Көк аспанның бір құлашын көтеріп...

Мемлекеттік рәміздер – қазақтың өзіндік болмысын айқындайтын қасиетті нышаны. Рәміз – тарих, рәміз – мәдениет, рәміз – ұлттың мінез-құлқымен біте қайнасқан мәлімет жиынтығы, рәміз – ата-бабамыздың өр рухын, салт-санасын, даралығы мен даналығын, үкілеген үміті мен арман-тілегін өн бойына сыйдырған символ.

Елтаңба мен Әнұранның ел өміріндегі орны қандай маңызды болса, мемлекеттік Тудың жөні тіптен бөлек. Өйткені Ту – басқа рәміздерге қарағанда, ең көп қолданылатын, халықаралық аренада, бірінші кезекте, алға шығатын, халықтың рухын, жігерін жанып, намысын қайрайтын, бір идеяның төңірегіне топтастыратын құндылық.

Қазақстанның аспан түстес көк туында алтын күнмен астасқан алып қыран қанат керген. Осы бір терең мағыналы нышанда кешегі тарихымыз, бүгінгі биігіміз, ертеңгі ерен істеріміз түгел тоғысқан. «Төбе­мізді бұлт шалмасын, мәртебеміз заңғар көкке шарықтасын» деген асыл мұратымыз тұғыры берік тудың бетінде бейнеленген. Халқымыз үшін көкке көтерілген жалау – қасиетті белгі. Мемлекеттік ту – көркемсурет топтамасы ғана емес, ұлт тұ­тас­тығының кепілі, азаттықтың анық айғағы.

Қазақтың мызғымас та мұқалмас ерлік дәстүрі ғасырлар қойнауына жетелейді. Түркілік түсінікте байрақ аса қастерлі атрибут болған. Осы орайда «ту тігу», «ту байлау», «байрақ көтеру», «тубегі», «байрақ­шы», «ту жығу» сияқты ұғымдар қалыптасқан. Ертеде «ту тігілді» деген хабар құлағына тиген бетте бес қару­ын сайлап атқа қонған көшпенділер тез арада сол тудың түбінен табылған. Ондық, жүздік, мыңдық, түменге бөлінген алаш жасағы мидай араласқан қым-қуыт шайқаста өз жауынгерін жалаулы найзасы­нан ажыратқан. Ал «тудың жығылуы» қазақы санада жаман ырым саналатын. Ауыспалы мәнде бұл сөз адамның «сағы сыну», «рухы түсу» деген мағынаны меңзеген. Ұлы Абай күш-қайраты толысқан, жалындаған жас шағында дүние салған інісі Оспанды:

«Жайнаған туың жығылмай,

Жақсы өліпсің, япырмай!» – деп егіле жоқтаған. Атақты Сүйінбай сүлей:

«Бөрі басы – ұраным,

Бөрілі менің байрағым.

Бөрілі байрақ көтерсе,

Қозып кетер қайдағым! – деп жырлаған. Мұндағы ақынның «қайдағысын» қайнаған намысы деп қа­был­дау керек. Одан беріде Сұлтанмахмұт Торайғыров:

«Алаш туы астында

Күн сөнгенше сөнбейміз!» – деп ұрандатты.

Азаттық жолындағы арпалыста ерлеріміз елдіктің туы еңкеймесін деп шыбын жанын құрбан еткен. Ақсақалдар жас өренге «туың жығылмасын» деп бата беретін. Ежелде ту көтерген батырды сұлатып, байрақты құлату – майдандасқан екі тараптың да мақсат-нысанасы еді. Мәселен, халық аузында Мұрын Қазымбет батыр туралы «Ту түбінде тулап өлген Қазымбет» дейтін астары қалың аңыз айтылады. Шешуші ұрыстардың бірінде жан-жағынан қылыш шабылып, сүңгі сұғылып жатса да, тубегі бахадұр қасық қаны қалғанша қасарысып, қолындағы байрақтан айырылмайды. Денеге түскен жарадан әбден әлсіреген қаһарман ат үстінде туға сүйеніп, тікеден-тік отырған күйінде жан тапсырыпты.

Содан бері күндер сынаптай сырғып, апталар бұлақтай жылжып, айлар бұлттай аунап, жылдар желдей есіп, ғасырды-ғасырға жалғап, жаңарған қоғам, жаһанданған заманға аяқ бастық. Бабалардың «қайдағысын қоздырған» бөрілі байрақ тарихи жәдігерге айналды. Қазір көк туымыз көкке өрлеп, көңілді өсіреді. Жалпы, геральдика дәстүрінде әр түс нақты бір нышанды білдіреді. Мысалы, аспанкөк түс адам бойындағы адалдық, тазалық, сенімділік, мінсіздік тәрізді қасиеттерді тұспалдайды. Күн байлық пен молшылықты бейнелейді. Сондықтан байрақтағы күн шапағы бақуаттылық символы – алтын масақ түрінде кескінделген. Мемлекеттік рәміздегі күн суреті еліміздің жалпыадамзаттық құндылықтарға бас иетінін де дәлелдейді. Қыран бейнесі әдетте биліктің, қырағылықтың, мәрттіктің белгісі ретінде қабылданады. Күн астында қалықтаған бүркіт Қазақстанның күш-қуатын, тәуелсіздігін, асқақ армандарға деген ұмтылысын танытады. Жырт­қыш құс көшпенділер пәлсапасында өрлік, ерлік, еркіндік сынды ұғымдармен ұштасады. Тудың сабына таман тігінен нақышталған ұлттық өрнектер қазақтың байырғы дүниетанымын аңғартады. Сан алуан пішіндердің үйлесіміне құ­рыл­ған оюлар халықтың көркемдік талғамын көрсет­іп, ішкі әлемін әйгілейді.

