сақтау және өнімділігін арттыру үшін оқшауланған шағылыстыру пункттерінің қызметіне қойылатын талаптар белгіленеді, – деді Ислам Сұңқар.
Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Еркебұлан Мәмбетовтің айтуынша, «бал» ұғымын заңнамалық түрде нақтылау арқылы ара шаруашылығындағы жалған өнімдер айналымын шектеуге және тұтынушылардың құқығын қорғауға бағытталған ережелер бекітіледі.
Асыл тұқымды мал шаруашылығы бөлігінде заң жобасында селекциялық асылдандыру жұмыстарына, сондай-ақ асыл тұқымды жануарларды бонитирлеу, индекстік бағалау қызметтерінің сапасына мемлекеттік бақылауды күшейту көзделіп отыр. Осыған байланысты асыл тұқымды мал шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік инспекторларға тиісті өкілеттіктер беріледі.
Екінші оқылымда депутаттар бастамашы болған нотариаттық қызмет және заң көмегі мәселелері жөніндегі заң қабылданды. Түзетулер жеке нотариустар заң көмегін көрсеткен кезде азаматтардың құқығын қорғаудың қосымша кепілдіктерін қамтамасыз етуге, нотариаттық қызмет саласындағы мемлекеттік бақылау тетіктерін, сондай-ақ нотариустардың жауапкершілігін күшейтуге бағытталған. Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Дмитрий Колоданың айтуынша, нотариаттық қызметпен айналысу құқығына арналған лицензияның қолданылуын тоқтата тұруға және одан айыруға негіз болатын талаптар тізбесі кеңейтіледі. Бұл ретте, дербес деректер туралы заңнаманы бұзу және электрондық цифрлық қолтаңбаны үшінші тұлғаларға беру фактілері сөз болып отыр.
Құжатта атқарушылық жазба берудің ашықтығы мен объективтілігін арттыру нормалары да көзделген. Ол нотариаттық іс-әрекеттерді одан әрі цифрландыруды және Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйенің жұмысын жетілдіруді қамтиды. Бұған қоса, түзетулер өндіріп алушыларды нотариусқа борышкердің міндеттемені орындамағаны туралы жазбаша мойындауын ұсынуға міндеттейді. Басқа да нормалар көзделген.
Мәжіліс кәсіби психологиялық қызметті реттеудің бірыңғай құқықтық негізін құруға бағытталған «Психологиялық қызмет туралы» депутаттық заңды екінші оқылымда қабылдады. Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Айна Мысырәлімова құжат бірқатар ережемен толықтырылғанын, мәселен, онлайн-платформалар арқылы психологиялық көмек көрсету мәселелері реттеліп, осындай қызметтерді ұсынатын психологиялық қызмет субъектілеріне қойылатын тиісті талаптар айқындалғанын айтты. Бұдан бөлек, психологтың Әдеп кодексін сақтау талапы енгізілді, мамандарды психологтар тізіліміне енгізу және тізілімнен шығару тәртібі регламенттелді. Сонымен қатар адам психикасына белсенді әсер ететін заттарды және әдістерді қолдануға тыйым салынды.
Бұған қоса, депутаттар бастамашы болған әлеуметтік заңнаманы жетілдіру мәселелері жөніндегі заңнамалық түзетулер де екінші оқылымнан өтті. Оның негізгі ережелері техникалық және кәсіптік білім беру мен кәсіби біліктілік жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ көші-қон саясатын реттеуге қатысты.
Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Айна Мысырәлімова жұмыс барысында құжатқа денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау және инклюзивті білім беру салаларын қамтитын түзетулер енгізілгенін айтты. Осылайша, белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының жұмыс тәртібі заңнамалық деңгейде айқындалады. Салымшының қалауы бойынша инвестициялық портфельдің басқарушысына зейнетақы жинақтарын басқаруға берудің нормалары қабылданды. Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарының квотасын белгілеу, олардың орындалуын мониторингілеу және бағалау қағидалары айқындалды.
