Әлеуметтік салаға басымдық бар

Шымкент қаласында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру және ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді.

Мемлекет басшысының әлеуметтік саясаттағы басым міндеттерінің бірі қоғамның осал топтарына жан-жақты қолдау көрсету болса, бұл бағыттағы бастамалар бүгінде мегаполисте нақты нәтижесін беруде.

Қалада әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау және оңалту салаларын дамытуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Соның айқын дәлелінің бірі  – Президент тапсырмасына сәйкес салынып жатқан 150 орындық за­ма­науи оңалту орталығы. Бұл нысан ерекше қажеттілігі бар азаматтарға сапалы қызмет көрсетуді жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды әлеуметтік жоба саналады. 2024 жылдың желтоқсан айында басталған құрылыс жұмыстары бүгінде қарқынды жүр­гізілуде. Бозарық шағынаудан­ында бой көтеріп жатқан кешеннің жалпы аумағы – 5,3 гектар. Бес блоктан тұратын орталық халықаралық талаптарға сай заманауи құрал-жабдықтармен қамтылатын болады.

Жоба аясында І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға жартылай ста­цио­нарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Бұл  – ерекше күтім­ді қажет ететін жандардың өмір сапа­сын жақ­сартуға, олардың қоғамға бейім­делуіне және белсенді өмір сүруіне мүмкіндік беретін маңызды бастама. Орталық құрамында спорт залы, емдік-сауықтыру бассейні, акт залы, үш қабатты оңалту корпусы, кең асхана, екі қабатты стационар және қосымша техникалық нысандар қарастырылған. Яғни мұнда келушілердің толыққанды ем қабылдап, әлеуметтік және психологиялық қолдау алуына барлық жағдай жасалмақ. Қазір құрылыс жұмыс­тарының 60 пайызы аяқталған. Нысанда 262 жұмысшы еңбек етуде. Барлық жұмыс белгіленген талаптар мен сапа стандарт­тарына сәйкес жүргізіліп жатыр. Жобаны 2026 жылдың желтоқсан айында толық аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған.

Мегаполисте тек ересектерге  емес, ерекше балаларды оңалту мәселесіне де айрықша назар аударылуда. Бүгінде қаладағы медициналық ұйымдарда балаларға арналған оңалту қызметтерінің сапасы едәуір артып, заманауи емдеу тәсілдері кеңінен енгізілуде. Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдарда жыл басынан бері 3 500-ге жуық бала оңалту емінен өткен. Мамандардың мәліметінше, көрсетілген медициналық көмектің нәтижесінде оң динамика жоғарылап, ем қабылдаған балалардың 99,3 пайызының денсаулығы жақсарған.

Қаладағы №1, №2 және «Мейірім» оңалту орталықтарында церебральды сал ауруының спастикалық түрін емдеуде ботулотоксин терапиясы – «Диспорт» препараты сәтті қолданылып келеді. Бұрын ата-аналар мұндай емді алу үшін Астана мен Алматы қалаларына баруға мәжбүр болса, бүгінде қажетті қызметтер Шымкент­тің өзінде қолжетімді бола түскен. Бұл өңірдегі медициналық инфрақұры­лымның сапалы дамып келе жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі. Сонымен қатар қалада №1 және №2 оңалту орта­лықтары, «Мейірім» орталығы, «Қамқорлық» орталығы, Психикалық де­нсаулық орталығы және мемлекеттік тап­сырыс аясында қызмет көрсететін жеке­меншік орталықтар да тұрақты жұмыс істейді.

Оңалту қызметтері неврология, орто­педия-травматология және кардиология бағыттары бойынша ұйымдастырылған. Атап айтқанда, 2 273 бала тәуліктік стационарда, 1 179 бала амбулаториялық деңгейде ем қабылдаған. Ал неврологиялық бағыт бойынша – 2 405, ортопедия-травматология бойынша – 775, церебральды сал диагнозымен 492 бала оңалтудан өткен. Әсіресе, ерекше күтімді қажет ететін бала­ларды қолдау бағытындағы жұмыстардың нәтижесі көңіл қуантады. Тек төрт айдың ішінде оңалту емін алған 2074 бала немесе 60,1 пайызы ерекше балалар санатына жатады. Бұл олардың қоғам өміріне бейім­делуіне, денсаулығын жақсартуға және өмір сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың нақты жемісі.

Қоғамның өркениеттілігі әлсіз топтарға көрсетілген қамқорлықпен өлшенеді. Ал Шымкентте қолға алынған әлеуметтік бастамалар бұл бағыттағы жұмыстардың жаңа деңгейге көтерілгенін байқатады.

Назгүл НАЗАРБЕК, 

Шымкент қаласы