Көк байрақтың әдемілігі сондай, ол әлемдік аренада көп жұлдыздың ішіндегі шолпан секілді көзге оттай басылады. Жерлестеріміздің барлық жеңісі мен жетістігі мемлекеттік рәміздермен тығыз байланысты. Мемлекеттік ту Президент резиден­циясының, Парламенттің, Үкіметтің, министр­лік­тердің, Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдардың, Конституциялық Кеңестің, Жоғарғы сот пен жергілікті соттардың, елшіліктердің, шетелдегі тұрақты өкілдіктердің, басқа да ресми мекемелердің ғимаратында, көлік құралдарында ылғи ілініп тұрады. Еліміздегі ең басты байрақ Аста­надағы «Атамекен» этно-мемориалдық кешенінде орналасқан. Биіктігі 100 метрден асатын тутұғыр 2009 жылы Астана күнін мерекелеу аясында ашылды. Ондағы тудың жалпы ауданы – 450 шаршы метр, ені – 15, ұзындығы – 30 метр. Мұнымен қалай мақтанбаймыз, бұған қалай шаттанбаймыз!

1992 жылдың 4 маусымында Қазақстан Рес­публикасының рәміздері қабылданғалы көк бай­рақ­тың қадірі артып, абыройы асқақтаған үстіне асқақ­тай түсті. Қазақ баласының туға деген құрметі алабөтен. Себебі мемлекеттік Ту – ұлттық біре­гей­ліктің тірегі, әр азаматтың жол нұсқайтын бағ­дар­шамы. Халықаралық додада спортшыларымыз атой салғанда, барша қазақ өз елінде тақымын қысып отырады. Тудың жауапкершілігі де орасан. Оғландар оны көргенде, артындағы елдің аманатын түйсінеді, қара орман жұртының сенімін сезінеді. Саңлақтар әлемдік сайыста жеңіс тұғырына көтеріліп, аспан түстес жалауды желбіреткенде, көздер боталап, көңілдер босайды. Әнұран әуелеген сәттегі әсерді айтып жеткізуге ешқандай көркем сөз көмектеспейді.

Мемлекеттік рәміздер – егемендіктің бірден-бір дәйегі. Демек, оны кеңінен қолданып, қастерлеп, мазмұнына бойлау өте маңызды. Көк байрақты ұлықтау жұмысы тек 4 маусымда ғана емес, жыл он екі ай жүйелі түрде жүргізілуі керек. Бұрын бұлай іс­теу­ге рәміздер туралы заңдағы қайшылықтар бөгет болатын. Мәселен, 2015 жылы астаналық азамат туды балконға ілгені үшін жауапқа тартылды. Полицейлер әкімшілік хаттама толтырып, 400 мың теңгедей айыппұл кесті. Туды заттай айғақ деп тәркіледі. Геннадий Головкиннің жеңісіне қуанып, балконнан жалауды желбіреткен елорда тұрғыны бұл шешіммен келіспей, адвокат жалдады. Әлеуметтік желіні ‪#меніңбайрағым #этомойфлаг хэштегімен қарсылық акциясы шарпып өтті. Ақыры Жоғарғы соттың ұйғаруымен әкімшілік хаттаманың күші жойылды. Оғаштау оқиғаға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударып, мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидасын қайта қарауды тапсырды. Содан кейін заң өзгеріп, көк байрақтың көптігіне көзіміз сүйінетін жағдайға жеттік.

«Бөрілі байрақ құласа,

Күйремей кеткен жан емен» – деп еді Сүйінбай ақын. Амал қанша, мынадай бейбіт заманда туымыз құламақ түгіл қайта-қайта қорланып жатыр. Арамызда мемлекеттің рәмізді қарапайым мата құрлы сыйламай­тын, қолдағы алтынның қадірін білмейтіндер бар­шы­л­ық. Кейде туды тулақ қылып, онымен күл-қоқыс тасу, сахна төрінде көк байраққа тіл тигізу сияқты келеңсіз құбылыстар қылаң беріп қалады. Тіпті кей­де мемлекеттік мекемелердің маңдайшасынан әбден тозған, өңі қашып, жырымдалып жыртылған туларды да көреміз. Бұқаралық ақпарат құралдары жағы­мыз жайттарды тілге тиек етіп, шулаудай-ақ шу­лай­ды. «Ашынғаннан шығады ащы даусым» де­ген­дей, зиялы қауым да мұндай сорақылыққа көз жұмбауға шақырып, дабыл қағады. 2022 жылы Пре­зидент халық үніне құлақ асып, ендігі жерде заңды қатаңдату керек деп мәлімдеді. Себебі бір ту­дың астында ғұмыр кешіп, сол туды сыйламау өсетін елдің ісі емес.

Бостандық бізге біреулер ойлағандай өздігінен келген жоқ. Тым қымбатқа түсті. Туымыздың түсі көк болғанымен, оның бойында азаттық жолында жанын қиған миллиондардың қаны бар. Қолымыздағы көк байрақ, атыңнан айналайын, азаттықтың жемісі! Алдымызда шетсіз-шексіз жол жатыр, ұлан асу бел жатыр. Осыдан бір ғасыр бұрын ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан «Қияметке шейін қазақ – қазақ болып жасамақ» деген екен. Тәуелсіздікпен бірге туымыз да мәңгі тұғырында тұра бермек.

Айдар ДӘУІТҰЛЫ