Түзетулердің жеке блогы үш жасқа дейінгі денсаулығында ауытқу бар балаларды анықтау мен қолдауға, ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдаудың интеграцияланған модулін енгізуге, арнайы білім беру ұйымдарын лицензиялауға бағытталған.
Бұдан бөлек, Мәжіліс екінші оқылымда «Топырақты қорғау туралы» заң мен ілеспе түзетулерін қабылдады. Құжатты Мәжіліс депутаттары топырақты тиімді басқарудың, оның құнарлылығын қорғаудың, сақтаудың және арттырудың құқықтық негізін жасау мақсатында әзірледі. Ұсынылған нормаларды әріптестеріне Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Нұржан Әшімбетов таныстырды.
Заң қабылданғаннан кейін шаруа қожалықтары жер телімдерінің шекарасы мен өлшемдерін ғана емес, сонымен қатар сапалық деректерін де көрсете отырып, төлқұжатын (паспорт) рәсімдейтін болады. Алдағы уақытта мемлекет те, шаруалар да топырақ жағдайына жүйелі түрде талдау жасап, деректерді бірыңғай базаға енгізіп отырады. Бұдан бөлек, топырақ құнарын толықтыруға тікелей байланысты ғылыми негізделген әдістер мен ұтымды технологияларды міндетті түрде қолдану қарастырылады. Бұған қоса, жердің құнарлы қабатын алу және жылжытуға байланысты нормалар күшейтіліп, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді беру бойынша электрондық конкурстар өткізуге қатысты түзетулер енгізілді.
Сондай-ақ заң жобасы Қазақстанда тіркелмеген және тек оларды пайдалануға рұқсат етілген елдерге экспорттауға арналған пестицид өндіруге, сондай-ақ цифрлық фитосанитариялық сертификатты енгізуге қатысты нормалармен толықтырылды.
Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Мұқаш Ескендіровтің айтуынша, қосымша қабылданған норма шеңберінде кірістердің бір бөлігі аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер мен ауылдық округтер деңгейіне беріледі (бюджеттің төртінші деңгейі). Оларға заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің мүлік салығы, тіркелген жері бойынша қызметтің жекелеген түрлері үшін лицензиялық алымдар, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы айыппұлдар мен басқа да өндіріп алулар жатады. Мұнай секторынан түсетін түсім оған жатпайды.
Бұдан бөлек, заң аясында «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына қатысушылардың тізімі кеңейіп, оған цифрлық технологиялар және архив ісі саласының мамандары қосылды. Басқа да түзетулер мемлекеттік емес субъектілердің сот-сараптама қызметіне қатысуын жүйелеуге, мемлекеттік міндеттемелерді орындай отырып, EPC+F құралын қолдану аясын кеңейтуге бағытталған.
Бұған қоса, екінші оқылымда Мәжіліс депутаттары бастамашы болған «Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы» заң ілеспе түзетулерімен қабылданды. Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Дүйсенбай Тұрғанов атап өткендей, ұсынылып отырған түзетулердің ең маңызды нәтижесі – радиоактивті қалдықтарды сақтау және көму жөніндегі жекелеген операцияларды реттеуден радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеудің тұтас жүйесін кешенді реттеуге көшу.
Депутаттар атом энергиясын пайдалану объектілерінің ерекшелігін, ықтимал қауіп деңгейін, қауіпсіздік талаптарын және осы саладағы халықаралық тәсілдерді ескере отырып, тұрақты мемлекеттік бақылау мен қадағалау режимін енгізу және оны жүзеге асыру тәртібін заңнамалық тұрғыдан бекітетін түзетулер енгізді. Бұдан бөлек, «ядролық мұра объектілері», «Атом электр станциясының ұлттық операторы» ұғымдары енгізіліп, өзге де нормалар қарастырылған.
Сонымен қатар Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы екі елдің кеден қызметтерінің өкілдіктерін ашу туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа қабылдады.
Жалпы отырыс қорытындысы бойынша депутаттар мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік және экономикалық тақырыптар бойынша 18 депутаттық сауал жолдады. Олардың барлығы Мәжілістің ресми сайтында және Telegram-каналында жарияланды.
Айна ХАСЕН